Руханият • 27 Қыркүйек, 2019

Алматыда Әуезов есімі әспеттелді

813 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бүгін Мұхтар Әуезовтің туған күні. Жиырмасыншы ғасырдағы қазақ өркениетінің барлық табыстары оның есімімен тікелей  байланысты. Қазақ әдебиетінің тұңғыш эпопеясын жазып, қазақ драмматургиясының алғашқы қарлығашын қанаттандырып, Еуропалық дәрежедегі қазақ прозасының негізін салған заңғар тұлғаның есімі уақыт өткен сайын ұрпақ санасында биіктей бермек.  Алматыда жазушының туған күніне орай өткен дәстүрлі «Әуезов оқулары» атты жас ғалымдардың XYI ғылыми-тәжірибелік конференциясына жиналған зиялы қауым өкілдері осылай деді.

Алматыда Әуезов есімі әспеттелді

Алыс-жақыннан келген қонақтар ең алдымен жазушының зират басына барып әруағына құран бағыштады. Жергілікті әкімдік пен қалалық «Нұр Отан» партиясының өкілдері, қазақ руханиятының алдаспанына айналған қабырғалы қаламгердің ұрпақтары атынан «М.О.Әуезов мұражай үйі» төріндегі бюстке ықылас гүлдерін қойды. Конференция жұмысын ашып берген М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Матыжанов өткізіліп отырған «Әуезов оқулары» жас ғалымдарды бір арнада тоғыстырған рухани озық алаңға айналып келе жатқанын атап өтті.

«Ұлы Мұқаңның туған күні біз үшін ұлттық мереке болуы керек. Басқасын айтпағанның өзінде көзі тірісінде мұражай салып, оны кейінгі ұрпаққа мұра етіп қалдырған Әуезов сияқты қаламгер кемде-кем. Әуезов шығармашылығын аялау, оны түп-тамырымен зерттеу, қадірлеу, жас ұрпаққа жеткізу біздің ұлттық парызымыз. Әдебиет және өнер институтының құрылуы Мұқаңның есімімен тығыз байланысты. Сондықтан, әсіресе, біздің ғылым ошағының қызметкерлері үшін сөз сардарының туған күнінен асқан мереке жоқ», -  деді ол.  

Ұлы жазушының баласы деген атақты алып жүрудің қаншалықты жауапты екенін тілге тиек еткен мәдениеттанушы-ғалым, қоғам қайраткері Мұрат Әуезов «Әке туралы сөз» тақырыбында әңгіме өрбітіп, әке Әуезовтің әсерлі сәттері туралы сезімге толы естеліктерімен бөлісті.   

– Әкем Мұхтар Әуезовтің орны мен үшін әрине, бөлек. Оның шығармалар жинағын әзірлеу барысында бұрын еш жерде жарық көрмеген көптеген жаңа дүниелерге кезіктім. Ол - мұхиттай шексіз, бар­лық уақытын, өмірін қазақтың рухани әлеуетін көтеруге арнаған жан. Әкем менің өмірлік жолымды, бағытымды, болашақ жоспарымды қысқа уақытта белгілеп кетті. Өсіп келе жатқан шағымда әкеммен жиі кездесіп, болашаққа жоспар құрып, өмірде қандай мамандық таңдауыма дейін үлес қосқан. Менің әрбір жетістігіме қуанып, маған әрдайым көңілі толып жүретінін байқайтынмын. Сол кезеңдер мен үшін өте бақытты кезеңдер болды, – деп еске алды Мұрат Әуезов.

1

М.О.Әуезов  атындағы  Әдебиет және өнер институтының фольклортану бөлімінің бас ғылыми қызметкері Бақытжан Әзібаева жазушының қазақ фольклоры туралы тұғырлы концепциясы төңірегінде сөз қозғаса, ғылым ошағының бас ғылыми қызметкері айтулы ғалым Айгүл Ісімақова «Қазіргі әуезовтану Ресей  әдебиеттануында» тақырыбында тұщымды ойларын ортаға салды. Мұхтар Әуезовтің есімі қаламгерлік қырымен ғана емес, қазақ тарихындағы тұңғыш футболшылардың бірі ретінде де тарих бетінде таңбаланғанын  біреу білсе, біреу білмес. Осыған орай, басқосуда сөз алған Алматы қаласы, Медеу ауданының әкімі Сұлтанбек Мәкежанов жастар арасында футболдан Мұхтар Әуезов атындағы  дәстүрлі халықаралық турнир өткізуге ниетті екенін білдірді.

1

Сонымен қатар, конференция барысында еліміздің әр аймағынан бақ сынаған дарынды оқушылардың «Менің Әуезовім» атты шығармашылық конкурсының қорытындысы жарияланып, жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталды. Бас жүлдені Түркістан облысы, Созақ ауданы, Аққолтық ауылына қарасты Ш.Уалиханов атындағы орта мектептің 11 сынып оқушысы Сейтжаппар Ақтілек иеленсе, I-орын Алматы қаласы №13 мектеп-гимназиясының  9 сынып оқушысы Бисенбаева Айшаның еншісіне бұйырды. Алматы қаласы №3  жалпы білім беретін мектептің 10 сынып оқушысы Кербесбай Нұржан  жүлделі II орынның иесі атанса,  III-орынды Ш.Смағұлов атындағы Алматы облыстық дарынды балаларға арналған мамандырылған физика-математика мектеп-интернатының 10 сынып оқушысы Шаштай Ақтоты мен Алматы облысы, Іле ауданы Өтеген батыр ауылы №38 мектеп гимназиясының 9 сынып оқушысы Өсербай Айғаным өзара бөлісті. Мерекелік конференция қонақтарына және байқау жеңімпаздарына «ҚАЗақпарат» баспасынан жарық көрген М.О.Әуезовтің «Абай жолы» романы сыйға тартылды.

Іс-шара заңғар жазушының мұражай-үйіндегі экскурсиямен жалғасын тауып, Әуезов шығармашылығы хақында жазылған құнды зерттеу-еңбектерден құралған кітап көрмесіне ұласты.

 

 

АЛМАТЫ