2018 жылы олардың қатары 3 508 адамға жетті. Биылғы Жастар жылында еліміздің Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау, Ақмола облыстары мен Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларының жастары 1063 әлеуметтік жоба грантын ұтып алды.
Жалпы, Zhas Project жобасы жастардың өмірден өз орнын табуға ықпал етеді десек артық айтпаймыз. Себебі оның негізгі қатысушылары NEET санатындағы жастар. Олар әлеуметтік жобаны іске асыру барысында өмірлік маңызы бар дағдылар мен жобаларды басқарудың бағдарламасы бойынша үш кезеңдік оқытудан өтеді. Алдымен алты ай бойы әлеуметтік жобаларын іске асырады. Жастарға ай сайын төленетін шәкіртақы да қарастырылған. ЖОО түлектеріне 60 000 теңге берілсе, қалғандарына – 40 000 теңге шәкіртақы тиесілі. Сонымен қоса, барлық қатысушылар өз жобаларын іске асыру кезінде менторлардың, яғни жөн көрсетіп, бағыт сілтейтін адамдардың қолдауын алады.
Бүгінде бас қаламызда өз жұмысын бастап кеткен әлеуметтік жобалар қарқынды жұмыс істеп отыр. Үйде отырған келіншектер, еңбекке жарамды жұмыссыз жастардың тың идеяларын іске асыруға мүмкіндік беріп отырған Zhas Project жобасының бұл да бір үлкен жетістігі. Мәселен, Зәуре Достахина, Ұлжан Серік және Раушан Бөстек есімді келіншек елордада тактильді және сенсорлық ойыншықтар тігетін тігін орталығын ашты. Білім және ғылым министрлігі мен Дүниежүзілік банк ұсынған жобаның грантын жеңіп алған жастар қоғамға пайдалы шаруаны бастап кетті.
Зәуре Достахина 1990 жылы Семей қаласында туып-өскен. Мектепте физиканы сүйіп оқыған Зәуренің негізгі мамандығы теміржолшы. Жоғары оқу орнын Алматыда тәмамдаған. Zhas Project жобасы жайында әлеуметтік желілерден білген. Сөйтіп жанына өзі сияқты пысық әрі ізденімпаз қыз-келіншектерді жинап, топ құрып, байқауға әлеуметтік жобаларын ұсыныпты.
– Біздің жоба балалардың ұсақ моторикасын және жалпы дамуына пайдалы. Әсіресе Даун синдромына шалдыққан, аутизммен ауыратын балалар үшін өте қажет. Ерекше балаларда ұсақ моториканың дағдылары баяу дамиды. Біздің ойыншықпен ойнағанда олардың сабаққа деген қызығушылығы артады, көбірек қимылдайды. Ойнау арқылы қолының моторикасы, айналадағы заттарды сенсорлық қабылдауы дамиды. Ойыншықтардың дизайнынын өзіміз жасадық. Дайын өнімді осындай балаларға тегін таратамыз,– дейді Зәуре. Ол алдағы уақытта демеуші табылса, мұқтаж жандарға көмекті көбірек берсек деп армандайды.
Zhas Project әлеуметтік жобасы аясында Нұрсұлтан қаласында ашылған тағы да бір ерекше жоба – Booktime деп аталады. Бұл әлеуметтік жобаның жетекшісі Мадина Жұманқызы бала күтіміне байланысты үйде отырған жас келіншек. Оның айтуынша, бала кезінен кітапқа деген сүйіспеншілігі ерекше болған. Әкесі оны кітапқа деген махаббатын оятуға себепші болыпты. Әріпті ерте танып, ертегілерді судырата оқыған екен. Содан Zhas Project әлеуметтік жобасы жайында өзінің жерлестерінен естігенде, астаналық құрбыларымен ақылдаса келе, тегін кітап оқыту орталығын ашуға бел буған. Топ құрамында өзі сияқты үйде отырған Әсем және Дина құрбылары да бұл ойды қолдап, қазіргі таңда балаларға кітап оқыту орталығы тегін қызмет етіп келеді. Бұл орталық бүгінде елордадағы Жағалау ауданында орналасқан.