Аймақтар • 27 Қыркүйек, 2019

Қауіпсіздікке қатаң қадағалау қажет

410 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Жазы жайлы делінетін Жамбыл өңірінде биыл өрт оқиғасы өршіп тұр деуге болады. Күннің қатты ысуы салдарынан немесе басқа да төтенше жағдайларға байланысты мұнда тілсіз жаудың қарқыны күшейді. Аптап ыстық әсіресе аудан, ауыл тұрғындарын әбігерге салды. Бұл ретте қауіпсіздікке қатаң қадағалаудың қажет екені айтпаса да түсінікті еді.

Қауіпсіздікке қатаң қадағалау қажет

Жамбыл облысы бойынша төтенше жағдайлар департаменті аза­маттық қор­ғау саласындағы зіл­залалар қауіп-қатерін азайту және бақылау басқар­ма­сының басшысы, азаматтық қорғау полковнигі Мақсат Әкімбаевтің айтуын­ша, осы жылғы 8 ай ішінде облыс аума­ғында 467 өрт оқиғасы тіркелген. Төтенше жағ­дай салдарынан 3 адам қаза тауып, 3 адам әртүрлі дәрежедегі күйік алған. Ал материалдық шы­ғын 76 миллион 780 мың теңгені құра­ған. Өкініштісі сол, өткен жылмен са­лыстырғанда өңірде өрт саны 3 пайыз­ға өскен. Алайда төтеншеліктер был­­тыр­ғымен салыстырғанда өрттің мате­риал­дық шығыны 40 пайыз­ға, адам өлімі 3 есеге және жарақат алғандар 40 пайыз­ға кемігенін айтуда. Өрттің ең ба­сым көпшілігі мемлекеттік өртке қар­сы қызмет органының бақы­лау­ы­нан­ тыс нысандарда, яғни тұрғын үй сек­торы мен автокөлік құралдарында орын алған.

 Халқымызда «Сақтансаң – сақтайды» деген сөз бар. Яғни, әрбір адам өрт қауіпсіздігі талап­тарын қатаң сақ­тау­ға тиіс. Өкі­ніш­ке қарай, тұрғындар арасында бұл талап та сақталмай отыр. Бұл ретте Жамбыл облысы бойынша төтен­ше жағдайлар департаменті азамат­тық қорғау саласындағы зілза­лалар қауіп-қатерін азайту және бақылау бас­қармасының бас маманы, азаматтық қор­ғау подполковнигі Денис Охрименко өңірде 8551 өрт қауіпсіздігі та­лап­­тарын бұзушылық анық­тал­­ғанын жеткізді. Әкім­шілік жа­уап­­кершілікке 1172 лауа­зымды және заңды тұлға тартылып, олар­ға жалпы сомасы 21 миллион тең­геге жуық айыппұл салын­ған. Сонда да осындай немқұр­айдылықтар өңірде өрт­тің өр­шуі­не себеп болуда.

«Жыл сайын өрт қауіптілігінің жоға­ры кезеңі ішінде облыстың табиғи бай­лықтары үлкен қауіп-қатерге ұшы­рай­ды, яғни орманды далалық өрттердің пайда болу қаупі туындайды. Көбінесе, бұған адамның өзі кінәлі. Құрғақ шөпті, егін қалдықтарын бақылаусыз, рұқ­сат­сыз жағу, бау-бақша учас­келерін жинау барысында жи­налған қоқыс пен шөп­терді өртеу орын алады. Бұдан бас­қа, тұр­ғын­дар жаппай табиғат аясына­ шыға бастайды және демалыс барысында өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамайды», дейді Мақсат Әкімбаев. Мәселен, биыл облыс аумағында 1136 гек­тар алқап­та 146 өрт және 12 орман өрті бол­ған. Бұл шамамен 37000 гектар алқап­қа кел­ті­рілген шығын 16 миллион тең­гені құраған. Сондай-ақ 577 гектар алқап­та 7 дала өрті болса, одан келген шы­ғын 3,5 мил­лион теңгеге жеткен. Өрт­тің орын алуына себепші болған 271 тұлғаға әкімшілік жаза қолда­ныл­ған.­ Ал оның ішінде 162 адамға жалпы со­масы 1 миллион 295 мың 325 теңге бо­латын ақшалай айыппұл салынған және 109 ескерту берілген. Ауда­н­а­ра­лық эко­номикалық сотқа өрт қа­уіпсіздігі ережелерін сақ­та­маған 28 нысанның жұмысын тоқтату бойынша талап-арыз жол­­данып, олар сот шешімімен қана­ғаттандырылған.

Өңірде негізінен өрттің шығу салдарын аудандар құрайды. Үс­ті­­міздегі жылы Талас ауданын­да 6 орман өрті тіркелсе, Меркі ауданында – 3, Байзақ ауданында – 2 және Мойынқұм ауданында 1 орман өрті орын алған. Өт­кен жылдың осы кезеңімен салыстыр­ған­да орман өртінің саны 4,4 есеге, мате­риалдық шығын 4 есеге, ал өрт аума­ғы 2 есеге азайған. Алайда мамандар биылғы жылы өрт саны Талас ауданында 3 есеге өскенін айтып отыр. Орман­ өрттері санының төмендеуі Мойын­құм, Меркі, Байзақ, Т.Рысқұлов, Жуалы, Шу және Жамбыл аудандарында азай­ғанымен, үстіміздегі жылы дала алқап­тарын­дағы өрт саны 2 есеге, ал өрттен келген шығын 10 есеге артқан. Керісінше, дала өрттерінің саны Т.Рысқұлов ауда­нын­да 4 есеге, Жуалы және Қордай аудандарында 100 пайызға артқан. Айта кету керек, ағымдағы жылы дала алқаптарының жану оқиғасы бо­йын­ша облыс аудандары ішінен Қордай ауданы көш бастап, 196,5 гектар жерде 32 жану оқиғасы тіркелген.

Жамбыл өңірінде өртті дер кезінде ауыз­дықтау іс-шаралары жедел жүргі­зіл­генімен, ауылды аймақтарда апатқа қарсы тұратын қауқар болмай тұр. «Ауыл­дық округ­терде құрылған ерікті өртке қарсы құрылымдардың жа­уын­герлік дайындығына жүр­гі­зілген тек­серу барысында кейбір ауылдық округ­терде құ­рыл­ған ерікті өртке қар­сы құ­ры­лымдардың материалдық-тех­никалық жарақтандырылуы тө­мен деңгейде және олар арнайы киім­­дермен, өрт мотопомпасымен толық жабдықталмаған», дейді Мақсат Әкім­баев. Мәселен, Байзақ, Мойынқұм, Сарысу, Жуалы аудандарында өртті сөн­­ді­руге арналған техниканың саны өте аз. Шамамен әр ауыл­да тек бір ғана тех­ника бар және ол бұзылған жағдайда оны табиғи өртке жұмылдыру мүм­кін болмайды екен. Байзақ, Жамбыл, Меркі аудандарындағы ерікті өртке қар­сы құрылымдар аспа­лы өрт сөн­діргіштерімен жаб­дық­талмаған, сондай-ақ Байзақ, Меркі, Сарысу, Т.Рысқұлов және Талас аудандары өрт мотопомпасымен қамтамасыз етілмеген. Мұның бәрі де өртті дер кезінде ауыз­дықтауға айтарлықтай ке­дер­­гі келтіретіні сөзсіз.

Өрттің алдын алу және оны болдырмау мақсатында облыс әкімдігі тарапынан қомақты қаражат қарастырылып, тиісті техникалар бөлінген. Алайда қауіп­сіздікке қырын қараған кей­бір аудан әкімдері бұл мақ­сат­қа бөлінген қаражатты да қыс­­­қартып ­жіберген. Өткен жылы ерікті өртке қарсы құры­лым­­дардың мүшелерін жауын­гер­лік арнайы киіммен және қол асты өрт сөндіру құралдарымен қамтамасыз ету үшін аудан әкім­дік­тері тарапынан 17 мил­лион 329 мың теңге бөлінген болса, осы жылы бұл көрсеткіш қысқарып, аудан әкімдіктері 13 миллион 413 мың теңге ғана бөлген. Тіпті Меркі, Шу, Мойынқұм аудандарындағы кейбір ауылдық округтердегі арнайы киімдердің және аяқ киімдердің тозығы жет­кендігіне қарамастан олар­ды жаңартуға қаржы да қарас­­тырылмаған. Мұндайда қауіп­сіз­дік­ке қарастырылмаған қаражат енді қайда бөлінеді деген ой келеді.

Өрт – тілсіз жау. Жа­сы­ра­ты­ны жоқ, кейде бұл апаттың да адамдардың нем­құрай­ды­лы­ғынан болатыны шындық. Мәселен, дала, орман өрттерінен бөлек, өңірде шөп жинау орындарында биыл 87 өрт оқиғасы тіркеліп, соның салдарынан 4,5 мың тоннадан астам шөп жанып кеткен. Сонымен, бұл талай шаруаның ала жаздай аптап ыстықта еткен еңбегі, төккен тері күлге айналды деген сөз. «Шөп пен сабанның жануының негізгі себептері – тұрғындардың өрт қауіпсіздігін сақтамауы немесе қасақана от қою. Жем-шөптер көбінесе жолға өте жақын жиналады. Ал абайсызда немесе әдейі тасталған темекі тұқылы да өртке әкеліп соғады. Мұндай оқиғалардың алдын алу үшін ең әуелі өртке қарсы ережелер мен нормаларды қатаң сақтау қажет. Шөп электр өткізу желілерінен мейлінше алыс және қоршалған жерлерде орналасуы тиіс. Егер жақын жерде су қоры болса, төтенше оқиға орын алған жағдайда отты тез сөндіруге болады», дейді Мақсат Әкімбаев.

Күрең күз келіп, жел өтінде қурай басы сыңси бастады. Ас­пан­ды торлаған ала бұлт, ауық-ауық сіркіреп өтетін ақ жаңбыр көпшіліктің есіне күн райы­ның құбылып келе жатқанын салып тұр­ған­дай. «Қыс шанаңды жаз сайла» дегендей, енді келесі жылы да алапат өртті болдырмау мақсатында қауіпсіздікке қатаң қадағалаудың бол­ға­ны дұрыс. Барлық салаға қыруар қаражат бөліп отырған аудандар енді төтенше жағдай саласына да назар аудар­са, бәлкім өңірде биылғыдай өрт өршімес. Себебі Жамбыл – елімізде ауыл шаруашылығын дамытуға зор үлес қосып келе жатқан өңірлердің бірі. Сонымен қатар мол табиғи қоры тағы бар. Тө­тен­ше жағдайға тиісті көңіл бөлінсе, тілсіз жаумен күресуде де белсенділік танытатынымыз анық.

 

 Жамбыл облысы