Аймақтар • 25 Қыркүйек, 2019

Қарағанды облысында үшінші күн электр стансасы салынды

344 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Шет ауданындағы Ақадыр кентінде қуаты 50 МВт болатын күн электр стансасы пайдалануға берілді. Аумағы 125 гектар жерді алып жатқан нысанда қуатты қосалқы стансалар мен 150 мың гелиопанель орнатылған. «Ақадыр» деген атау алған күн электр стансасы Қарағанды облысы әкімдігінің «Kazakh Invest» ҰК» АҚ-мен бірлескен жұмысының нәтижесінде немістің Solarnet Investment GmbH компаниясының жеке инвестицияларына салынды.

Қарағанды облысында үшінші күн электр стансасы салынды

Жобалық құны 55 млн еуро болатын күн электр стансасының ашылу салтанатында сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Алмас Айдаров Елбасының Қазақстандағы баламалы энергия көздерінің үлесін 30%-ға жеткізу жөніндегі тапсырмасын орындау ісінде ауыз толтырып айтар нәтижелердің барлығын атап өтті.

– Біз облыста үшінші ірі күн электр стансасын іске қосқалы тұрмыз. Бұл жоба өңіріміздің өнеркәсібін дамыту үшін өте маңызды. Күн энергиясын дамыта отырып, біз қуат тапшылығын еңсеріп қана қоймай, экологиялық мәселелерді де шешуге мүмкіндік аламыз, – деді ол.

Жаңадан іске асырылған жобаның бас инвесторы Йохим Голдбек «Ақадыр» КЭС-тің өнімділігі сағатына 25 МВт энергияны құрайтынын, алдағы уақытта оның қуаттылығын  76 МВт-қа дейін арттыру жөнінде келісімге қол жеткізілгенін мәлім етті.

– Бұл біздің Қарағанды облысында іске қосып отырған екінші күн электр стансасы. Аталған жобалар неміс инвесторлары мен облыс әкімдігінің және «Kazakh Invest» ҰК» АҚ-ның бірлескен жұмысының арқасында мүмкін болды, – деді бас инвестор.

Биылғы жылдың басында Қарағанды облысының әкімдігі еуропалық инвесторлармен баламалы энергетиканы дамыту жөнінде меморандумға қол қойған болатын. Бүгінгі күн тұрғысынан қарағанда, бұл келісімдер сөзден іске айналып, белгілі бір дәрежеде жемісті нәтиже бере бастады. Мұның өзі алдағы уақытта күннен алынатын энергияның қуатын 500 МВт-қа жеткізуге және  шетелден 500 млн еуро көлемінде инвестиция тартуға мүмкіндік береді.

 Негізі, Қарағанды облысын жаңартылған энергия көздерін енгізу бойынша елімізде көшбасшы өңірге айналды деп сеніммен айтуға болады. Бұған дейін облыстың Саран қаласы мен Гүлшат кентінде екі күн электр стансасы салынып, қазіргі уақытта олар қалыпты жұмыс істеп тұр. Енді бұл екеуіне «Ақадыр» КЭС-ті қосқанда, өңір бойынша өндірілетін «жасыл» энергияның жалпы қуаты 200 МВт шамасында  болады деген болжам бар.