Президент • 26 Қыркүйек, 2019

Дәрігерлерге қатысты істі тексеруді тапсырды

258 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Нью-Йоркте сапармен жүріп, Алматыдағы 4-ші қалалық аурухананың бас дәрігері және анестезиологының тұтқындалуы жөніндегі медицина қауымының өтініш-тілектерін оқыдым. Германия ауруханасында жасалған отадан соң қайтыс болған науқастың өлімін Заңға сәйкес тексеруді тапсырдым. Бұл мәселе Президент Әкімшілігі, Денсаулық сақтау министрлігі, Алматы қ. әкімінің бақылауында», деп жазды Мемлекет басшысы.

Дәрігерлерге қатысты істі тексеруді тапсырды

Мемлекет басшысының жазбасынан кейін көп ұзамай Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов та twitter парақшасында осы іске қатысты жазба жариялады. Онда «Президенттің тапсырмасы бойынша мәселені жеке бақылауға алдым. Барлығы заң аясында болатынына сенімдімін. Әріптестерімнен сабыр сақтап, ортақ миссияны әрі қарай жалғастыруларын сұраймын» делінген.

Оқиға туралы қысқаша баяндайтын болсақ, отандық БАҚ-тарда Алматы қаласындағы №4 аурухананың дәрігері Қанат Тезекбаевтың тұтқындалуына байланысты оның жұбайы Дина Тезекбаеваның ашық хаты жарияланды. Мемлекет басшысының атына жазылған ашық хатта айтылғандай, 2019 жылғы шілде айында жол апатына ұшыраған Нұрсұлтан Күдебаев №7 ауруханаға, артынша №4 ауруханаға жеткізіліп, сол жерде операция жасалған. Артынша Германиядағы ауруханаға жіберілген Н.Күдебаев Алматыдағы операциядан кейін 26 күн өткенде сол жақта қайтыс болды. Н.Күдебаев Алматы қаласы Ішкі істер департаментінің басшысы Серік Күдебаевтың ұлы екенін айта кетейік.

Н.Күдебаев қайтыс болғаннан кейін Қанат Тезекбаев №4 аурухананың бас дәрігері қызметінен босатылып, ешқандай түсіндірусіз, кепілмен босату құқығынсыз тұтқынға алынған. Дәрігер Қанат Тезекбаев Н.Күдебаевқа жасалған операцияға тек екі көмекшінің бірі ретінде қатысқаны, операцияны жасауға және нәтижесіне тікелей жа­уапты болмағаны туралы да ашық хатта жазылған. №4 қалалық аурухананың қызметкерлері де тұтқынға алынған Қанат Тезекбаев пен анестезиолог Асқар Тұңғышбаевтың өз ісіне берілген білікті мамандар екенін айтып, тергеудің әділ жүргізілуін сұрап, ашық хат жариялады.

Қ.Тоқаевтың твиттер жазбасынан кейін көп ұзамай кеше кешқұрым Қанат Тезекбаев ешқайда кетпеу туралы тілхатпен босатылды.