– Анар Нұралықызы, жақында Мемлекет басшысының Жарлығымен Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі екіге бөлінді. Нәтижесінде Мемлекеттік қызмет істері агенттігі жеке орган ретінде қызмет ете бастады. Бұл өзгеріс мемлекеттік қызмет жүйесіне қандай өзгерістер мен жаңалықтар әкелді?
– Бұрынғы Агенттікті екі тәуелсіз мемлекеттік органға қайта ұйымдастыру ең алдымен олардың жұмысының тиімділігін арттыруға бағытталған. Мемлекеттік қызмет істері агенттігі халқымыздың қажеттілігіне бағдарланған кәсіби мемлекеттік аппаратты құру бойынша негізгі функцияларға баса назар аударуға мүмкіндік алды. Негізі, Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында Агенттікке кәсіби мемлекеттік аппарат пен қоғамға есеп беретін мемлекетті қалыптастыру жөніндегі ауқымды міндеттердің кешенін іске асыруды жүктеген.
Олардың қатарына мемлекеттік қызметтегі меритократия қағидаттарын нығайту, оның тиімділігін, ашықтығын, бәсекеге қабілеттілігін күшейту, барлық деңгейдегі мемлекеттік аппарат қызметкерлерінің біліктілігін арттыру, азаматтармен тұрақты кері байланыс орнату, олардың құқықтары мен мүдделерін қорғау, әкімшілік кедергілерді азайту, мемлекеттік қызметшілерді қолдау шаралары кіреді.
Елбасы белгілеп берген міндеттердің маңыздылығын ескере отырып, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев алдымызға мемлекеттік қызмет саласын одан әрі дамыту бойынша нақты тапсырмалар берді.
Басым міндеттердің ішінде мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру және оларға қолжетімділікті жақсарту, мемлекеттік қызметшілерді әлеуметтік қолдау бойынша шаралар кешенін әзірлеу және Президенттік жастар кадр резервін қалыптастыру жұмыстары бар. Қазақстанның мемлекеттік қызмет жүйесінің дамуы саяси, экономикалық және қоғамдық қатынастардың өзгеру үдерістерімен тығыз байланысты. Сондықтан біз жаңа жағдайларда мемлекеттік қызметтің тиімді жұмыс істеуі үшін елде болып жатқан барлық өзгерістерге немқұрайлы қарамауымыз қажет.
– Мемлекеттік қызметтің сапасын жақсартуға, бағалауға, бақылауға азаматтық қоғам белсенділерін араластыру мәселесі қолға алынды ма? Нәтижелер қандай?
– Агенттіктің әлеуметтік тапсырысы бойынша жыл сайын үкіметтік емес ұйымдар мемлекеттік қызмет көрсету сапасын бағалайды. 2018 жылдың нәтижесінде халықтың қызмет көрсету сапасына қанағаттану деңгейі республика бойынша 72,4% немесе орта есеппен алғанда 5 балдық шкала бойынша 4,66-ны құрады.
Мониторинг нәтижесі бойынша мемлекеттік органдар мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру бойынша тиісті шаралар қабылдайды. Мәселен, мемлекеттік қызмет көрсету мерзімін және қажетті құжаттарды қысқарту бойынша стандарттарға түзетулер енгізеді, қызмет көрсетудің бизнес-процестері оңтайландырылады, қосымша күту орындарын орнату, мультикасса және cash-терминал, ауаны кондиционерлеу жүйесін орнату, кезектілік қалыптаспауы үшін операторлар санын көбейту, қолжетімді жерде қызмет алу тәртібі, сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға жағдайлар жасау үшін көмекшіні шақыру батырмасы, пандустар және еденге тактильді тақталар орнату, әлеуметтік қорғалмаған азаматтар үшін (мүгедектер, жүкті әйелдер және т.б.) арнайы бөлек үстел жұмыс істеуін қамтамасыз ету бойынша ұсыныстар енгізеді.
Өңірлерге келетін болсақ, Агенттіктің аумақтық департаменттерінде мемлекеттік қызмет саласын жетілдіру мақсатында ведомствоаралық жұмыс қызмет істеуде. Олардың құрамында қоғам белсенділері, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері және т.б. бар. Өткізілетін кеңестерде қызмет берушілердің мемлекеттік қызметтерді көрсетудегі жиі орын алатын кемшіліктерін анықтап, оларды жою бойынша тиісті ұсыныстар әзірлейді.
– Мемлекет басшысы Президенттік жастар кадрлық резервін қалыптастыру бойынша тапсырма берді. Бұл бастама мемлекеттік қызмет жүйесін жетілдіруге қалай әсер етеді деп ойлайсыз?
– Шынында да, бұл мәселені Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сайлауалды бағдарламасында көтерген болатын, оның ішінде мемлекеттік қызметтің өзгеруі, жаңартылуы тиіс екенін, заманауи ойлайтын, жоғары деңгейдегі құзыретті, қазіргі заманғы трендтерді білетін және т.б. құзыреттері бар жаңа формациядағы басқарушыларды мемлекеттік қызметке тарту қажеттігін айтты.
Резервке үміткерлерді іріктеу бірнеше негізгі кезеңдерден тұрады: олардың қабілеттерін тестілеу, эссе жазу, жобаларды таныстыру, құзыреттілікті бағалау, сараптамалық комиссияда қатысушылармен әңгімелесу және кадр резерві жөніндегі Ұлттық комиссияда үміткерлердің кандидатураларын қарау.
Іріктеудің барлық кезеңдері резервтегілер туралы толық ақпарат жинап, олардың қабілеттерін және ең бастысы – олардың әлеуетін көруге мүмкіндік береді.
Президенттік резервтен тағайындау келесі басшылық лауазымдарға көзделеді – Қазақстан Республикасының министрлері, олардың бірінші орынбасарлары мен орынбасарлары; облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың әкімдері, олардың бірінші орынбасарлары мен орынбасарлары, аппараттарының басшылары; орталық атқарушы органдар комитеттерінің төрағалары, жауапты хатшылары; облыстық маңызы бар қалалардың, облыстар аудандарының және қалалардағы аудандардың әкімдері; Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі, Қазақстан Президентінің Іс басқармасы, Орталық сайлау комиссиясы, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті, Мемлекеттік қызмет істері агенттігі аппараттарының басшылары, Жоғарғы сот жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің басшысы; Жоғары Сот Кеңесінің хатшысы – аппарат басшысы; жауапты хатшы лауазымы енгізілмеген орталық атқарушы органдар аппараттарының басшылары, Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың басшысы.
Сондай-ақ резервке қабылданған азаматтар ұлттық басқарушы холдингтер, ұлттық холдингтер, ұлттық компаниялар басқармаларының төрағалары және мүшелері лауазымдарына тағайындалуы мүмкін.
Резервтегілер лауазымға тағайындалғанға дейін арнайы әзірленген бағдарламалар бойынша оқытылады. Іріктеудің нәтижесі негізінде сарапшылардың берген ұсыныстары бойынша резервшілер үшін жеке бағдарлама әзірленуі де мүмкін. Бұл оқыту бағдарламасы жоғарыда айтылған лауазымдарға қажет қосымша білім алуға, халықпен жұмыс істеуге, оның ішінде көпшілік алдында сөз сөйлеу және тез шешімдер талап етілетін жағдайда жұмыс істеу үшін қажетті қасиеттерді арттыруға бағытталған.
Президенттік жастар кадрлық резервіне өту – бұл міндетті түрде лауазымға тағайындалуға кепіл болмайды.
Президенттік жастар кадрлық резервін құрудағы басты мақсат жастар үшін тиімді әрі ашық әлеуметтік лифт құру екендігін атап өткім келеді. Бұл азаматтарға зор үміт артылады және олар алдағы реформалардың қозғаушы күші болуы қажет.
Жалпы, бүгінде резервке іріктеуге қатысуға үміткерлер үшін Pkrezerv.kz онлайн-платформасы арқылы тіркеліп, құжаттарын тапсыру жүргізіліп жатыр. Осы жылдың 24 қыркүйегіндегі жағдай бойынша 6739 адам онлайн-платформада тіркелді. Оның 1191-і
барлық қажетті құжаттарды тапсырған. Тіркелу қыркүйек айының соңына дейін жалғасады.
– Мемлекеттік қызметті оңтайландыру, сапасын арттыру мақсатында шенеуніктердің санын қысқарту қарастырылып жатыр ма? 18 млн халыққа 100 мыңға жуық мемлекеттік қызметшінің болуы халықаралық стандарт бойынша көп емес пе?
– Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында мемлекеттік аппаратты оңтайландыруды тапсырған. Қазіргі уақытта мемлекеттік қызметшілердің штаттық саны 98 мыңға жуық. 2024 жылға қарай олар 25 пайызға қысқаруы қажет. Штат санын оңтайландыру кезең-кезеңмен бірнеше жылдың ішінде жүргізіледі. Осы тапсырманы орындаудың нақты тектіктері қазіргі уақытта Үкіметпен пысықталуда. Жақын арада қысқарту бойынша ұсыныстарды әзірлеу үшін тиісті жұмыс тобын құру жоспарлануда. Оңтайландыру кезінде үнемделген қаражат неғұрлым тиімді жұмыс істейтін қызметкерлерді ынталандыру үшін жұмсалмақ. Өз кезегінде бұл мемлекеттік қызметке бәсекеге қабілетті, білікті мамандарды тартуға мүмкіндік береді.
– Мемлекеттік қызмет жүйесінде гендерлік теңдік мәселесі қалай жолға қойылған?
– Бүгінгі күні мемлекеттік қызметте гендерлік теңдікті қамтамасыз ету мәселесі бойынша нақты нәтижелер бар. 2019 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша мемлекеттік қызметшілердің арасында әйелдердің үлесі 55%-ды құрайды. Бұл Италия, Бельгия және Испания сияқты ЭЫДҰ елдеріндегі осыған ұқсас көрсеткіштен жоғары. Басшы лауазымдарда жұмыс істейтін тұлғалардың арасында әйелдердің үлесі – 40%.
Берілген көрсеткішті жақсарту үшін Агенттік жүйелі жұмыс жүргізуде. Мәселен, қазіргі уақытта әйелдерді басшы лауазымдарға ұсыну көрсеткіші мемлекеттік орган қызметінің тиімділігін бағалау индикаторларының бірі ретінде бекітілді. «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру шеңберінде конкурстық рәсімдердің ашықтығы артуда. Бұл барлық азаматтар үшін, соның ішінде әйелдер үшін, қызметшілердің тек еңбегіне байланысты лауазымын жоғарылату мүмкіндігіне сенімді нығайтты. Осылайша, 2018 жылы мемлекеттік қызметке конкурс қорытындысы бойынша тағайындалған әйелдердің үлесі 48%-ды құрады.
Сонымен бірге әйелдерді шешімдерді қабылдау деңгейіне ілгерілету бойынша гендерлік саясатты жүзеге асыруды қамтамасыз етудің басты бағыттарының бірі гендерлік білім беру мен гендерлік оқыту болып табылады. Жыл сайын Мемлекеттік басқару академиясымен гендер мәселесі бойынша мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру семинарлары өткізіледі. Осындай семинарлардың мақсаты – қазіргі қоғамның гендерлік үрдістерін талдау және қоғам дамуындағы әйелдердің көшбасшылығын кеңейтуде ғылыми-тәжірибелік тәсілдерді қолдану, гендерлік саясат саласында мемлекеттік қызметшілердің кәсіби құзыреттерін арттыру.
– Мемлекеттік қызметтер тізілімін цифлық үлгіде беру – уақыт талабы әрі азаматтар үшін ыңғайлы. Аталған саланы жетілдіру үшін қандай шаралар қолданылмақ?
– Бүгінгі таңда мемлекеттік қызметтер тізіліміне енгізілген 740 қызметтің 72%-дан астамы (538) цифрландырылған, яғни бұл олардың іске асырылуының ашықтығын қамтамасыз етеді. Мысалы, мемлекеттік қызмет алушы «электронды үкімет» порталы арқылы қызмет алған кезде одан қосымша құжаттар сұрату мәселесі жоқ, сондай-ақ қызметті көрсету мерзімі де сақталады және азаматтардың мемлекеттік органдармен тікелей байланысы жойылады. Бұл қызмет көрсету кезінде толық ашықтықты қамтамасыз етеді.
Сонымен қатар Елбасы тапсырмасына сәйкес 2020 жылы мемлекеттік қызметтерді электронды түрде көрсетуді 90%-ға жеткізу бойынша тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Осыған байланысты «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы көрсетілуге жататын мемлекеттік кызметтерді іріктеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия жұмысының қорытындысы бойынша 141 мемлекеттік қызмет электронды форматқа көшірілетін болады, 21 қызмет композитті нысанда басқа қызметтермен бірге бір өтініш негізінде көрсетілетін болады, азаматтардың өтінішінсіз көрсетілетін 17 проактивті қызметтер енгізілетін болады.
Әңгімелескен
Жолдыбай БАЗАР,
«Egemen Qazaqstan»