Аймақтар • 25 Қыркүйек, 2019

Қарағандыда жылу 28 қыркүйектен бастап беріледі

212 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ауа райын болжаушылар ұсынған мәліметтер бойынша жақын күндері Арқа төсінде күн күрт суытуы мүмкін екен. Осыған орай Қарағанды қаласында жылыту маусымы биыл ерте басталмақшы. Бұл туралы облыстық аппарат жиынында қала әкімі Нұрлан Әубәкіров мәлімдеді.

Қарағандыда жылу 28 қыркүйектен бастап беріледі

Сонымен қатар, ол қаладағы №1 және №3 жылу электр стансаларында негізгі әзірлік жұмыстарының толығымен аяқталғанын хабарлады. Инженерлік желілер де маусымға сақадай сай дайын. Облыс орталығындағы 2365 тұрғын үйдің 2316-і жылу беруге дайындық актісін алған. Қалған 49 көпқабатты тұрғын үйде жылу және сумен қамтамасыз ету жүйелерін жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Дайындық төлқұжаттарын олар алдағы 10 күнде алуы тиіс.

Қала әкімі хабарлағандай, жылу бірінші кезекте Пришахтинск және Сұрыптау елді мекендерінің тұрғындарына беріледі. Содан кейін қаланың қалған аудандары орталық жүйеден жылу ала бастайды.

Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек жылыту маусымының басталуына аз уақыт қалғанын және мұның қысқы кезеңдегі аса маңызды шаруалардың бірі екенін тағы бір мәрте еске салды.

– Дайындық жұмыстарының белгіленген мерзімде жүргізілгенін көріп отырмын. Энергетика басқармасының жылыту маусымының басталуын жіті бақылауға алуын сұраймын, – деп атап өтті облыс басшысы.

Облыстық энергетика және ТКШ басқармасының басшысы Ұлантай Үсенов Шахан және Ақадыр кенттеріндегі қазандықтар құрылысының жұмыстары кесте бойынша жүргізіліп жатқанын баяндады. Бүгінгі күнде Ақадыр кентінде қазандық жабдықтары мен инженерлік желілер құрастырылған. Ал Шаханда құрылыс-құрастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Құрылыс басында барлық қажетті техника мен жұмысшы күші бар. Қазір жер қазандығы, сондай-ақ қазандықтар негізін салу жұмыстары жүргізілуде.

Теміртау қаласындағы ЖЭО-2-нің жылыту маусымына дайындығы ерекше бақылауға алынған. Турбоагрегаттар мен қазандықтарды жөндеу бойынша барлық жұмыстар кесте бойынша орындалады деп сендірді Ұлантай Үсенов.

Жиында өңір басшысы коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктерге арналған көмір қорының көлемі туралы да сұрап білді. Қазір өңірдің барлық елді мекендерінде шілде айынан бастап отынның қатты түрі сатылуда. Сауда нүктелерінде кезек пен дүрлігу жоққа тән. Облыс тұрғындары Шұбаркөл көмірінің тоннасын 10 100 теңгеге сатып ала алады, ал «Сәт Көмір» маркалы көмірдің бағасы 6000-6500 теңгені құрайды.

Жиын соңында облыс әкімі көмір бағасының аяқ астынан негізсіз қымбаттап кетпеуін бақылауға алуды тапсырды.