26 Қыркүйек, 2019

Алматы облысында ақпараттық технологиялар саласында өңірдегі бірінші технопарк ашылды

343 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кеше Талдықорған қаласында облыс әкімі Амандық Баталовтың қатысуымен Jetysu Hub ІТ орталығы салтанатты түрде ашылды. ІТ мамандарының жаңа толқынын дайындау мен стартап-мәдениетін қалыптастыру, ел экономикасын ілгерілету үшін жоғары технологиялы жобалар әзірлеу мақсатында ашылған орталық облыстың ІТ индустриясының негізгі ядросы болады деп күтілуде. Осы мақсатта Astana Hub ІТ стартаптар халықаралық технопаркінің басқарушы директоры М. Сихаев пен Jetysu Hub ІТ орталығының басшысы М.Әсет өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қой қойды деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Алматы облысында ақпараттық технологиялар саласында өңірдегі бірінші технопарк ашылды

Салтанатты шарада сөз алған облыс әкімі Амандық Баталов бүгінге дейін Талдықорғанда заман талабына сай ІТ мектеп салынғанын, балалардың робототехникаға бейімділігін дамыту бағытында бірқатар шаралар атқарылғанын атап өтті. Сол сияқты алдағы уақытта Интернет колледж салынатынын да тілге тиек етті.

"Бүгінгі жастар өте алғыр, түрлі ой-идеялардың жоба-жоспарын компьютерлік мүмкіндіктерді қолдана отырып жасауға бейім. Бұл тұрғыда мен сырт елдерге шыққанда олардың заманға сай технологиялармен жұмыс істеу тәжірибесіне назар аударып жүремін. Татарстаннан, Сингапурдан дәл осындай ІТ орталықтарды көрдім. Елбасы да үнемі жастардың жаңашылдығын қолдау, бәсекеге қабілетті болуына жағдай жасау туралы үнемі айтады. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев та осы бастаманы үзбей жалғастыруды тапсырды. XXI ғасыр – цифрландыру ғасыры. Сондықтан облыс орталығында осындай жаңа мүмкіндіктерге жол салатын орталық ашуды дұрыс деп таптық. Astana Hub технопаркінің мықты мамандары бұл жобаны небары екі-үш айдың ішінде жүзеге асырды. Оларға да зор алғысымды айтамын. Ендігі жерде астаналық хаб өкілдері жетісулық жастардың кәсіби тұрғыда дамуына қолдау білдіріп, өзара тығыз байланыста жұмыс істейді деп сенемін. Жастар, орталықтың мүмкіндіктерін барынша пайдаланыңдар, оқыңдар, үйреніңдер, армандарыңа қол жеткізуге қорықпаңдар. Сонда бүкіл әлем қазақстандық балалардың дарынды екеніне көз жеткізетін болады, - деді А. Баталов.

Astana Hub ІТ стартаптар халықаралық технопаркінің басқарушы директоры М. Сихаев та тілегін білдіріп, жас әріптестеріне қолдау білдіруге әзір екенін жеткізді.

Орталықтың лентасы қиылып, қонақтар ғимарат ішін аралап көрді.

Қаланың 6-шағын ауданындағы 16 қабатты үйдің бірінші қабатында орналасқан орталықта робототехника, бағдарламалау кабинеттері, балалар орталығы, электронды кітапхана, бизнес акселератор, лекция бөлмесі, түрлі компаниялар мен резиденттердің ІТ орталықтары және т.б. орналасқан. Алдағы уақытта мұнда кез келген жастағы азаматтарды ІТ саласындағы жаңа технологияға үйретіп, оқытушылардың біліктілігін арттыру, шағын және орта бизнеске қолдау көрсету шаралары атқарылады. ІТ-инкубаторда түрлі шеберлік сағаттары, бизнес тренингтер, хакатондар өткізілетін болады.
Осылайша Jetysu Hub IT орталығы Алматы облысындағы ақпараттық технологиялар саласында оқыту мен компанияларды әзірлеумен және дамытумен айналысатын бірінші технопарк болмақ.