Әдебиет • 25 Қыркүйек, 2019

Көркем аударманың жайы алаңдатады

645 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

25-27 қыркүйек аралығында өтетін ПЕН клуб жазушыларының екінші халықаралық форумы Алматыда өз жұмысын бастады. Қазақ ПЕН клубы ұйымдастырып отырған әдебиет үшін маңызы зор әлемдік шараға 18 мемлекеттен 81 делегат келді. Форум қонақтары ретінде АҚШ, Германия, Түркия, Ресей, Англия, Моңғолия, Марокко, Литва, Өзбекстан, Әзірбайжан, Қырғызстан және тағы басқа елдердің қаламгерлері, аудармашылары, сыншылары мен публицистері шақырылды. Осылайша Алматы тағы да әдебиет туралы маңызды әңгіменің орталық-өзегіне айналды.

Көркем аударманың жайы алаңдатады

Жазушылардың өткен жылғы форумымен салыстырғанда, бұл екінші халықаралық форум айтарлықтай айырмашылыққа ие. Ең алдымен, көтеріп отырған тақырыбымен ерекшеленеді. Әлемнің әр елінен келіп бас қосқан әдебиетшілер өте өзекті мәселені, әсіресе біздің еліміздің қаламгерлері үшін маңызы зор көркем аударма мәселесін талқылайды.

Алғашқы баяндаманы жасаған Халықаралық қазақ ПЕН клубының президенті, форумды ұйымдастыру комитетінің төрағасы Бигелді Ғабдуллин халықаралық жиынның мақсатын түсіндіре келе, бүгінгі қазақ әдебиеті бастан кешіп отырған дағдарыс пен тоқырау салдарының сан жылдарға созылып бара жатуының негізгі себептерін саралады. Оның басты себебі – аударма ісінің ақсауы. Талантты қолдан шыққан тәржіманың келмеске кетуі талай классик жазушыны тасада қалдырды.

Қолына қалам ұстаған кез келген жазушы күндердің күнінде аударма мәселесімен бетпе-бет кездеседі. «Жазушылар ұлттық әдебиетті жасаса, аудармашылар әлемдік әдебиетті жасайды» деген сөз бекер айтылмаған. Ұзақ уақыт бойы қазақ әдебиетінің бірегейлік қасиеті көпұлттылық идеясын ұстанған саясаттың көлеңкесінде қалып келді. Қазақ қаламгерлерінің шығармаларын шет тіліне аудару ісі өте баяу жүрді. Тәржіма мәселесі туралы айтылып, қолға алына бастаған кезі кешелі-бүгін ғана. Нью-Йоркте ағылшын тілінде қазақ әдебиетінің классигі Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен тер» кітабы жарық көрді. Сондай-ақ қазақ ПЕН клубы тағы да он кітаптың, оның ішінде, М.Мақатаевтың өлеңдер топтамасы, Б.Соқпақбаевтың,  О.Сүлейменовтің, С.Елубайдың, Ә.Кекілбаевтың, Г.Бельгердің, О.Бөкейдің және М.Әуезовтің таңдамалы шығармаларының аудармасын ұйымдастырды. Қазақ ПЕН клубы қазақ әдебиеті классиктерінің шығармаларын ағылшын тіліне аударуды кездейсоқ қолға алған жоқ. Кеңес Одағы ыдыраған соң бүкіл әлемде пост кеңестік елдер қаламгерлерінің шығармаларына қызығушылық күрт кеміді. Соңғы 25 жылда екі-үш қазақ қаламгерінен өзгесі әлемдік деңгейге шыға алмады. Шындықтың жүзіне тура қарасақ, ағылшын тілі әлемдік байланыс, қарым-қатынас тілі ғана емес, жалпы әлемдік мәдениет тіліне айналып отыр. Ал бүгінгі әлемнің рухани-мәдени мазмұны өткен кезеңге қарағанда сан қатпарлы. Ағылшын тілі әдебиетке осы үшін керек.

Б.Ғабдуллин танымы ұлттық құндылықтан нәр алған, ой жүйесі  қатпар-қатпар, пәлсапалық орамға негізделген, тілі құнарлы келетін қазақ қаламгерінің шығармасын шет тілге аудару оңай-оспақ шаруа емес екенін орынды еске салды. Ортаңқол түгілі, «мен» деген кәсіби шебердің өзіне құрық салдыра қоймайтын образға, ойға, стильге құрылған қазақ жазушыларының шығармалары нақты әрі дәйекпен жазылатын еуропалық, батыстық әдебиетпен салыстыруға келмейді. Қазақ тілін аудармаға икемдеу үшін тәжірибемен шыңдалған дайындық керек. 

Қазақ ПЕН клубы кітаптардың қағаз нұсқасын ғана шығарып қоймай, электронды нұсқамен Амазон желісі арқылы сата бастағанын айтты. Кітапты басып шығару бір мәселе, түпкі мақсат – кітапты шетелдік оқырманның қолына тигізу. ПЕН клуб президенті бұл мәселені бес бағытта шешуге талпынатынын жеткізді.

«Қазақстан үкіметі аудармаға қаржы бөліп жатыр. Мойындалған қаламгерлердің шығармалары әлемнің жетекші алты тіліне аударыла бастады. Жақсы бастама. Мәдениет және спорт министрлігі Президент Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімінің келісімімен шет тіліне аударылатын қаламгерлердің тізімін жасады. Мемлекеттің жауапкершілігі мол міндетінің тапсырыс берушісі Нұр Сұлтан және Алматы қалаларындағы Ұлттық кітапханалар болды. Олар мемлекеттік тапсырысты орындау үшін тендер жариялады. Алайда қазақ әдебиетінің шығармаларын аудару құқығын осы тендерді ұтып алған ұйымдарға тапсырылған. Қысқасы, аудармашылардың, редакторлардың кәсіби  қабілетін ешкім ескермеген. Сондықтан бірде-бір адам ең басты сұраққа, «бұл кітаптардың аударылу сапасы қандай деңгейде, ол әлемдік оқырманды тарта ала ма?» деген маңызды сұраққа бас қатырмаған» дейді Б.Ғабдуллин. Осыған байланысты Б.Ғабдуллин мынандай мысал келтірді. Өткен жылдары Испанияның белгілі жазушысы әрі беделді аудармашысы біздің елімізге сапарлап келеді. Сонда «Ақ боз үйі» испан тіліне аударылған Смағұл Елубай: «менің кітабым испан тіліне қалай аударылыпты? Оқып, ойыңызды айтыңызшы» деп кітабын әлгі жазушыға ұсынады. Кітаппен танысып шыққан испан жазушысы: «кешіріңіз, бұл испан тілі емес. Мұны испан тілін білмейтін адам аударған. Шығарма гуглмен аударылған», дейді. «Міне, мемлекеттің ақшасы осылай құмға кетіп жатыр», деді ПЕН клуб президенті дабыл қағып. Қандай кітап қай тілге аударылады – бұл да маңызды сауалдардың бірі.

«Әдебиет – халықтың жаны» деп тегіннен тегін айтылмаған. Тілі, тегі, діні, ділі бөлек халықтарды оның үздік әдебиетінсіз тану мүмкін емес. Екі арадағы алтын көпір міндетін аудармашы атқаратын болғандықтан, сапалы тәржіма жайы күн сайын айтылып отырса да, артық емес. Халықаралық форумның мақсаты да сол – жазушы үшін ғана емес, ел үшін де жауапкершілігі ұшан-теңіз нәзік мәселені көп болып талқылап, ортақ ұйғарымға келу.

Смағұл Елубайдың айтуынша, аударма – қазақ әдебиетінің бетке ұстар жазушыларын не мақтайтын, не таптайтын деңгейде шетелдік оқырманға жеткізетін өнер. Мақталып жатқанын оқырман құлағы көп естімейді, ал тапталғаны туралы мысалдар бар. Өз шығармасының басынан өткен сорақылық «Рухани жаңғыру» бағдарламасы қолға алынбай тұрған кезде, аударма ісі мемлекет тарапынан қолдау көрсетілмеген тұста болған жағдай екенін атап өтті. «Ұлттық аударма бюросы» қызметі де аударма ісінде осындай олқылық орын алмау үшін қолға алынды деп ойлаймын. Аударылатын кітап өз еліндегі оқырмандардың бағасын алған, уақыт сынынан өткен кітап болу керек. Өз елінде мойындалмаған шығарманы шет ел қалай мойындамақ? Осы таңдаудан өткеннен кейінгі үлкен сұрақ: «аударатын адам кім?» болуы керек. Шетелде бұл мәселемен әдеби агенттіктер айналысады, еңбегі үшін ақы алатын болғандықтан, шығарма аударылғаннан бастап жарыққа шыққанға дейінгі жауапкершілікті толықтай мойнына алады. Ал Қазақстанда әдеби агентттің кім екенін, агенттіктің не екенін білмейтін жазушылар да бар», дейді қаламгер.

Қазақ елінде өтетін әдебиеттің ауқымды жиынын, әрине, тарлан ақын Олжас Сүлейменовтің қатысуынсыз елесту мүмкін емес. Әлемдік кеңістікте өтетін талай әдеби басқосуларға қатысып жүретін ақын дүниежүзілік әдебиеттің ахуалын, бүгінгі деңгейін бір қаламгердей сезінетінін байқатты. «Қазақстан Жазушылар одағы және ПЕН клуб. Бір-біріне бәсекелес пе, әлде бірін-бірі толықтыра ма, нәтижесін уақыт көрсетеді. Артта қалған отыз жыл Жазушылар одағы үшін керемет болды деп айта алмаймын. Бұл бір бұйығып жатқан кезең секілді көрінеді. Оның көптеген себептері болды, ол туралы Нұр Сұлтанда өткен әдебиетшілердің әлемдік форумында айттым. Аудармаға бөлінген мемлекет қаржысы орынды жұмсалуы керек. Бірақ тендер ойнатып, төмен ақыға келіскендерге әдебиеттің тағдырын, аударманы сеніп тапсыру ақылға сыймайды. Әдебиеттің мәселесін осындай жолмен шешуге бола ма? Аудармашы әлсіз болған соң еңбегін төмен бағалап тұр. Осыны түсінбегеніміз өкінішті», деді Олжас Омарұлы ренішін жасыра алмай. О.Сүлейменов ПЕН клубтың бағытын қолдайтынын білдірді. Аударманың сапасына ақын мен жазушының, тұтас шығарманың тағдыры байлаулы екенін мына бір мысалмен дәлелдей түсті. Ресейдің теңдесі жоқ прозаигы, Кеңес Одағының 1960-80 жылдар аралығындағы кезеңінде жарқырай көрінген Юрий Козаковты еске алды. Ол кеңестік республикаларды өзі аралап, аударылуы қажет автор мен шығарманы өзі іздейді екен және іздеп жүріп, ең қалың деген романды таңдап алатын көрінеді. Себебі, кереқарыс кітапқа төленетін қаламақының да жоғары болатыны белгілі. Сөйтіп ол Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен терін» таңдап алады. Кітап аударылып жарыққа шығады. Расында да, түпнұсқадан әлдеқайда қалыңдау болып жарияланады, Козаков та қаламақының астында қалады. О.Сүлейменовтің айтуынша, Ю.Козаковтың аудармасы – нағыз сапа кепілі. Аудармашының деңгейі, беделі өз рөлін атқармай қоймайды. «Қан мен тер» Мемлекеттік сыйлық алды. Француздың атақты жазушысы Ә.Нұрпейісовтің шығармасына тамсанып тұрып пікір айтты. Козаков қазақ қаламгерінің шығармасын биік деңгейге алып шықты. «Екінші Козаков енді қайтып тумайды», деді Олжас ақын. Ол сондай-ақ «кімдер аударылуы керек?» деген әңгімені де қозғады. Қазақ әдебиетін жаңа, биік белесіне көтеріп кеткен отызыншы жылдардың құрбандары Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, Жүсіпбек Аймауытовтардың шығармаларын аудару  ісі ұмыт қалмауы тиіс. Ақынның айтуынша, олардың  «атылып кеткенінің» өзінде оқырман тартатын күш бар.

Қазақстандағы әдеби үрдісте бүгінгі қазақ қаламгерлерінің әлемдік әдебиетпен байланысының нашарлығы сезіледі. Бұл қазақ жазушыларының белгілі бір дәрежеде сыртқы әлеммен байланысын жоғалтып алуымен де түсіндіріледі. Ұлттық әдебиеттің шет тіліндегі сапалы аудармасы болмағандықтан, біздің әдебиетімізге қызығушылық та төмендеп кеткен. Бұған қоса, біздің қаламгерлеріміздің дені шет тілін білмейді, осыдан келіп әлемдегі әдеби үрдісті шынайы бағалаудың мүмкіндігі шектеледі.

Б.Ғабдуллиннің пікірінше, әдеби форум осындай қолайсыздықтарды болдырмауға, жазушылардың бір-бірімен жақынырақ танысып, араласуына мүмкіндік тудырады. Осындай жиын үстінде бір-бірінің шығармашылығына кәсіби қызығушылық танытып, басқа елдердің заманауи әдебиетін көбірек танып, өздеріне аудармашылар таба алады.

Мұндай ауқымды шара Алматы қаласы әкімдігінің қолдауынсыз өтуі мүмкін емес еді. Форум Елбасының мемлекеттік «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруға бағытталып отыр. Бағдарламада «Егер біз ұлт болып қалғымыз келсе..., «Жаһандық кеңістіктегі заманауи қазақстандық мәдениет» деген тағы бір жобаны жүзеге асыруға тиіспіз» делінген. Қазақ ПЕН клубы мен қала әкімдігі нақ осы тапсырманы негізге алғанын атап өтті.

АЛМАТЫ