Қоғам • 26 Қыркүйек, 2019

Әлеуметтің әлеуеті – маңызды мәселе

627 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Халықтың әлеуметтік мәселесіне назар аудару мемлекеттік саясаттың басым бағытына айналды. Әділін айтқанда, елімізде әр азаматтың тұрмыс-тіршілігі мен игілігі үшін тиісті бағдарламалар қабылданып, жұмыс жүйелі жүзеге асуда.

Әлеуметтің әлеуеті – маңызды мәселе

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Сын­дарлы қоғамдық диалог – Қа­зақ­­станның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында халықтың әлеу­меттік мәселесіне басым­дық берді. Жекелеген азаматтардың өтініш-тілектері мен талаптары міндетті түрде орындалатынын мәлімдеді.

Расында, халыққа қызмет етуден асқан ғазиз нәрсе жоқ. Жұрттың қарапайым та­лап-тілегін орындау – кез келген салаға жауапты тұлғаның асыл борышы. Ардақты пай­ғам­барымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәле­мі болсын): «Араларыңда ең жақ­сыларың – айналасына пайдалы болғандарың», деп қоғамға шуағын шашып, жақсылығын жайып жүретін көпшіл кісінің мәртебесін ерек­­ше атап өткен.

Осындайда халық дана­лығында айтылатын:
«Жаман ердің қайғысы,
Өз отының қасында.
Жақсы ердің қайғысы,
Ауылының басында», деген орамдар ойға оралады...

Президент қазақ халқының мемлекет құраушы ұлт ретін­дегі рөлін бекемдеп, этносара­­лық татулық пен дінаралық түсі­ніс­тікті қалыптастыра беру қа­­жет­тігін атап өтті. Расын­да, бұл – өте өзекті мәселе. Біз тәуе­л­сіздік жылдарында қандай асу­­дан асып, нендей белесті ба­ғын­дырсақ та бірлігіміздің ар­қа­сында қол жеткіздік.

Қасым-Жомарт Тоқаев әлем мойындаған ғұлама әл-Фара­бидің 1150, һакім Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай тұлғаларымыздың еңбек­терін халық арасында дәріп­теу­ді тапсырды. Бұл бастаманы еліміздегі дін ғалымдары мен мұсылман қауымы да үлкен қуанышпен қабылдады. Ислам дінінің адамгершілік құндылықтарын насихаттауда әл-Фараби, Абай, Шәкәрім, т.б. тұлғаларымыздың өмірі мен өшпес мұрасы құнды құрал бола алады.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бірнеше жылдан бері «Дін мен дәстүр жылы» бастамасы аясында уағыз-насихат жұмыстарында қазақ халқының би-шешендері мен ақын-жырауларының, ғұлама ғалымдарының ұла­ғатты сөздерін, тағылымды тұжырымдарын насихаттап келеді. Бұл игі іс әрдайым жал­ғасын таба бермек.

Мемлекет басшысы Жол­дауда экономикалық әлеуеті­мізді арттырумен қатар, білім сапасын көтеруге айрықша мән берді.

Иә, білім – баға жетпес қазы­на. Ілімсіз өркениет жоқ. Бүгінде күш пен қуат – білім­де. Ғылымнан асқан қымбат дүние жоқ. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Білім мен хикмет мұсылмандардың жоғалтқан қазынасы, қай жерден тапса да иемденіп алсын», деген. Оқу орындарында оқып жүрген ұл-қыздарымыз, бауырларымыз ел-жұртқа пайда әкелер білім іздесе, әлемнің ең озық технологияларын үй­реніп, оны өзгеге үйретсе, елге қосқан үлесі осы болмақ.

Алла тағала мемлекетіміздің болашағын баянды етіп, халық­тың әл-ауқатын көтеру жолын­дағы игі істерімізге береке бергей! Әмин!

Серікбай қажы ОРАЗ,
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы,
Бас мүфти