Аймақтар • 25 Қыркүйек, 2019

Ұмтылған жас ұтады

225 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Екі қолға бір күрек таба алмай отырған ауыл тұрғындарының алға ұмтылуына демеу болатын шарапатты шаруаның бірегейі – шағын несие. Мемлекет тарапынан әлеуметтің әлеуетін арттыруға бағытталған бес бастаманың бірі – шағын және орта кәсіпті дамыту.

Ұмтылған жас ұтады

Ауылда түтін түтетіп қалған жас толқын­ның басым бөлігі бүгінге дейін белгілі бір кәсіптің тұтқасын ұстауға қауқары жетпей келді. Тілдесіп пікір алмасқанда айтар уәжі – бастапқы қаржының болмауы. Егер сәл ғана демеу болса, кез келген пайдалы істі дөңгелетіп әкетпек.

– Биыл Жастар жылы болғандықтан, келешегіміздің көсегесін көгерту жайын көбі­рек ойлау керек, – дейді ел ағасы Берік Сүлейменов. Біздің осы Есіл ауданында ста­тис­тикалық деректерге қарағанда, үш мың­нан астам жас бар екен. Қаншама қайрат, жігер жұмсалар жерін таппай, босқа жатыр. Ең алдымен бұл жастар алдыңғы толқынның еңбекке деген ұмтылысы мен құлшынысын көрмей өсті. Бір кезде еңбек адамын дәріптеу, мысал ету туралы жап-жақсы айтылып еді. Кейін сұйылып кеткен тәрізді. Қарапайым еңбек адамдарының қарекетін көрсетсек, үлгі-өнеге болар еді.

Аудандағы ақсақал айтқан үш мыңнан астам жастың үстіміздегі жылы 61-і ғана «Жас кәсіпкер» жобасы бойынша оқуға жіберіліпті. Ал қалғаны ше? Олар әлі мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қаншама қамқорлықтан қағыс қалып жатыр. Өздерінің кежегесі кейін тартып тұрып, өзгені күстәналау осындайдан өрбиді.

– Жоба бойынша оқуға жіберілгендердің 51-і арнайы курсты тәмамдаса, 31-і жеңіл­де­тіл­ген несиеге ие болды, – дейді Есіл ауданы әкімінің орынбасары Айдар Байманов.

Айналысқан адамға кәсіп түрі де аз емес. Мәселен, Зеренді ауданына қарасты Қанай би ауылында сегіз жас жеңілдетілген несие алып, жаңа кәсіптерін дөңгелетіп отыр. Тіпті ауылда бұрын-соңды бола қоймаған шаштараз да бар. Ал Дәулет Қасымов есімді азамат бал арасын бағып, табыс табуда.

– Қазір ауыл жастары несие алып, несібесін арттырып жатқандарға қызыға қарап отыр, – дейді Қанай би ауылдық округінің әкімі Нұржан Жетенов. Бірінің жетістігін бірі көріп, тырбанып тіршілік етсе, жалғыз ауылдың ғана емес, тұтас еліміздің де әлеуеті арта түспей ме?!

Біздіңше, мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау түрлерін жергілікті әкім­дік­тер халыққа түсіндіріп айту жағын әлі де ширата түсуі қажет. Ауыл жастарымен сөйлес­­кенімізде, шарапаты мол жоба жайлы естіп білмейтіндері де көп кездесті. Ел газеті арқылы ел құлақтансын деп біз де бір ауыз сөз арнағанды жөн көрдік.

 

Ақмола облысы