Әуелі Шымкенттің жаңа қалашығына айналған әкімшілік іскерлік орталығындағы тұрғын үйлердің құрылыс алаңын аралаған шаһар басшысы мердігер мекеменің басшысына жұмысты жандандырып, нысанды мерзімінде аяқтау қажеттігін айтты. Сондай-ақ жауапты сала басшыларына инфрақұрылым мәселесін тез әрі оңтайлы шешуді тапсырды.
Одан соң С.Бәйтереков көшесінде орналасқан «Tamerlan Residence» тұрғын үй кешенінің құрылысына барды. Аталған нысанды «BI Group» ЖШС құрылысты келесі жылдың тамыз айында аяқтауды жоспарлап отыр. Мұнда 16 және 12 қабатты 7 тұрғын үй бой көтеретін болады.
Бұдан әрі қала әкімі «Ақжайық» және «Көкжайлау» тұрғын үй кешендерінің құрылысын көрді. Нысандарды салып жатқан мердігер мекемелердің өкілдерімен кездесу барысында тұрғын үйлердің қасбетіне баса көңіл аударып, қаланың көркін ашатындай етіп салу айтылды.
Өз кезегінде «Тұран» ықшам ауданындағы 1200 орындық мектептің құрылысына барған қала басшысы мұндағы шешілмей жатқан түйткілді коммуналдық мәселелермен қатар, балалардың білім алуына қолайлы жағдай жасалуы керектігін қадап айтты.
Сонымен қатар Е.Айтаханов аталған тұрғын үйлердің құрылысын жүргізіп жатқан барлық мердігерлерге бірнеше сын-ескертпелер жасады. «Мұндай тұрғын үйлерді саларда ең алдымен инфрақұрылым мәселесін шешкен жөн. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған пандустар болуы шарт. Салынып жатқан тұрғын үйлердің қасбеті заман талаптарына сай әрі әсем болуы керек. Шымкент – мегаполис қала. Демек, біз жаңаша ойлап, қаламыздың көркеюіне баршамыз ат салысуымыз қажет», деді Ерлан Қуанышұлы.
Қазіргі таңда қалада мемлекеттік бағдарлама арқылы салынып жатқан тұрғын үйлердің құрылысы аяқталуға жақын. Нақтырақ айтар болсақ, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 26 тұрғын үй пайдалануға беріледі. Бұл үйлерді «7-20-25» бағдарламасы арқылы да алуға болады. Жыл соңында лентасы қиылатын 26 тұрғын үйде барлығы 1164 пәтер орналасқан.
Шымкент қаласының Құрылыс басқармасы таратқан мәліметке сүйенсек, аталған тұрғын үйлерді салу үшін бағдарламаның операторы – «Баспана» АҚ-нан 10 млрд теңге және жеке инвесторлардан 2,7 млрд теңге бөлінген. Қазіргі таңда тұрғын үйлердің құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр.
«Жыл соңына дейін, дәлірегі желтоқсан айында нысандар пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Жеке инвесторлар өздерінің құрылысқа құйған қаржысының үлестік пәтерін алады. Сөйтіп, хабарландыру беріп екінші деңгейлі банктер арқылы оны «7-20-25» бағдарламасымен өткізеді. «Баспана» АҚ-ның үлесіндегі пәтерлер де сол бағдарламамен үлестіріледі. Бірақ мұнда тұрғын үй кезегінде тұрғандарға, көп балалы отбасыларға басымдық беріледі», дейді «Shymkent» ӘКК» АҚ басшысы Әбілсейіт Рабаев.
«Shymkent» ӘКК» АҚ-мен «7-20-25» бағдарламасы аясында жүргізіліп жатқан тұрғын үйлердің жалпы ауданы 73 мың шаршы метрден асады.
Бұл тұрғын үйлер қайда салынып жатқанына тоқталсақ. Бағдарлама аясында құрылысы жүргізіліп жатқан үйлер 2 кезеңге бөлінген. 1-кезеңде» Тұран» шағын ауданындағы 9 қабатты 2 тұрғын үйді және «Қаратау» ауданы 192 орамдағы 5 қабатты 6 үйді тапсыру жоспарланған.Құрылысын«БекСтрой Сервис» ЖШС жүргізеді. Жалпы ауданы 8960,28 шаршы метрді құрайтын бұл үйлерде 1, 2 және 3 бөлмелі, барлығы 126 пәтер болады.
Бұдан бөлек көпқабатты тұрғын үйлерге жапсарласып, әлеуметтік, тұрмыстық, сауда-саттық және ойын-сауық орталықтары да салынады. Бұл тұрғын үйлер «Екі жұлдыз» тойханасының қарсы бетінде орналасады.
Ал, «Қаратау» ауданы 192 кварталдағы 5 қабатты 6 үйдің сметалық құны құрылысын «АрхПроект-1» ЖШС қолына алған. Жалпы ауданы 16000,8 шаршы метр құрайтын үйде 240 пәтер болмақ. Құрылыс жұмыстарының 2 кезеңінде «Тұран» шағын ауданында тағы да 6 көпқабатты тұрғын үй бой көтереді. Бұл тұрғын үйлердің құрылысы аяқталғанда 350 пәтер өз иесін табады.
«Қаратау» ауданы, «Асар-2» шағынауданы №3196 А, 3196 жер телімдерінде 5 қабатты 10 тұрғын үй бой көтереді. Нәтижесінде 300 пәтер пайдалануға беріледі. Бұдан бөлек, «Қаратау» ауданы, 178 квартал, №36 жер телімінде 9 қабатты 2 тұрғын үйдің құрылысы басталған. Пәтер ауданы – 15225 шаршы метрді құрайтын бұл үй 192 пәтерлі болады.
Тапсырысқа жыл соңында берілетін бұл пәтерлердің 1 шаршы метрі 190 000 – 210 000 теңге аралығында болады. Таңдаған пәтер құнының 20 пайызы болса, қалған қаржыны банк арқылы «7-20-25» бағдарламасымен 7 пайызға, 25 жылға дейін рәсімдеуге болады.
«Баспана» АҚ немесе жеке инвесторлардың қаржысына салынған пәтерлердің бағасында ешқандай айырмашылық болмайды. «7-20-25» бағдарламасының ережесіне сәйкес, таңдаған үйдің құны 25 млн теңгеден аспауы керек. Одан арзандары құпталады.
Сондай-ақ Шымкент қалалық құрылыс басқармасының берген мәліметіне сүйенсек, жоғарыда аталған 26 тұрғын үйден бөлек, биыл жеке инвесторлардың есебінен тағы 49 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр екен. Жалпы ауданы 190 мың шаршы метрден асатын үйлерде 1919 пәтер бар.
Аталған тұрғын үйлер жеке салушылар тарапынан салынып жатыр. Бұл үйлер де «Баспана» ипотекалық компаниясының «7-20-25» бағдарламасы, «Тұрғын-үйқұрылысжинақбанкі» АҚ тағы басқа да механизмдер арқылы сатылымға шығарылады.
Қалада құрылысы жүргізіліп жатқан баспаналардың жағдайымен толық танысқан шаһар басшысы Ерлан Қуанышұлы жауапты сала басшыларына архитектуралық қала құрылысы кеңесінде жоғарыда аталған барлық мәселелерді көтеріп, тиісті шешім шығаруды тапсырды.
Айта кетейік, бүгінгі таңда қала бойынша тұрғын үй құрылысына жалпы мемлекет тарапынан 34,6 млрд теңге (құрылыс басқармасы - 20,3 млрд, «SHYMKENT» ӘКК» АҚ - 10 млрд, Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы жастарға жалдамалы пәтерді сатып алуы үшін 4,3 млрд) жұмылдырылған.
ШЫМКЕНТ