Басқосуға Түркия Республикасы Президентінің Бас кеңесшісі Ялчын Топчу, Түркі кеңесі жанындағы Ақсақалдар кеңесінің түрік мүшесі профессор Мұстафа Исен, Түркі кеңесі Бас хатшысының орынбасары Өмер Кожаман, Халықаралық Түркі академиясының басшысы Дархан Қыдырәлі, Қазақстанның Түркиядағы елшісі Абзал Сапарбекұлы, Түркияның экс-мәдениет министрі Намык Кемал Зейбек, сондай-ақ Әзербайжанның, Қырғызстанның, Өзбекстанның елшілері, Түркия Ұлы ұлттық мәжілісі депутаттары, аналитикалық зерттеу орталықтары басшылары, шетелдік дипломаттар, БАҚ өкілдері мен Түркияда білім алып жатқан қазақстандық студенттер, диаспора өкілдері қатысты.
Іс-шара басталмас бұрын Түркия Ұлы ұлттық мәжілісінің төрағасы, профессор Мұстафа Шентоп және Түркияның астанасы – Анкара қаласының мэрі Мансур Яваштан жеделхаттар келіп түсті. ТҰҰМ төрағасы М.Шентоп өзінің жеделхатында Түркі ынтымақтастығы қазіргі таңда белгілі дәрежеге жеткендігіне назар аудара отырып, көпжақты саяси және экономикалық әріптестіктің жаңа белестерден өтуі жолында «Түркі интеграциясының архитекторы» атты кітаптың маңызды үлес қосатынына сенім білдірді.
Аталған шараның ашылуында сөз сөйлеген Қазақстанның Түркиядағы елшісі А.Сапарбекұлы: «Түркі дүниесіндегі бірлік пен берекені, өзара қарым-қатынасты көздің қарашығындай сақтау болашақ ұрпақ үшін де өте маңызды. Кітап – тасқа түскен таңбадай, санаға жазылып қалады. Сондықтан да Тұңғыш Президентіміздің түркі әлеміндегі рөлін толықтай ашатын мемлекет басшыларының, танымал саясаттанушылардың, ғалымдар мен зиялы қауым өкілдерінің салиқалы пікірлері мен орамды ойлары топтастырылған осы кітап қолына тиген әрбір адам, біздің тамыры тереңге жайылған бауырластығымызды терең түсінеді», деді.
А.Сапарбекұлы Тұңғыш Президент Н. Назарбаевтың тамыры бір туыс жұртты түгендеп, үзіліп қалған алтын арқауды қайта жалғағанын, оның бастамасымен 2009 жылғы 3 қазанда Түркі кеңесі құрылып, Нахчыван келісіміне қол қойылғанын атап өтті.
Түркі кеңесі Бас хатшысының орынбасары Ө.Кожаман Н.Назарбаевтың мықты ерік-жігері мен саяси көрегендігі арқасында Түркі әлемі интеграция жолына түскенін алға тартты. Түркі кеңесінің өткен 10 жылдағы жетістіктеріне тоқталып, қазіргі таңда Түркі іскерлік кеңесі, Түркі университеттер бірлігі, Жастар платформасы сияқты институттардың белсенді түрде жұмыс істеп жатқанын, «Орта дәліз» көлік жобасы іске қосылғанын, сондай-ақ жақында Еуропаның төрінде Будапеште Түркі кеңесінің офисі ашылғанын айтты. Ө.Кожаман Өзбекстанның Түркі кеңесіне қосылуын қуантарлық оқиға деп бағалады.
Сөзін түрік жұртшылығын бүгінгі Түрік тілі мерекесімен құттықтаудан бастаған Халықаралық Түркі академиясының Президенті Д.Қыдырәлі кітапта топтастырылған пікірлер мен мақалалардың авторлары жайында ақпарат берді. Сонымен қатар Тұңғыш Президент Н.Назарбаевты Ататүрікке теңей отырып, Түркі кеңесі, Түркі академиясы, ТүрікПА сияқты ұйымдарға Елбасының «түркі» атауын бергенін еске салды.
Н.Назарбаевтың 1990 жылдардан бастап түркі әлемінің интеграциясына сабырлы және мақсатты түрде еңбек еткенін айтып өткен Д.Қыдырәлі, түркі әлемі бұл еңбегі үшін Елбасына Түркі кеңесінің Құрметті Төрағалығына лайық көргенін жеткізді. Академия басшысы Н.Назарбаевтың тарихта ұлы түрік тұлғалары сынды өзінің өшпес із қалдырып, түркі болмысының рухын асқақтатуда бар күш-жігерін жұмсап келе жатқанын атап өтті.
Жиын барысында Д.Қыдырәлі аумалы-төкпелі жылдары азаттығын жариялаған Түркі елдерінің бауырлас Түркиямен байланыстарын қалыптастыруға өлшеусіз қолдау көрсеткен Намык Кемал Зейбек пен бүгінде түркі әлемінің ынтымақтастығына зор үлес қосып жүрген Ялчын Топчуны Нахчыван келісімінің 10 жылдығына орай Академияның арнайы алтын медалімен марапаттады.
Түркияның танымал мемлекет және қоғам қайраткері Н.Зейбек Елбасы Н.Назарбаевты түркі әлемінің ұйытқысы ретінде бағалап, түркі әлемінің бүгінгі «Білге қағаны» деп сипаттады. Сонымен бірге ол Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың түркі әлеміне жасаған тарихи еңбектері туралы жан-жақты айтып берді.
Н.Зейбек Н.Ә.Назарбаевтың терең білім иесі екенін айта отырып, ол Ататүрікті ең жақсы зерттеп, түсінген кісі дей келіп, Елбасы Назарбаевтың соңғы шешімі бүкіл әлемді таңғалдырғанына тоқталды. «Бұл – Назарбаевтың халықтың рухын, ақыл-сезімін сезіне отырып қабылдаған теңдесіз шешімі. «Президент Қ.Тоқаев Елбасының осы сара жолын жалғастыратын өте тәжірибелі, парасатты, зиялы мемлекеттік қайраткер» деп бағалады.
Түркия Республикасы Президентінің Бас кеңесшісі Я.Топчу Президент Р.Ердоғанның конференция қатысушыларына сәлемін жеткізе отырып, өз сөзінде Н.Назарбаевтың тек түркі әлемінің тыныштығы үшін ғана емес, жалпы дүние жүзіндегі бейбітшілік пен тұрақтылық үшін тер төгіп келе жатқанын алға тартты. Түркі кеңесінің архитекторы Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев екенін және бұл ұйымның түпкі мақсаты дүниежүзілік бейбітшілік, әділет, қауіпсіздік және тұрақты даму деп атап өтті.
Сөз соңында Я.Топчу бүгін тұсауы кесіліп отырған кітап түркі әлемінің көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевты барлық қырынан жақсы танытуға мүмкіндік беретінін айтты.
Осыдан он жыл бұрын, 2009 жылғы 3 қазанда Әзербайжан Республикасының Нахчыван қаласында өткен саммит барысында Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен «Түркі тілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесін құру туралы» келісімге қол қойылып, жаңа халықаралық ұйым ірге көтерген болатын. Бүгінде сол Түркі кеңесінің ауқымы кеңейіп, мүше мемлекеттер қатары Өзбекстанмен толығайын деп отыр. Сонымен қатар Мажарстан кеңеске бақылаушы мәртебесіне ие болды.
«Түркі интеграциясының архитекторы» жинағына Түркі әлемінің көшбасшысы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаев туралы бірқатар мемлекет басшыларының, танымал саясаткерлердің, сарапшылардың және зиялы қауым өкілдерінің пікірлері топтастырылған.
Авторлар Елбасының түбі бір түркі халықтарын жақындастырудағы ерен еңбегі мен салиқалы саясатын, көшбасшылық қасиеті мен даналық шешімдерін жан-жақты сараптайды.