Руханият • 27 Қыркүйек, 2019

«Батыр бабалар» тарихтан сыр шертеді

434 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматы облысының Қара­сай ауданындағы «Батыр бабалар» мемориал­ды ке­шені осыдан екі жыл бұрын ғана ашылған еді. Қазір бұл кешен өңірдегі танымал тарихи орынға айналды.

«Батыр бабалар» тарихтан сыр шертеді

Қазақ тарихының қалың қат­парынан сыр шертетін шежірелік суреттермен әрленген бұл кешен бабалардың ерлік жолына қойылған ескерткіш сияқты. Киіз үй бейнелі мемориалды кешеннің іші-сырты ақ мәрмәр таспен қапталған. Көкке ұмтылған биік стелла болаттан құйылып, сү­йірлене біткен күмбезді шатыр­ға үйлесіп тұр.

Мұндағы ежелгі сақ заманына арналған экспозицияның өзі бір әлем. Ұзындығы 15, ені 3 метр болатын Тұмар ханшайымның заманын бейнелейтін, сол кезеңдегі ұрыс даласына жетелейтін пано­раманың жөні және бөлек. Алтын адам дәуірінен жеткен жәдігерлер, тұтас дала өркениетінің бөлше­гіндей көрінетін қолөнер мен ұста қолынан шыққан бұйымдар да ежелгі дүниеге шақыратындай...

Ал нысан қабырғасында мем­­лекеттілік шежіресі жылдар легі­мен өріліп, Қазақ хандығының құ­рылуы мен бүгінгі тәуелсіз еліміз­дің арасындағы ғасырларға созыл­ған соқтықпалы-соқпақсыз тарих­тың әр сәті көркем суреттермен безен­діріліпті. Ғимарат іші құдды бір батыр бабаларымыздың заманы қазіргі ұрпағына «Ұлы дала тарихы осылай жазылған...» деп тіл қата жөнелетіндей көр­кемдік пен тылсым сырға тұ­нып тұр. Мемориалды кешенді аралауға Алматы маңындағы аудандардың мектеп оқушылары ынта танытып, жиі келеді екен. Тіпті тарих сабағын осында келіп өткізетін тәжірибе қалыптасуда.

Жалпы көлемі 465 миллион теңге шамасында қаржы құйылған кешеннің іргетасынан шатырына дейінгі құрылысы демеушілердің көмегімен салынса, әрлеу, безендіру мен көр­кемдеу жұмыстарына жұм­салған қаржы ғана облыстық бюджеттен бөлінген екен.

 

Алматы облысы