Қоғам • 25 Қыркүйек, 2019

Алтай Көлгінов қала тұрғындарын қабылдады

384 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов 27 адамды қабылдады. Негізгі сұрақтар тұрғын үй бағдарламаларына қатысу, жұмысқа орналасу, балаларды білім беру мекемелеріне айқындау, білім алу және т. б. қатысты болды, деп хабарлады елорда әкімдігінің баспасөз қызметі.

Алтай Көлгінов қала тұрғындарын қабылдады

Әкімнің азаматтарды жеке қабылдауы барысында әйелдер мессенджерде бірнеше чаттарда тұратынын атап өтті. Чаттағы админ тұрғын үйге кезекте тұру туралы жалған ақпарат таратқан.

«Чатта егер біз алаңға шықпасақ, бізді топтан шығаратындарын және де бұдан былай еш тұрғын үй бағдарламасына қатыса алмайтындығымыз туралы айтылды. Кезекке сәйкес пәтер берілмейтіндігі туралы да айтылды. Сол күні балам ауырып, алаңға шықпадым. Алаңға шықпағаныма қуанамын. Олар бізді пайдалана отырып, өз мәселелерін заңсыз жолмен шешкісі келді. Содан кейін админ чаттан шығып кетті. Қазір мессенджерлерде таратылатын ақпаратқа сенбейміз, барлық ақпаратты дұрыстап тексереміз. Өйткені, ешкім кезектен тыс баспана ала алмайды», деді қала тұрғыны.

Қабылдауға келгендерге нақты ақпаратты тек мемлекеттік органдардан және «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығында алуға болатыны айтылды. Азаматтарды қабылдау жүйелі түрде аудандық әкімдіктерде және «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығында өтеді. Орталықта «бір терезе» қағидаты бойынша 70-тен астам мемлекеттік қызмет көрсетіледі.

Қала әкімі Алтай Көлгінов  ерекше қажеттілігі бар балалардың ата-аналарымен кездесті. Кездесуде баспана, оңалту орталықтарынан ем алу мен инватакси жетіспеушілігі бойынша мәселелер көтерілді. Елорда әкімі А.Көлгінов мүмкіндігі шектеулі балалары бар аналардың сұрақтарын мұқият тыңдап, жағдайды былайша түсіндірді:

-Біріншіден, баспана мәселесі өте күрделі. Қаламызда тұрғын үйге сұраныс өте жоғары. Осы мәселені ескеріп, Мемлекет басшысы қолжетімді баспана бұрынғыдан үш есе көп салуды тапсырды. Әкімдікте үй кезегі қатаң сақталады. Өзгелерге кезексіз шешіп берді деген қауесетке сенбеңіздер. 47 600 адам үй кезегінде тұр. Кезексіз үй берілсе, заңға бағынып кезегін күтіп отырған азаматтардың құқығын қалай аяқ асты етеміз? Сондықтан барлығын заң аясында қарастырамыз. Нақты айтарымыз - бір күнде баспана мәселесін шешеміз деп құрғақ уәде бермейміз. Екіншіден, қаламызда екі бірдей оңалту орталығы салынады. Біреуі мемлекет қаржысына, екіншісі жеке инвестор есебінен ашылып, сіздердің балаларыңызға қызмет көрсетеді. Сонымен қатар, ипподромның аумағында иппотерапия орталығы бой көтереді. Бұл сіздердің балаларыңыз үшін үлкен қолдау болады. Үшіншіден, сұранысқа сәйкес қаламызда инватаксилердің санын көбейтеміз. Төртіншіден, ерекше қажеттілігі бар балаларыңызды арнаулы балабақшаларға орналастыруға көмектесеміз. Бесіншіден, сіздердің мәселелеріңізді шешуден бас тартпаймыз. Өздеріңіз сияқты азаматтар қабылдауымызда жиі болады. Жақында Президенттің тапсырмасына сәйкес «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығын аштық. Сол орталықта сұрақтарыңыздың бәріне жауап табасыздар. Біз де сол жерде тұрақты қабылдаулар өткіземіз, - деді А.Көлгінов.

21-23 қыркүйек аралығында елорда әкімі А. Көлгінов азаматтарды 68 адамды жеке қабылдады. Үш айдан аз уақыт ішінде елорда әкімі 445 адамды қабылдады.