Спорт • 25 Қыркүйек, 2019

Футзал: Еуропа чемпионаты Голландияда өтеді

248 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

УЕФА-ның атқару комитетінің шешімі бойынша футзалдан 2022 жылғы Еуропа чемпионаты Голландияда өтетін болды. 

Футзал: Еуропа чемпионаты Голландияда өтеді

Айтулы жарыс 1996 жылдан бері үздіксіз ұйымдастырылып келеді. Алғашқы қос жарыс Испанияда өтті. Бұл бәсекелерді Гранада (1996 жыл) мен Кордова (1999 жыл) қалалары қабылдады. Одан кейінгі біріншіліктер Мәскеуде (Ресей, 2001 жыл), Аверса мен Казерта (Италия, 2003 жыл), Острава (Чехия, 2005 жыл), Гондомар мен Санту-Тирсу (Португалия, 2007 жыл), Будапешт пен Дебрецен (Венгрия, 2010 жыл), Загреб пен Сплит (Хорватия, 2012 жыл), Антверпен (Бельгия, 2014 жыл), Белград (Сербия, 2016 жыл) және Любляна (Сербия, 2018 жыл).  

Осы жарыстарда бас жүлдені ең көп олжалаған команда – Испания құрамасы. Пиреней түбегінің түлектері жеті рет жеңімпаз атанды. Италия екі мәрте теңдессіз деп танылса, Ресей мен Португалия бір реттен топ жарды. Қазақстан құрамасы 2016 жылғы додада қола медальді иеленсе, 2018 жылғы жарысты төртінші орынмен қорытындылады.

2022 жылғы Еуропа чемпионаты 19 қаңтар мен 6 ақпан аралығында «Амстердам Арена» мен «Гронинген Арена» спорт кешендерінде өтеді. Бұл додада 16 команда шеберлік байқасады.