Қоғам • 27 Қыркүйек, 2019

Ел бесікті тоздырмайтын іс басталды

145 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Ауыл – ел бесігі». Бұл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айтқан тапсырмасы бойынша бастау алған мемлекеттік бағдарламаның аты ғана емес, халқымыздың санасында қалыптасып, жүрегіндегі қашаннан бергі түсінік. Қазақтың данасы да, дарасы да ауылда туды, қозы бағып, тай мініп, асауды бас білдіріп, желмен жарысып өсті.

Ел бесікті тоздырмайтын іс басталды

Индустрия қанша дамып, қалалар өскенімен, өткен ғасырда Би-аға – Бейімбет Майлин айтқан «Гүлденсе ауыл – гүлденеміз бәріміз!» деген сөздің мәні де, маңызы да артпаса кеміген жоқ. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары жоспарлы экономиканың орнына нарықтың келуіне байланысты орын алған қиындықтар зіл батпан салмағын алдымен ауыл шаруашылығына, одан ауылға салды. Содан кейінгі көрі­ніс­тер жұртшылықтың көз алдында. Ұлт­тық дәстүр мен ана тіліміздің қа­­сиет­ті ошағы, қайнар бұлағындай бол­­ған ауылдан осы күнге дейін көш тоқ­таған жоқ. Жыл сайын облыс кар­та­сынан бірнеше ауыл сызы­лып тас­талады. Отыз жылға жуық бойы тозбаса толықпаған ауылды көтеру­ді Пре­зидент Жолдауында басты мәсе­ле­лердің бірі етіп атады. Онда ауыл тұр­мысын түзетпей, ауыл шаруа­шы­лы­ғының өнімділігін арттыру да мүмкін еместігі айтылды. Расында, жүзін жел қағып, маңдайын күн жеп мал бағатын, егін егетін малшы мен диқанның тұрмысы оңалмай, жұмы­сында қандай береке болмақ? Көп­теген елді мекенде тек жастар ғана емес, жұмыс жасындағы адам­дар­дың тұрақтамай, тіпті ауыл шаруа­шы­лығы кәсіпорындарында жұмысшы ма­манның тапшылығы біліне бас­тағаны да бекер емес. Ауылдардың бар­лығында дерлік әлеуметтік-мәдени нысандар жөндеу жұмысын қажет етеді. Аудан мен қала әкімдерімен, басқармалар басшыларымен өткізген селекторлық мәжілісте облыс әкімі Архимед Мұхамбетов өңірде ондай нысандардың ұзын саны екі мыңдай болатынын айтты. Қостанай облысында қазір 548 елді мекен болса, жыл аяғына дейін 521-і қалатын түрі бар. 253 ауылдың болашағы айқын десе, қалған 268 ауылдың көркі де, қуаты да көңілге аса тоқ емес, бірақ қусырылса да әзірге тұр.

Жолдаудан кейін, об­лыста осы «Ауыл – ел бесігі» бағдар­ламасы бо­йынша жұмыс басталып кетті. Қазір Федоров, Сарыкөл, Қарасу, Меңді­ғара, Әулиекөл аудандары осы бағдар­ламаға қатысып, оларда 46 әлеу­меттік мәдени нысан, яғни балабақша, мектеп, ин­тернат, кітапхана, мәдениет сарайлары, стадион, аурухана мен емханаларды күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары қолға алынған. Жөндеу жұмыстарына ауыл ішіндегі жолдар да кіреді. Олар үшін республикалық бюджеттен 2,3 миллиард теңге бөлінген болатын. Бүгін барлық бөлінген осы қаржының 35 пайызы игерілді. Әсі­ресе, күн суымай бірінші кезектегі қажет­ті нысандардың жұмысын аяқтау мін­дет болып отыр.

– Қарасу мен Сарыкөл аудан­дарын­дағы мектептердің, Меңдіғара ауданын­дағы клубтың жөндеу жұмысы шабандап тұр. Бастаған соң, оларды күздің құбылмалы күні күтпей­ді, тезірек бітіру керектігі білінеді. Аталған аудандарда қаржы игеру 25 пайыздан аспайды, – дейді облыстық экономика және бюджетті бағдарлау басқармасының басшысы Гүлбарам Мұсағазина.

Ауылды көркейтуге бағытталған осы бағдарлама аясында жұмысы ір­кілмей жүргізілсе, көп іс тындырылып қалары бесенеден белгілі. Өңір бас­шы­сы Архимед Мұұхамбетов аудан әкім­деріне мұндай келелі істі тек бюджет қаржысына қаратып қоймай, жергілікті кәсіпкерлерді де жұмылдыру керек­тігін айтты. Ең алдымен жөндеу нысанасына аудан орталықтары алынады, сосын болашағы бар ірі ауылдарда жұмыс жалғасын табады.

Өңірде алдағы жылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының қадамы кеңейе түсетін болады. Алдын ала анық­талғандай, 2020 жылы облыста Денисов, Қамысты, Қарабалық, Науыр­зым, Ұзынкөл, Алтынсарин аудан­дарының орталықтары мен Тобыл стансасы секілді жеті ірі елдімекенде осы бағ­дар­лама аясында жұмыс қызады. Соған орай оған бөлінетін қаржы да ес­е­лене түсері мәлім. Бұл аудан­дар­дың барлығы да облыс орталы­ғы­нан шал­ғайда жатыр. Тозығы жеткен әлеу­мет­тік-мәдени нысандар жөн­деу жұ­мы­сын қажет етіп, күтіп тұр. Соны­мен қатар өзге бағдарламалар бо­йын­ша ауылдарға ауыз су, көгілдір отын да жақындай түседі. Қазір облыс­та бір­неше ауыл ауыз суды ашық су айдын­дарынан ішеді. Облыс әкімі бағ­дар­лама жұмысының ширатылуы үшін аудан әкімдерінен тез арада нақ­ты жұ­мыс­тар кестесін жасауды талап етті. Бағ­дар­ламаның басталуында азда­ған осын­дай кедір-бұдыр іркілістер бол­ғаны­мен, оның ауылды көркейтуге, жаңа леп әкелуіне деген жұрттың үміті үлкен.

 

ҚОСТАНАЙ