«Жаздым тербеп елім мен Елбасымды» атты кездесуді Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының директоры, саяси ғылымдардың докторы, профессор Әмірхан Рахымжанов ашты:
– Қаламгерлік – қиындығы мен қызығы мол, жан-жақты білімді талап ететін жауапты сала. Ел игілігі үшін қызмет ететін бұл саланың мамандары шығармашылығы арқылы адамзат санасына оң ықпалын тигізіп қана қоймай, жаңалықтың жақтаушысы, жаңаның қолдаушысы ретінде қоғам өмірінен ерекше орын алады. Халықтың мәдениеті мен руханиятын терең қастерлеген сондай жанашырлардың бірі – Айтбай Сәулебек. Ол кісінің қаламынан тамған «Елбасының алтын бесігі», «Құрыш тұлға» іспетті қос тілді туындылардың бірқатары тұсауы кесілген сәттен-ақ кітапхана қорына қабылданып, әлі күнге дейін іс-шаралар аясында кеңінен қолданылып келеді. Бұл туындылар 2017 жылы іске қосылған «Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі көрме жобамыздың аясында Алматы, Түркістан, Атырау, Ақтөбе, Қызылорда, Жамбыл облыстарының тұрғындарына жол тартып үлгерді, - деді Әмірхан Мұратбекұлы.
Әлемді мойындатқан еліміздің табыстары Елбасымен тығыз байланысты болса, Тұңғыш Президенттің қайраткер болып қалыптасуы Қарағанды өңірімен байланысты. Елбасының қызметі мен өміріне қызығатын қазақстандықтар белгілі жазушы Айтбай Сәулебектің туындыларымен де таныс.
– Елбасы өз естеліктерінде, берген сұхбаттарында дос-жолдастары туралы көп айтады. Мен сол адамдардың бірқатарымен кездесіп, өткен күнге шолу жасауды көздедім. Іздестіру жұмыстары барысында көптеген сурет табылып, біраз дерект анықталды. Жазбаларымның негізіне алынған әңгімелер оқырманды қуантып, жүректі де елжіретеді. Олардың бәрінде өнеге бар. Ғибратты әңгімелермен танысу мүмкіндігі бүгін сіздерге де беріліп отыр. Бұл бастаманың жүзеге асырылғаны үшін Елбасы кітапханасының басшылығына алғысымды айтқым келеді, - деді Айтбай Сәулебек.
Жазушының естеліктерін Қарағанды политехника институтында Елбасымен бірге білім алып, кейін Қарағанды металлургия комбинатында әріптес болған Қуаныш Омашев, Төлеутай Сүлейменов, Тоқтархан Ысқақовтың, қоғам қайраткері Серік Тілеубаев пен ҚР ҰҒА академигі Арыстан Ғазалиевтің, жазушының ұстазы, көп жылдар бойы академик Ш.Есенов атындағы мектеп-гимназияның директоры болған Пернебек Ахметовтің сөздері дәлелдеді. Сыйлы азаматтар тыңдаушылармен ой бөлісіп, өткен күннің айтылмаған оқиғаларын жымия еске алды.
Оларды ұйып тыңдаған М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті мен Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің студенттері ризашылығының белгісі ретінде өлең жолдарын оқып, ән-билерімен өнерлерін паш етті. Тараздық студент Бейбіт Сатов жастардың мазмұнды іс-шараларға зәру екенін алға тартып, Елбасы саясатының арқасында бұл мәселенің қолға мықтап алынғанын сөз етті:
– Халқымызға зор еңбегі сіңген, елімізді әлемге танытқан Тұңғыш Президентіміздің есімі мемлекет атауымен ұштасып, брендке айналғаны көпке мәлім. Семинар-тренингтің арқасында ол кісінің есімімен аталған кітапхананың төрінде екі күн бойы маңызды мәселелерді талқылап, ой түйдік. Елбасының қазіргі қызмет орнында білім алу – мен үшін әрі мәртебе, әрі абырой. Ойы ұшқыр, жан-жақты белсенді жастардың мұндай жобаларды көптеп қалайтыны анық. Семинар-тренингтің мазмұны мен сапасына біздің ризашылығымыз мол. Қанаттанып, жаңа белестерді бағындыруға шабыттандық. Дәріскерлермен жұмыс істеп, қасиеттерімізді дамыттық. Беделді азаматтармен кездесіп, сұхбаттасық. Сол себепті де Елбасы кітапханасына біздің алғысымыз зор, - деді.
Жастар екі күндік семинардың тәмамдағанын растайтын сертификаттар мен естелік сыйлықтармен марапатталды. Кездесу қонағының көзіне түскен алғыр жастарға жазушының «Махаббат жалғыз» кітабы тарту етілді.
Іс-шара қатысушылары А.Сәулебектің тарихи, деректі кітаптары мен өзекті туындылары ұсынылған көрмені тамашалап, Назарбаев орталығында орналасқан экспозициялар мен жәдігерлермен танысты.