Руханият • 30 Қыркүйек, 2019

Алматыда күйші Тұяқберді Шәмеловті еске алды

766 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматы қаласында Қазақстанның халық әртісі, Құрмет орденінің иегері, профессор, белгілі күйші-композитор Тұяқберді Шәмеловті еске алу кеші өтті.

Алматыда күйші Тұяқберді Шәмеловті еске алды

Осы шараға арнайы қатысқан Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт вице министрі Нұрғиса Дәуешов, Әуезов ауданының әкімі Сайран Сайфеденов, Батыс Қазақстан облыстық Ғарифолла Құрманғалиев атындағы филормонияның директоры Асхат Тарасұлы, домбырашы, ұстаз, фольклортанушы, ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері Кәрима Сахарбаева күйші туралы естеліктерімен бөлісті.

- Біздің Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорында Тұяқ ағамыздың өзі тұтынған бұйымдары, концерттік киімдері мен марапаттары сақтаулы тұр. Осы кездесуге Тұяқ ағамыз Құрманғазы оркестрінде бас концертмейстер болған кезде киген сахналық киімін, өзінің қолының табы тиген домбырасын, Нұрсұлтан қаласында Т.Шәмеловтің 60 жылдық мерейтойына байланысты өткізілген концертте Батыс Қазақстан облыстық Дәулеткерей атындағы оркестрі сыйға берген шапанын, Жаңақала ауданының Құрметті азаматы атағын алғанда берілген марапатын, ІІ республикалық Ә.Есқалиев атындағы күй сайысына қатысқаны үшін 2012 жылы берілген төсбелгісін, күй жинағы жинақталған үн таспаларын Оралдан арнайы алып келдік. Алматылық ағайынға, күйшінің өнерін сүйген көрермендерге осы жәдігерлерді көрсетіп, тарихын түсіндіргенімді өзіме зор мәртебе деп білдім, - дейді БҚО тарихи-өлкетану музейінің директоры Мирболат Ерсаев.

Тұяқберді ағаның рухына арналған шара шын мәнінде талантқа тағзымның, дарынға құрмет көрсетудің, асылды ардақ тұтудың үлгісі болды. Шынайы талантымен ортасын мойындатқан күйші, пайымы терең азамат, өмір бойы биік өнердің қамын жеген қайраткер Тұяқберді Шәмелов туралы әріптестері мен кейінгі ізбасар шәкірттері жүрекжарды ойларын ортаға салды.

Ақын Қадыр Мырза Әлі айтқандай, саусағынан мың тұяқтың дүбірін шығарып, домбыраны адамша сөйлеткен Тұяқберді ағамыз өмірден ерте кеткенімен, көпшілік көңіл бірлеткен оқиғаға куә болды. Күйшінің ұрпағы, 7 жасар Дамир Софиев халық күйі «Тепең көкті» керемет орындап берді. Кішкентай өнерпаздың жұрт алдында қысылмай шығып өнер көрсеткеніне жиналған қауым риза болып, «орнында бар оңалар» десті.

Кеш соңында күйшінің жары Жансәуле Шәмелова ерінің есімін ұлықтап, тұлғалық қасиетін дәріптеп, шарапатты шараны ұйымдастырған азаматтарға, Алматы қаласының әкімдігіне, күйшінің шәкірттері Нұрғиса Мұратұлына, Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрінің директоры Қуанышбек Жанболатұлына алғыс айтты.