Парламент • 27 Қыркүйек, 2019

Шетін мәселенің шешімі – ауыл шаруашылығын дамыту

293 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Дариға Назарбаеваның төрағалығымен өткен палатаның жалпы отырысында бірқатар заң жобасы қаралып, қабылданды. Алқалы жиынның күн тәртібіне қойылған төрт мәселе бойынша министрліктер өкілдері баяндама жасап, депутаттардың сұрақтарына жауап берді.

Шетін мәселенің шешімі – ауыл шаруашылығын дамыту

CERN-мен ынтымақтастық – ғылымға кең өріс

Парламент Сенатының мінберіне ал­дымен Энергетика министрі Қанат Бозым­баев көтерілді. Ол депутаттардың алдына Парламент Мәжілісі мақұлдаған «Қазақ­стан Республикасының Үкіметі мен Еуро­палық ядролық зерттеулер жөніндегі ұйым (CERN) арасындағы ғылыми-техникалық ынтымақтастыққа қатысты халықаралық ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы жөнінде баяндады.

Оның айтуынша, «Қазақстан-2050» стратегиясындағы ядролық қаруды таратпау режімін ілгерілету саясатының арқасында еліміз осы саланың көшбасшысы болып танылды. Бүгінгі таңда Қазақстан атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалануды белсенді дамытуда. Қазақстанның атом саласы – технологиялық әлеуетті дамыту тұрғысынан перспективті сала­лар­дың бірі. Бұл – Қазақстанның ғылыми және индустриялық дамуының қозғаушы күші.

– Қазіргі таңда біздің ғылыми-тех­ни­калық, адами әлеуетіміз ядролық физика және қолданбалы зерттеулер саласындағы ең маңызды мәселелерді шеше алады. Ядролық құзыреттілікті арттыруға күш-жігер салудың арқасында Қазақстан – іргелі және қолданбалы ядролық физика, ядролық және радиациялық технология­лар бойынша өз бетінше жұмыс атқара алатын елдер қатарында. Бұл еліміз үшін ең дамыған елдермен тең жағдайда жұмыс істеуге, халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық және жобаларға қатысу ака­демиялық қоғамдастықтың күш-жігерін, ғылыми және білім әлеуетін бірік­тіруге мүмкіндік береді. Бұл мақсатта 2016 жылы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бас­тамасымен Еуропалық ядролық зерттеулер ұйымымен (CERN) ынтымақтастықты дамыту бойынша жұмыс басталды. Еуро­палық ядролық зерттеулер ұйымы – қа­рапайым бөлшектер физикасын зерттеу саласында әлемдегі жетекші ұйым. Жоғары энергиялар физикасы мен бөлшектер физикасы саласындағы табысты зерттеулерді көптеген ел ғалымдарымен бірлесіп қана жүргізуге болады. Яғни, әлемдік ғы­лы­ми интеллектіні шоғырландыру қажет. CERN-мен ынтымақтастық біз үшін аса маңызды. Әрі оның келешегі зор. Бірін­шіден, ол ресурстарды басым бағыт­тарға шоғырландыруға, яғни алдымен іргелі білім, кейін технологиялар бо­йынша болашаққа серпінмен жол бастауға мүмкіндік туғызады. CERN-мен ынтымақтастықтың құқықтық негізін құру мақсатында 2018 жылдың 29 маусымында Женева қаласында Ғылыми-техникалық ынтымақтастыққа қатысты Қазақстан Үкіметі мен Еуропалық ядролық зерттеулер ұйымы (CERN) арасындағы келісімге қол қойылды, – деді Қ.Бозымбаев

Бүгінде CERN-нің кеңес құрамына 23 ел кіреді. Бұған қоса кейбір елдер мен халықаралық ұйымдар бақылаушы ретінде қатысады. CERN-де 2400-ге жуық ғалым тұрақты еңбектенсе, әлемнің 113 елінің 580 университеті мен институтынан 10 мыңнан астам физикпен мен инженер CERN-нің халықаралық эксперименттеріне қатысып, уақытша жұмыс істейді.

Энергетика министрінің айтуынша, аталған келісімді ратификациялау ғылыми байланыстарды одан әрі нығайтуға жағдай жасайды. Қазақстанның ғалымдары, инженерлері, студенттері мен техникалық мамандары үшін ұзақ мерзімді негізде CERN ғылыми-зерттеу жобаларына қаты­суға жол ашады. 

Министрді мұқият тыңдаған сенаторлар заң жобасының кейбір тұстарына қатысты сұрақтарына жауап алып, бұл құжатты қабылдауды құп көрді.

 

Шекарадан өтудің машақатын азайтады

Бұдан кейін депутаттар назарына «2006 жылғы 3 қазандағы ҚР Үкіметі мен РФ Үкіметі арасындағы Қазақстанның және Ресейдің шекара маңындағы аумақтары тұрғындарының Қазақстан-Ресей мем­лекеттік шекарасын кесіп өту тәртібі туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы ұсынылды. Бұл құжаттың жай-жапсарымен Сыртқы істер министрінің міндетін атқарушы Марат Сыздықов таныстырды. Оның айтуынша, екі ел арасындағы шекара – 7 500 шақырымнан асады және әлемдегі ең ұзын шекаралардың бірі. Қазіргі таңда Қазақстан-Ресей шекарасында 51 өткізу бекеті бар. Олардың 30-ы автокөлік, 20-сы темір жол және тағы біреуі өзен арқылы іске асырылады. Ресей тарапы 2019 жылы 12 сәуірде хаттаманың күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдер аяқталғанын хабарлады.

Келісімнің 3-қосымшасында көрсе­тілген шекара маңындағы аймақтарда тұратын Қазақстан мен Ресей азамат­тарының шекараны кесіп өтуі үшін жарамды құжаттар тізбесіне өзгерістер енгізіліп отыр. Қолданыстағы келісімге сәйкес, шекараны кесіп өту кезінде Қазақстан азаматтарының өзімен бірге жеке куәлігі немесе төлқұжаты, сондай-ақ азаматтарды тіркеу кітабынан көшірме болуы қажет. 2011 жылдан бастап Қазақстанда азаматтарды тіркеуді есепке алу кітабы алынып тасталды. Осыған байланысты хаттаманың 1-бабымен өзгерістер енгізіледі, оған сәй­кес жеке куәлікке шекара маңындағы ау­мақ­тың елді мекенінде тұрақты тұрғы­лықты жері бойынша тіркелгенін растай­тын, уәкілетті мемлекеттік орган берген құжат (мекенжай анықтамасы) қоса ұсы­нылуы тиіс.

Ауыл шаруашылығының әлеуеті артады

Халықтың әл-ауқатын көтерудің бір көрсеткіші ретінде ауыл шаруашылығын дамыту екені – жиі қозғалып жүрген мәселе. Осы саладағы түйткілді жағдайларды жөнге келтірудің жолы – арнайы заңды күшейту. Бұл тақырып Сенаттың жалпы отырысында кеңінен талқыланды. Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров «Қазақстан Республикасының кейбір заң­­на­малық актілеріне агроөнеркәсіптік кешен­ді реттеу мәселелері бойынша өзге­ріс­тер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы жөнінде егжей-тегжейлі айтып берді.

– Ауыл шаруашылығын қаржы­лан­дырудың қолжетімділігін арттыру үшін заң жобасы аясында қолданыстағы қаржы тетіктерін жетілдіру және жаңаларын енгізу көзделген. Қолданыстағы міндетті сақтандыру жүйесі 15 жыл бұрын арнайы заңмен енгізілген, сондай-ақ өсімдік шаруашылығындағы сақтандыруды наси­хаттауға септігін тигізуі тиіс болатын. Алайда бұл міндет орындалмады, сақ­тандырылған егістер үлесі жыл сайын төмендеуде. Сақтандыру формалары формальды түрде қалып отыр. Шаруа­лардың алатын сақтандыру төлемдері ең аз өндірістік шығынды да жаппайды. Осыған байланысты заң жобасы аясында ауыл шаруашылығындағы сақтандыру жүйелерінің тәсілдері өзгерді. Бұл ретте міндетті сақтандырудан ерікті сақтан­дыруға, сақтандыру төлемдерін субсидия­лаудан сақтандыру сыйақыларын субси­дия­лауға көшіру жүзеге асырылады. Сақ­тандыру төлемдерін субсидиялаудан сақтандыру сыйақыларын субсидиялауға көшу агроөнеркәсіптік кешен субъектілері үшін сақтандыруға қолжетімділікті арттырады. Өйткені сақтандыру полисі екінші дең­гейдегі банктерден қарыз алғанда қо­сымша кепілдік бола алады, – деді С.Омаров.

Сонымен қатар министр несиелік серік­тес­тіктердің қызметін жақсарту мақса­­тында оның құрамына кіру және шығу тәр­тібі жеңілдетілетінін атап өтті. Егер бұрын несиелік серіктестік қатысушыларының жалпы жиналысының шешімі талап етілсе, ал қазір серіктестікке қатысушыларды қабылдау мен шы­ғару, сондай-ақ оның жарғысын өзгер­ту жөніндегі құзырет серіктестік басқар­масына берілді.

Бұған қоса ветеринария қызметінің жұмыс істеу тиімділігін арттыру үшін заң жобасында тиісті қадамдар көзделген. Бірін­шіден, жергілікті атқарушы орган­дардан және кеден органдарынан (авто­көлікте бақылау) бақылау-қадағалау функ­циясын ветеринария саласындағы уәкі­летті орган ведомствосына қайтару жолы­мен барлық бақылау-қадағалау функ­циясын бір органға шоғырландыру еске­рілген. Екіншіден, жергілікті атқарушы органдардың ветеринарлық қызметінің вертикалды бағыныстылығын құру жолымен олардың құрылымын өзгерту, яғни ветеринарлық бөлімшелерді
ау­дан­дар, облыстық маңызы бар қалалар деңгейін­де өкілдері болу мүмкіндігімен облыс дең­гейінде шоғырландыру, сондай-ақ мемле­кеттік ветеринарлық ұйымдарды облыс­тық деңгейге бағынысты ету қа­растырылған. Жергілікті атқарушы органдарда ветеринария саласындағы іске асыру функциясы қалады, уәкілетті орган ведомствосына барлық кезеңдегі бақылау-қадағалау функциясы беріледі.

Ауыл шаруашылығы министрі аг­рарлық ғылымды дамытуға да тоқталды. Оның айтуынша, заң жобасында кәсіп­керлерді инновацияны енгізуге тарту үшін бизнестің ғылыми-зерттеулерді қаржыландыру бойынша шығындарының бір бөлігін субсидиялау көзделеді. Бұл бизнес пен ғылымның өзара іс-қимыл жасау тетігін іске қосуға, агроөнеркәсіптік кешенге инновацияны енгізу ауқымын кеңейтуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ Білім және ғылым министрлігінің ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша білім беру гранттарының көлемін қа­лыптастыру функцияларын Ауыл ша­руа­шылығы министрлігіне беру жағы қарас­тырылмақ.

Аталған саладағы қордаланған мәсе­лелердің біразы қамтылған бұл заң жобасын депутаттар кеңінен талқыға салған соң қабылдады.

Сонымен қатар бұл отырыста Пар­ламент Мәжілісі мақұлдаған «Қазақстан Рес­публикасының кейбір заңнамалық акті­леріне мемлекеттік қызмет және сыбай­лас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәсе­лелері бойынша өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы» заң жобасы қабыл­данды.

Жиын соңында Сенат депутаттары Ә.Құртаев, Н.Бекназаров, Н.Төреғалиев, Д.Нөкетаева Премьер-Министр А.Мамин­нің атына депутаттық сауал жолдады.

Депутаттық сауал демекші, сенатор Бақытжан Жұмағұлов өз кезегінде  бұқа­ралық ақпарат құралдарының өкілдеріне, құрылтайшыларына, ғаламтор желісінде отыратын блогерлерге арнап үндеу жасады. Сондай-ақ аталған үндеудің әртүрлі партиялардың, қоғамдық ұйымдардың жетекшілеріне, саясаткерлерге, үкіметтік емес ұйымдардың мүшелеріне де қатысы бар екенін жеткізді.

Ашық саясатта жүргендіктен мем­лекеттік қызметкерлер, әртүрлі деңгейдегі депутаттар орынды, орынсыз айтылып жүрген сындарға төзімділікпен қарайды. Бірақ кейде не адами, не имани, не рухани тұрғыдан шектен шығып, шындыққа жанаспайтын ақпарат таратуға бола ма? Бұл посткеңестік жүйеге тән жаман әдетке айналып бара жатқандығы алаңдатады» дейді сенатор.

Сенатордың айтуынша, интернетті ашып қалсаңыз, әлеуметтік желіге көз сал­саңыз, жаңсақ ақпараттан, «көріпкелдік» пен «сәуегейліктен» аяқ алып жүре алмайсыз. Сөз бостандығы дегенді желеулетіп, шындыққа күйе жағады. Сондықтан ол аталған мәселені әр адамның ұят-ож­данына салып отырғанын айтты.

«Әлеуметтік желілер арқылы шын­дыққа ешбір жанаспайтын ақпаратпен жұртты алдамайық»  деп түйіндеді өз сөзін Сенат депутаты.