Ресейдің бәсі жоғары
– Балалар тауарлары өндірісі қауымдастығының президенті Дарья Гайденрайх Алматыда өткен «ЕАЭО: Балалар ойыншығы нарығы» халықаралық форумында осы 0,4 пайыздың өзі елдегі шағын және орта бизнестің тамырына қан жүгіртуге шамасы жететінін айтты. Алайда отандық кәсіпкерлер бұл мүмкіндікті уыстан шығарып алыпты.
«Қазақстанның ойыншық нарығындағы біздің үлесіміз 1 пайыздың айналасында болуы әбден мүмкін. Балаларымыз ойнап жүрген ойыншықтың 99 пайызы импорттық өнім», дейді Д.Гайденрайх.
Қазір балалар тауарлары тасымалының 40 пайызы көлеңкелі нарықта. 2017-2018 жылдары бұл нарық дағдарысты басынан өткеріп, көлемі 17-20 пайызға төмендеді.
Д.Гайденрайхтың айтуынша, қазіргі тұтынушылар функционалды әрі жоспарлы саудаға мән береді. Демек, ендігі бәсекенің тағдырын тұтынушының талғамы шешеді. «Қазақстанда ойыншықтың сапасы мен арнайы сату нүктелерін анықтайтын ортақ деректер базасы жоқ. Ал отандық ойыншықтардың бағасына халықтың көпшілігінің қалтасы көтермейді. Бұл елде ойыншық индустриясының әлі де жолға қойылмағанын аңғартады. Импорт көлемі де алдағы уақытта көбеймесе азаймайды. Нарықтағы тұтыну-
шының сұранысы мен талабы жоғары. Ойыншық импортындағы көлеңкелі бизнеске тоқтау салсақ, сапа мәселесіне алаңдамауға болады. Біз сырттан келетін тауарларға күдікпен емес, талғаммен қарауымыз керек. Тұтынушы талғамы балалар ойыншығы индустриясының тағдырын шешеді», деді ол бізбен әңгімесінде.
Биылғы тамыз айының басында Ресейдің Өнеркәсіп және сауда министрлігі 2030 жылға дейін балалар тауарларын дамыту стратегиясының жобасын ашық талқылауға ұсынды. «2025-2030 жылдары экспорттық нарықтарға шығуы үшін отандық өндірушілерді өнімділігі жоғары заманауи жабдықтармен жабдықтау және цифрлы экономика талаптарына жауап беретін балаларға арналған өнім шығаратын жаңа өндірістер құру кезінде кең ауқымды қолдау жоспарлануда» деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.
Алматыда өткен халықаралық форумда экспорттық орталығының директоры Андрей Слепнев Қазақстан нарығында ресейлік тауар өндірушілер өнімінің үлесі көбейіп, ұсынылған тауар түрлері әртараптанып келе жатқанын жеткізді. Мәселен 2018 жылы экспорт көлемі 64 млн АҚШ долларына жеткен. Оның 50 пайызы – балалар ойыншығы, 31 пайызы – балаларға арналған тағамдар. «Ресейлік балалар тауарын өндірушілердің өнімі Қазақстанда сұранысқа ие. Біздің тәрбиеміз, менталитетіміз ұқсайды. Екі елдің ұлттық валютасы бір деңгейлес дәлізде. АҚШ доллары қымбаттаса, оның әсері екі елге де бірдей сезіледі. Балалар ойыншығы нарығын қолдан реттей алмайсың, соңғы нүктені балалардың талғамы қояды», деген А.Слепнев өздерінің ойыншықтарының қазақ жерінде бәсі басым боларына сеніп отыр.
Осы жиында сөз алған ресейлік сарапшылар ЕАЭО кеңістігінде балалар тауарлары және ойыншықтары индустриясының ортақ қағидаларын қалыптастыру мәселесін көтеріп, оған өздерінің дайын екенін мәлім етті. Демек бізді ЕАЭО нарығында да балалардың сұранысы үшін аламан бәсеке күтіп тұр. Жеңген тарап қана балалардың психологиясына әмірін жүргізеді.
РФ Аккредитация мәселелері бойынша федералдық қызметі жетекшісінің орынбасары Аркадий Егоровтың айтуынша, ЕАЭО мүше елдердің балалар ойыншығына арналған техникалық регламенті ескірген. Қазір ойыншықтың жаңа түрлері шықты. Ақпараттық технологияның, цифрлы экономиканың мүмкіндіктері балалар ойыншығы индустриясына да әсерін тигізіп жатыр. «ЕАЭО-қа мүше елдердің әрқайсысы үшін техникалық комитет керек емес. ЕАЭО-ның барлық елдері үшін жұмыс істейтін бір техникалық комитет құрайық. Сонда одаққа мүше елдердегі ойнышық индустриясының өкілдері бір жоспарға сәйкес жұмыс істейді. Сол кезде қандай стандартқа ие болатынымыз барлығымызға түсінікті болады. ЕАЭО елдері үшін ойыншықтар мен оған арналған материалдарды бірдей сынақтан өткізу маңызды», деді А.Егоров.
Ойыншық индустриясы нарықтың қамту аймағына тәуелді. Оның айтуынша, әлемдік нарықтың 95 пайызын уысында ұстап отырған Қытайда ойыншықтың 1 түрін бір тәулік ішінде бір үлгіде 5-7 млн данамен шығарып, импорттауға мүмкіндік бар. Салыстырмалы түрде қарасақ 5-7 млн данамен шыққан ойыншықтың өзіндік құны – 300 теңге. Тура сол үлгіде, бірақ 5-7 мың данамен шыққан ойыншықтың өзіндік құны – 10 мың теңге.
А.Егоровтың түсіндіруінше Қытайда жасалған ойыншықтың бағасын арзандатып тұрған басты фактор осы екен. «Қытай экономикасы ойыншық нарығын уысында ұстап отыр. Біз жеке-дара бәсекеде тойтарыс бере алмаймыз. Сондықтан, ЕАЭО шеңберінде ортақ ойыншық индустриясын қалыптастыратын кез келді. Бірақ бұл ұсыныстың одақтың комиссиясы тарапынан қарсылыққа ұшырайтынын білемін», деп сөзін түйіндеді ол.
2018 жылдың қорытындысы осы пікірдің шындыққа жақын екенін көрсетеді. Әлемдік экономикада қиын кезең болса да, ойыншық нарығында ілгерілеушілік байқалды. Көздің жауын алатын ойыншықтардың басым бөлігі көршілес Қытайдан келеді. Қытайда бұл өндіріс дамығаны сонша, тек қана ойыншық жасап шығаратын 8 мыңнан астам компания тіркелген. Олар жыл сайын өнімнің 30 мың түрін өндіретін көрінеді. Тіпті әлемдік нарықтағы ойыншықтың 95 пайызы Қытайда құрастырылады.
Соңғы он жылда АҚШ-тың өзінде ойыншық өндіретін мекемелердің тең жартысы жабылған. Жапония мен Бразилияда отандық тауар өндірушілерді астыртын қолдау шаралары қолға алыныпты. Бразилия соңғы жылдары шетелдерде өндірілген ойыншықтарды жарнамалауға шек қойып, оның бала психологиясына кері әсеріне назар аударып жатыр.
2018 жылы Ресейден Қазақстанға жалпы құны 55 млн АҚШ долларына бағаланған тауар импортталған. Оның 50 пайызы – балалар ойыншығы, 31 пайызы – балалар тағамы екенін жоғарыда айтып өттік. Ресей бізді киіндіретін деңгейге әлі жеткен жоқ. Бірақ ЕАЭО-да балаларға арналған тауарлардың ортақ нарығы қалыптасса, бізді киіндіріп, балаларымызды ойнату мәселесі Ресей мен Беларусь арасында бәсекеге айналары, жеңіп шыққанына бұйырары анық.
Ойыншық индустриясы бизнес пе, идеология ма?
Ойыншық бизнесін жолға қойып, әлемдік үлесте қомақты енші алып отырған елдер бұл саланы бизнес емес, идеология деп қарайды. Қытайдың өзін ойландырып отырған Жапонияда ойыншық бизнесі – мемлекеттің бақылауында. Бұл елде «жапон ойыншығы – жапон балаларына» деген ұстаным бар екен. Біраз жылдан бері біздің елде жұмыс істеп келе жатқан жапониялық саясаттанушы Ока Нацуко басқаша болуы мүмкін еместігін айтады. Себебі балаға ата-анасынан кейінгі ең жақыны – ойыншығы. «Бұл жерде мемлекеттің ұстанымы мен бизнестің мүддесі бір жерден шықты: Кәсіпкерлер ойыншықтың бағасын оған жұмсалған қаржыдан 1 пайызға ғана жоғары қояды. Шығын мемлекеттік субсидия есебінен толықтырылып отырады», дейді Ока Нацуко бізбен әңгімесінде.
Қазақстандық кәсіпкерлер де құп көреді
Тәуелсіз Қазақстанда тілі қазақ, түрі қазақ балалар ойыншығын жасаған кәсіпкер Қыдырәлі Болман да «Бал-баланың» қуыршақтарына пайда көзі деп қарамайтынын айтты. Бір қуыршақтың өзіндік құны, оның киімін, шашын есептемегенде – 3-5 мың теңге. Қуыршақтың киімдері мен тағы басқа шығындарын қоса есептегенде жиынтығы 8-12 мың теңгенің айналасына барып бірақ тоқтайтын көрінеді. Қытай тәрізді ойыншықтың бір түрін бір мезгілде миллиондап шығарып, қосымша шығынды ойыншықтың сапасымен емес, таралымымен ақтап алатын мүмкіндік бізде жоқ.
«Біз әрбір қуыршаққа 1,5-2 мың теңге үстеме баға қоямыз. Бұл сома қуыршақ бизнесіне мемлекеттен субсидия алып отырған Ресей немесе Қытайдағы сомамен бірдей. Балалар ойыншығы индустриясына бизнес емес, идеология көзі деген көзқарасты қалыптастырмасақ, ертең кеш болады», деді Қыдырәлі Болманов.
Ол қуыршақтарын өткізетін жер іздеп Қазақстанның барлық аймағын аралап шыққанын айтып өтті. Тек бірер облыс қана тапсырыс беруге ниет танытқан. Осыдан кейін қазақтың «Бал-баласынан гөрі шетелден ағылған ойыншықтардың насихаты мықты болып тұр ғой» деген ойға келесің. Әрбір бала сүйіп көретін Монстр Хайдың насихаты мультфильм арқылы баланың санасына сіңді. Сәйкесінше, сатылымы жоғары. Ойыншық өндіру – қыруар қаржы мен біршама уақытты қажет ететін үлкен сала. «Мен бір өзім не істей аламын? Телеарна ашып «Бал-баланың» мультфильмдерін түсіруім керек пе, әлде ойыншық шығаратын зауыт саламын ба? Бүгінгі таңда біз түгіл Американың да, Еуропа елдерінің де зауыт ашып, шаруаны дөңгелетіп әкетуі екіталай. Оған өте қомақты қаржы керек. Зауыт ашып, төл ойыншығымызды шығарған күннің өзінде бағасы Қытайдан жасап әкелгеннен бәрібір қымбат болады. Қытайда ондай зауыттардан аяқ алып жүре алмайсыз. Бірақ сапалылары аз. Сапа сертификатынсыз жұмыс істейтін зауыттарға ұрынып қалмас үшін сенімді серіктес табу керек. Жүздеген зауытты аралап, таныстық. Бала денсаулығына зияны жоқ таза шикізатты пайдаланатын, сертификаты сенімді зауытты табу оңай болған жоқ. Бұл мәселеге Үкімет араласып, мемлекеттік бағдарламалардың санатына кірсе – әңгіме бөлек», дейді Қ.Болманов.
«Балапан» арнасы, Білім және ғылым министрлігі және «Бал-баланың» мүддесі бір болғанымен, әрқайсысы өз бетімен жүр» деген пікірді сарапшылар да жиі айтады. Кәсіпкердің пайымдауынша, осы аталғандардың бірігуі аса маңызды. «Балапан» арнасында «Бал-баланың» бір сағаттық бағдарламасы болса, біздің балаларға айтарымыз көп», дейді Қ.Болманов.
Балаларымыздың көз қуанышына айналған өнімдерді өндіру үшін мемлекеттің қолдауы аз екенін сеземіз. Кеңес үкіметі кезінде Алматыдағы пластмасса өңдейтін «Қызыл Ту» зауытының жанынан бүлдіршіндерге арналған ойыншық шығарылатын. Кейінірек оны «Сұңқар» атты қазақстандық ойыншық зауыты алмастырған еді. Бірақ өзімізде өндірілді деген аты болмаса, керек заттардың бәрін көрші мемлекеттерден тасу зауытқа еш табыс әкелмеді. Бәсекеге төтеп бере алмай жұмысын тоқтатты. Содан бері отандық ойыншық өндіру ісі елімізде күрмеуі шешілмеген мәселе болып келеді.
Бүгінде баланың заманға сай болуына назар аударатындар көп. Балаларымыздың қиялын жаулап алған заманауи кейіпкерлердің ұлттық нақышпен балалар ойыншығына айналғанын қалаймыз. Ұлтының ұлы мұрасына мән бермей, өзгенің қуыршақ бейнесіндегі тұлғаларын ұлықтап өскен ұрпақ ертең кім болмақ?!
Гүлбаршын АЙТЖАНБАЙҚЫЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»
АЛМАТЫ