30 Қыркүйек, 2019

Елді танытатын – ерек таланттар

421 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Мысалы, Тимур Бекмәмбетовті, Тоқтар Әубәкіровті, Талғат Мұсабаевты, Ерік Құрманғалиевті, Майра Мұхамед­қызын, Димаш Құдайбергенді өзара не ортақтастырады деп ойлайсыз? Дұрыс, бұлардың бәрі қазақтар, тарихи Отаны – Қазақстан. Басқа не болуы мүмкін?

Елді танытатын – ерек таланттар

Бұл белгілі қазақтар туралы білгенімізді ортаға салып, өнері, тағдыры, ұлтының қажетіне жараған-жарамағаны туралы ұзақ-ұзақ айтысып, бір мәмілеге келе алмауымыз мүмкін, бірақ бір нәрсенің басы ашық – бұлардың бәрі де Қазақстаннан тыс жерде мойындалғандар. Ең әуелі сыртта жүріп танылғандар. «Қазақфильмнен» жұмыс таба алмаған атыраулық Бекмәмбетов Голливудты бағындырды, Қытайдағы миллиардты жарып келген Мұхамедқызы аштықтан бұратылып қалмас үшін қара нан мен кран суын талғажау етіп жүріп П.Чайковский атындағы байқауды жеңіп барып, Франция операсына жұлдызды жол салды, Димаштың жетістігі көз алдымызда. «Дозорларымен-ақ» дүние жүзіне дарынын дәлелдеп тастаған Бекмәмбетовке қайда туғаны, бойында қазақтың қанының бар-жоғы, қай елде өмір сүретіні маңызды болмауы мүмкін, бірақ Алматының орталық көшелеріндегі «Bekmambetov-Cinema» жанынан өтіп бара жатып, жаттың ішінде жүрген жақынымыз сияқты оны бәрі­бір іш тартып тұратынымыз жалған емес. Алып аумақта өмір сүріп жатқан аз ғана халық­пыз, таланттарды тануға, бағалауға келгенде тарлық жасайтын мінезімізді «ұлттық қасиетке» балап, бір күрсінеміз де, тірлігімізді жалғастырып жүре беруге үйренгенбіз.

Әлі есте, үстіне ауыр шекпенін жамылып алып, тарс бүркеніп, теріс қарап жатқан жабық ел болса да, «көпұлтты кеңестік өнер» деп аталатын үлкен өнер мен мәдениетті жасаған қайталанбас құбылыстардың арасында бірен-саран болса да, аз халықтардан шыққандардың да маңдайы жарқырады. Мәскеудің мойын­дағаны – тұтас алып империяның мойындауы еді. Бір грузин халқының өзінен барша ұлт мақтанышына айналған қаншама ұлы өнер адамдары шықты: Георгий Данелия, Вахтанг Кикабидзе, Зураб Церетели, Нани Брегвадзе, Тамара Гвердцетели, армянның мақтанышы болған Фрунзик Мкртчян, Балтық жағалауы елдерінің беделділері Раймонд Паулс, Яак Йола, Анне Вески, Ивар Калныныш, Андрис пен Марис Лиепалар, өзбектің ұлылығын танытқан Раззак Хамраев, ағайынды Закиров­тар, «Ялла» ансамблі, бұл ұзын-сонар тізімді әр кеңестік республика бойынша жал­ғас­тыра беруге болады. Миллиондардың мақ­танышы болу бұлардың мамандығы сияқты еді. Алдыңғы кезекке ақша шықпаған, тек таза, шынайы өнер дәріптелген заманда бұл мықтылардың үлкен экраннан көрінуінің өзі тура бүгінгі біздің Димаштың тілі мен түрі басқаларды табындырып жатқанындай, өзгенің қызығушылығы мен қызғанышын қатар оятатын. Қазақстаннан да 30-ға тарта КСРО халық әртісі шықты, өз елінің аңыз адамдары болды, өзгелерге таңдай қақтырды, бір дәуірдің үні болғандармен бірге бұлар да үлес қосты. Бірақ олар Мәскеудің биігінен көрінбеді, орталық олардың одақтық дәрежесін өзімен деңгейлес белгілі тұлғалармен теңестіруге сол асықпаған күйі кетті. Мойындауға келгенде Мәскеу мешеу­лік танытқанымен, ұлттық мәдениеттің түп-тамырын осы тұлғалар ұстап тұрды.

Ішімізде ешқашан басылмайтын күйік, есе, батпандай өкініш-өкпе қалды. Шетел таныған кейінгі буыннан шыққан әр талантты Тәңірінің сыйлаған баға жетпес тартуындай, өткенде қалған өкпенің өтемақысындай қабыл алып жатқанымыз да сондықтан болар. «Шетелге танылыпты, шетел таныпты, хош, онда тұрған не бар екен, бұлар танылғаннан елдің жағдайы жақсарып кете ме, кредиті жабыла ма, кірісі көбейе ме?» деген қиямпұрыс сөздер қазір жиі айтылады. Адам мұраты ішіп-жеумен ғана шектелмейді, қиын-қыстау кездерде сенімі мен үмітін үрлеп, арқаға түскен ауыр жүгін қиналмай көтеріп шығуына ең алдымен өнер адамдары септігін тиізеді. Өнер мен мәдениеттің деңгейі – қоғамымыздың ертеңгі аман-сау қалу-қалмауының ишарат белгісі. Біз қаласақ та, қаламасақ та, қоғамның автопортретін руханият бейнелейді.

Қатарынан, өзі озып туған қоғамнан биік адамдар шоғыры ұлттық діл мен сананы басқа қырынан танытатын өзгеріс әкеле алады. Егер шындап қолға алса, тау қопарып тастай алатын өнер шеберлері ел ішінде әлі де көп. Өнер адамдарына шығармашылық еркіндік пен қанат жаяр кеңістік берілсе, оларды аяқтан шалатындардың арам ойы аяқасты омақасып, жақсылыққа қарай жалт бұрылса, үнемі қолдау тауып отырса, әрқайсысының қолынан көп нәрсе келетініне шек келтіруге болмайды. Тек орайлы сәт пен оң жамбасына дәл келер оқиға болуы керек.

Тіпті қансыраған жарадан кейін де терінің беті жазылып, өлген жасушалар қалпына келеді. Ал біз өмір сүріп отырған қоғам өзді­гінен жаңарып тұру қабілетінен айырылып қалғандай, өкініштісі – осы. Қоғам уақыт­пен үйлесім табу үшін оған міндетті түрде сырттың әсері қозғаушы күш болып, итеріп, жетектеп мәжбүрлеуі керек сияқты міз бақпайды. Егер сыртта осындай мәдени дүмпу, оқиғалар болмаса, бәрі сол бәз-баяғы қалпында қала бермек.