Қоғам • 26 Қыркүйек, 2019

Мұқтаж отбасыларға баспана сыйлады

216 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Талдықорғандағы Бикен Римова атындағы драма театрында Жетісудағы мәдениет маусымының ашылу салтанаты өтті. Осы шара барысында Алматы облысының мәдениет саласының қызметкерлері, журналистер мен ақын-жазушылар аудандарда тұратын көп балалы аналарға тұрғын үй кілтін табыс етті.

Мұқтаж отбасыларға  баспана сыйлады

Мәдени шарада Кербұлақ, Қаратал, Ақсу аудандары мен Текелі қаласында тұратын 4 көп балалы отбасы сахнаға шақырылып, оларға өздері тұратын өңірден баспана кілттері сыйға тартылды. Мәселен, Кербұлақ ауданының тұрғыны 5 баланың анасы Жұлдыз Сұлтанбаеваға Қазақстанның халық әртісі Алмахан Кенжебекова мен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әли Алпысбаев, Қаратал ауданынан келген 4 баланың анасы Айнұр Исаеваға «Жетісу» газетінің бас редакторы Әміре Әрін мен жас жазушы Есболат Айдабосын, Ақсу ауданынан келген көп балалы ана Толқын Жатқанбаеваға асабалар Ердәулет Кенжеқұлов және Қайрат Қазкенұлы, Текелі қаласынан келген 6 баланың анасы Мақай Қалиманға «Талдықорған» газетінің бас редакторы Данияр Сейсенбаев пен «Жетісу шұғыласы» газетінің бас редакторы Жанахмет Исабеков пәтер кілттерін салтанатты түрде табыстады. Сондай-ақ қоныстой иелеріне облыс әкімінің сыйлықтары да тарту етілді.

– Жетісулық мәдениет қызмет­кер­лерінің жаңа маусымын биыл ерекше шара қылып өткізуді ойладық. Бұл – өнер ұжымдарының алдағы маусымда атқаратын істерінің беташары іспетті, көрерменге, тыңдарманға, оқырманға тың туынды, әсерлі өнер үлгісін ұсынуға дайынбыз. Оның үстіне облыс әкімі Амандық Баталовтың бастамасымен аймақта мұқтаж отбасыларды баспанамен қамту ісіне үлес қосуды ұйғардық. Бұған өнер адамдары, ақын-жазушылар, журналистер бір кісідей үлес қосты, – дейді Алматы облыстық мәдениет басқармасының басшысы Мәрлен Көлбаев.

Алматы облысы