Экономика • 26 Қыркүйек, 2019

Жеке кәсіп бастауға жол ашады

570 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ел азаматтарының әл-ауқатын қолдау мақсатында қазіргі кезде барлық өңірде атаулы әлеуметтік көмек алатындар тиісті мекемелерде тіркеліп, айлық табысы кедейлік шегінен төмен екенін құжат түрінде анықтап, мемлекет тарапынан ақшалай төлемдерін ала бастады.

Жеке кәсіп бастауға жол ашады

Алматы қаласы Әлеумет­тік әл-ауқат басқармасы бас­шысының міндетін атқа­рушы Данияр Әлкебайұлының айтуынша, 10 мыңнан астам отбасы атаулы әлеуметтік көмек алатындар тізімінде. Бұл төлемдер аз қамтылған және көп балалы отбасыларға маңызды көмек болды. Мемлекеттік қолдау арқылы зәру отбасылардың жағдайы біршама тұрақтанған.

Атаулы әлеуметтік көмек алатындардың еңбекке жарамдысы «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына орай жұмыспен қамту шараларын пайдалануға мүмкіндігі бар. Нәтижесінде тұрақты және уақытша жұмыс орындарына жұмысқа орналасуға, еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша қысқа мерзімді кәсіби курстардан өтіп, бизнес жобаларын іске асыру мүмкіндіктері қарастырылған. Осы бағыттағы жобалар үшін 200 АЕК – 505 мың теңге көлемінде грант беріледі.

Алматылық жалғыз басты ана Зәуреш Жүсіпова мем­лекеттік қолдауға ие бол­ғандар қатарында. «Шебер» орталығында тігінші маман­дығын игерген Зәурешке де әлеу­меттік көмек тағайын­далған. Тігіншілікті қажетті кәсіп деп санайтын Зәуреш ендігі кезекте бизнес жоспарын жасап, жеке кәсібін ашуды жоспарлап отыр. Ал үш баланың анасы Анар Қылы­шева отбасының жалғыз асыраушысы. Бақылаушы-кассир қысқа мерзімді курсынан өткен Анарға 77 186 теңге көл­е­мінде әлеуметтік көмек тағайын­да­лып, қазіргі кезде отбасы мек­тептің қажеттіліктерін алып, жағдайын біршама жеңілдетті.

Мемлекеттік бағдарламаны тиім­ді пайдаланып, туризм­ агент­­тігінде тәлім ал­ған Аль­бина Әмренова да кәсіп­керлік­пен айналысуды мақсат етеді. Оның айтуынша, жұмыспен қамту орталығынан берілген нақты көмек жаңа мамандық алып, заманауи ақпараттарды игеріп, өзін өзі дамытуға зор мүмкіндік беріп отыр.

Сонымен қатар 2 жас пен 17 жас аралығындағы баласы бар көп балалы ана Сымбат Абатоваға да әлеуметтік көмек тағайындалыпты. Отағасының жұмыс істегеніне қарамастан, келетін табыс жеткілікті бол­мағандықтан отбасына көмек ретінде берілген 67 604 тең­генің пайдасы әжептәуір. Ал Сымбат Жұмыс беру орта­лығына тіркеліп, аспазшы ма­ман­дығы бойынша қысқа мерзімді курстан өткен. Қазіргі кезде Алматы мемлекеттік биз­нес колледжінен сертификат алып, өз кәсібін ашу үшін бизнес жоспарын жасауда. Сонымен қатар Жұмыс беру орталығында тіркеліп, кейіннен «Агропромэнергоснаб-1» ЖШС жұмысқа орналасқан. Мек­тепке дейінгі 1, мектеп жа­сын­дағы 3 баласы бар көп балалы ана Вик­тория Филлипович ағым­дағы жылдың мамыр айынан бастап әлеуметтік көмек ала бас­таған.

Ал соңғы кездері мемлекеттен берілетін әлеуметтік кө­­мек­ке зәру отбасылармен қа­тар өз табысын жасырған, жағ­­дайы бар азаматтардың алып жатқандығы жайындағы деректер анықталуда. Мұндай кереғар әрекеттер қоғамды алаңдатуымен қатар, жалған деректермен құжат өткізіп келген азаматтардың отбасындағы ахуалға да әсер етеді деп санайды әлеуметтік сала мамандары. Сондықтан да азаматтардың жалған ақпарат беруге бейім пиғылдары, жоқты желеу етіп келеңсіздіктерге саналы түрде жол беруі бүгінде қоғам болып күресуді қажет ететін көкей­кесті мәселе.

АЛМАТЫ