Қоғам • 27 Қыркүйек, 2019

Азаматтар мүддесін қорғау – басты бағыт

198 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты алғашқы Жолдауы арқылы елімізді дамытуды көздейтін жаңа бағыт, жаңа леп, жаңаша көзқарастар, жаңаша ұсыныстар мен міндеттер айқындалды.

Азаматтар мүддесін қорғау – басты бағыт

Президент өз Жолдауында Тəуелсіздік жылдары жасампаздық пен ілгерілеу, бейбітшілік пен келісім кезеңі болғанын, осы уақыт ішінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен еліміз əлемдегі беделді əрі орнықты мемлекетке айналғанын айтты. Халыққа берген уəделерін міндетті түрде орындайтынын мəлімдеген Қасым-Жомарт Тоқаев елі­міздің жаңа тарихындағы маңызды белес­тің ортақ мақсаттарын, оның ішінде сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыруға негізделген Жолдаудың басым бағыттары туралы егжей-тегжейлі баян­дады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Жол­дауы­ның өзегі Қоғамдық диалог тақы­рыбы болды. Мемлекет басшысы елдің саяси жүйесін кезең-кезеңмен жан-жақты ойластырып жүзеге асыру керектігін айта келе, күшті Президент – ықпалды Парла­мент – есеп беретін Үкімет формуласын ұсынды. Сондай-ақ азаматтардың сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру бəрімізге ортақ міндет екенін баса айтты. Осындай пәрменді тетіктердің бірі ротациялық тәртіп бойынша жұмыс істейтін, белгілі қоғам өкілдерін қамтитын Ұлттық қоғам­дық сенім кеңесі болуы тиіс екені ай­тылды. Қоғамды толғандырып отыр­ған негізгі мəселелер көшеде емес, Пар­ламент­те жəне азаматтық диалог аясында талқыланып, шешімін табуы тиіс.

Мемлекет басшысы билік пен халық­тың арасында тығыз байланыс орнату мемлекеттік орган қызметінің негізгі басымдықтарының бірі саналатынын атап көрсетті. Осы мақсатта Президент Әкімшілігінде азаматтардың өтініш-шағымдарын мемлекеттік органдардың сапалы қарауын бақылап, тиісті шаралар қабылдайтын бөлім ашылды. Осы сияқты азаматтардың арыз-шағым­дары, өтініштері, хаттары­мен жұмыс істейтін бөлім облыс, рес­пуб­ли­каға бағынысты қалалардың әкімдік­терінде ашылғаны жөн. Бүгінде орта­лық пен жергілікті атқарушы органдарда құрылған қоғамдық кеңестер өз әлеуетін толық іске асыра алмай жатыр. Осыған байланысты Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі өңірлердің әлеуметтік хал-ахуалын біліп отыру үшін және салалық, аймақтық қоғамдық кеңестердің жұ­мыстарын жандандырып, жаңа дең­гейге көтеру үшін олармен тығыз бай­ланыста жұмыс істегендері дұрыс болар еді. Қоғамдық назардан тыс қалып отырған квазимемлекеттік сектор жұмысын ашық ету үшін, олардың бақылау кеңестеріне азаматтық қоғам өкілдерін енгізу туралы Ұлттық қоғамдық кеңесте айтылған ұсыныстар өте орынды. Халық пен билік­тің байланысын нығайта түсу мақсатында Үкімет мүшелері азаматтарды ай са­йын қабылдап, жергілікті тұрғындармен жылына 2 рет кездесіп, олардың талап-тілектерін тыңдап, халық алдында есеп беріп отырса, артық болмас еді. Ал облыс әкімдері мен олардың орынбасарлары бекітілген график бо­­йынша азаматтарды айына бір рет, қала, аудан әкімдері мен орынбасарлары апта са­йын, ауыл әкімдері күнделікті қабылдап, тұрғындардың арыз-шағымдарын, өті­ніш­терін, ұсыныс, пікірлерін тың­дап, шешіп немесе түсіндіріп отыруды өз­дерінің жұмыс істеу тәжірибесіне айналдырғаны жөн. Сонымен бірге облыс, аудан басшылары елді мекендерде халықпен жиі кездесіп, атқарылып жатқан жұмыстарға есеп беріп, алда тұрған міндеттер туралы хабарлап отырулары керек. Мұндай кездесулер мен қабылдауларда күнделікті тіршіліктегі түйткілді мәселелерге байланысты ашық ой-пікірлер, ұсыныстар, өтініштер айтылады. Оларды есепке алып, орындауын бақылап, келесі кездесулерде қалай орындалып жатқаны баяндалып отырса, халық айтылған ұсыныс-пікірлердің жерде қалмайтынын түсініп, қоғамдық жұмысқа белсене араласатын болады.

Тыңдай білсең, халық – дана. Пікір­лесу, ақылдасу, тыңдау барысында айтыл­ған ой-пікірлердің ішінен талай інжу-маржанды теріп алуға болады. Халық жай әңгіменің өзінде саған талай ақыл айтады, талап қояды, міндет артады. Көп­теген түйінді мәселе көпшілік тал­қы­сына түскенде өз-өзінен шешімін тауып кетуі де мүмкін немесе мұндай кез­десу­лер алдағы жұмыстарға бағыт-бағ­дар беруі де ғажап емес. Ең бастысы, жұ­мыс­тың осындай бағыты билікті халық­пен жақындастырады, халықтың билікке деген сенімін ұлғайтады, елдің бірлігі нығаяды.

Жолдауда Қасым-Жомарт Тоқаев Мем­лекет басшысы ретінде елімізде көп­пар­тиялылықты, саяси бəсекелестікті жəне пікір плюрализмін дамытуға ықпал етуді тікелей міндеті деп білетіні туралы маңызды мəлімдеме жасады. Президент елде бейбіт митингілерді еркін өткізуді қолдайтынын, егер олар заң аясынан шықпайтын жəне азаматтарымыздың тыныштығын бұзбайтын болса, оларды өткізу үшін арнайы орын бөлу қажеттігін жеткізді. Алайда заңсыз əрекеттер мен бұзақылық жасауға тыйым салынатын болады.

Президент қоғамда көптен айтылып келе жатқан мемлекеттік тілдің рөлін арттыру мəселесіне ерекше мəн беріп, қазақ халқының мемлекет құраушы ұлт ретіндегі рөлін бекемдеп, қазақ тілінің мемлекттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезең келетінін айтты.

Жолдаудың «Азаматтардың құқығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету» деп аталған бөлімінде Мемлекет басшысы қоғамда үлкен резонанс тудырған аса өрескел, келеңсіз жағдайларға; зор­лық-зомбылық, педофилия, есірткі тарату, адам саудасы, əйелдерге жасалатын тұрмыстық қысым жəне басқа да тұл­ғаларға, əсіресе балаларға зардабы тиетін ауыр қылмыстардың жазасын жедел түрде қатаңдату жөнінде Парламент пен Үкіметке тапсырма берді. Бұған қоса, табиғатқа аяусыз қастандық жасап жүрген браконьерлердің əрекеттеріне тез арада тосқауыл қою талап етілді.

Жолдаудың қарқынды жəне инклю­зивті экономиканы дамыту жөніндегі бөлігінде Мемлекет басшысы алдымен шикізатқа байланған менталитеттен бас тартып, экономиканы əртараптандыруды, еңбек өнімділігінің нақты өсімін кем дегенде 1,7 есеге арттыру көзделіп отыр­ғанын қозғады.

Бизнеске тұрақты түрде қолдау көр­сетіліп, Ұлттық қордан 100 млрд тең­геге жуық қаржы бөлінетін болды. Бірақ қаржылай қолдаудың игілігін тек жер­гілікті билікпен байланысы бар шаруа­шылықтар ғана көрмеуі керек. Шағын жəне орта бизнесті қолдауда басымдық жаңа жұмыс орындарын ашатын, қо­сымша салық түсімдерін ұлғайтатын жаңа жобаларға берілуі қажет. Жолдауда микро және шағын бизнеспен айналысушы кәсіпкерлер салық төлеуден 3 жылға бо­сатылуы және 3 жылға дейін тексеру­ге тыйым салынатындығы айтылды. Мем­лекет басшысы шағын және орта бизнес­ке кедергі келтіретін әрекеттердің бәрі мемлекетке қарсы жасалған қылмыс деп есептелуі тиіс екенін атап көрсетті. Себебі шағын, орта бизнес нарықта тауар­ларды, қызметтерді көбейтеді, жаңа жұмыс орындарын ашады, жергілікті бюджетті толықтырады, бәсекелестікті дамытып, монополизмді жояды, жағдайы төмен азаматтарға көмектеседі.

Жолдауда әлеуметтік сала бойынша ең алдымен білім беру сапасын жақ­сар­туға мəн берілді. Қала мен ауыл мек­теп­тері арасындағы орта білімнің сапасы алшақтап бара жатқанын назарға алған Мемлекет басшысы Үкіметке келесі жыл­дан бастап «Дипломмен – ауылға!» бағ­дар­ламасын қаржыландыруды 20 млрд теңгеге жеткізуді жүктеді. Сон­дай-ақ «Дарынды баланың» қабілетін дамытудың жол картасын əзірлеуді тапсырды жəне келесі жылдан бастап мұғалімдердің еңбекақысы 25%-ға өсе­тінін мəлімдеді. Бұған қоса, мəде­ниет қызметкерлеріне де қолдау көрсе­тіліп, еңбекақысы көтеріледі. Ал меди­цина­лық қызметтің сапасы мен қол­жетім­ділігін қамтамасыз ету тұрғысында Пре­зи­дент үш жылда тегін медициналық көмекті қаржыландыруға 2,8 трлн теңге бөлінетінін жəне бұған қосымша ден­сау­лық сақтау жүйесін дамытуға 2,3 трлн теңге бағытталатынын айтты.

Соңғы жылдары елімізде әлеуметтік көмек алатын адамдардың саны да, бөлінетін қаржы да бірнеше есеге өсті. Деген­мен, Үкімет әлеуметтік көмек беру­дің тәртібін реттеу керек. Көмек беру жүйесі ашық әрі әділетті болып, ол адам­дарды масылдыққа емес, еңбек етуге ынта­лан­дыруы тиіс. Ол үшін әрбір ауыл округі, шағын аудан, қалалар мен аудандар бойынша тұрғындардың әлеуметтік картасын жасап, жағдайы төмен, көп ба­лалы, мүмкіндігі шектеулі отбасыларды анықтап, берілетін әлеуметтік көмекті сөзбұйдаға салмай, оның ашықтығын, жариялылығын қам­тамасыз етіп, барын­ша жеңілдету қажет. Масылдыққа жол бер­меу үшін бұл отбасылардың еңбекке жа­рамды мүшелері міндетті түрде жұмыспен қамтылуы қажет.

Сонымен қатар отбасылық шағын жəне микробизнестер құруды ынталан­дыруға, көп балалы аналарға үйде отырып жұмыс істеу мүмкіндігін беруге күш салынуы тиіс.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғашқы Жолдауы қоғамды толғандырған мәселелердің бәріне жауап берді. Алдымыздағы мақсат айқын. Ендеше, бәріміз осы жолда бір кісідей жұ­мылып, еселі еңбек пен тынымсыз тір­ліктің үлгісін көрсетіп, аянбай тер төгейік, ел бірлігін, ынтымағын нығай­тайық.

 

Қуаныш  АЙТАХАНОВ,

мемлекет және қоғам қайраткері