Аймақтар • 30 Қыркүйек, 2019

Ақтөбе жылыту маусымына әзір

202 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қылышын сүйреткен қыс та иек астына келіп қалды. Ақтөбе облысының жылу беру маусымына әзірлігі ойдағыдай деуге болады. Облыс әкімдігі тарапынан бұрнағы жылу беру маусымында болған кемшіліктер қаперге алынып, биыл ондай олқылықтарға жол бермеу жағы ескерілді.

Ақтөбе жылыту маусымына әзір

Жақында өңір басшысы Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен облыстық тө­тенше жағдайлардың алдын-алу және жою жөніндегі комиссия отырысы өтті. Қысқа дайындық барысы негізгі тақырып болған жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, өңірлік депар­таменттер мен басқармалардың бас­шылары, өңірді қуат көзімен қам­титын басты мекемелердің бірі «Энер­го­система» ЖШС-ның өкілдері, «Қаз­ТрансГазАймақ» АӨФ, «Қазақстан темір жолы» ҰК «Магистралдық желінің Ақтөбе бөлімшесі» АҚ филиалының өкіл­де­рі қатысты. Бейнебайланыс режімінде қосылған аудан әкімдері де маңызды жиыннан тыс қалған жоқ.

Ақтөбе облысы бойынша 2019-2020 жылдардағы жылыту маусымына дайындық барысы туралы Энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруа­шы­лы­ғы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қаржаубай Ыбрайым­ұлы баян­дады.

– Жылыту маусымына қазандықтар, 274,5 шақырым жылу желілері 100% жөндеуден өтті. Бүгінгі таңда жылыту маусымының үздіксіз өтуі үшін әлеу­мет­тік салаларға 33 237,1 тонна көмір мен 1 750 тонна сұйық отын жеткізілген. Жылу алдымен әлеуметтік маңызы бар мекемелерге беріледі, – деді ол. Қаржаубай Ыбрайымұлының айтуынша, қазан айының алғашқы күнінен бастап облыстағы әлеуметтік нысандарға жы­лу беріле бас­тайды.

Жалпы, көктем келіп, күн жылынғанға дейін жекеменшік үйлерде тұратын жергі­лікті халыққа 37 мың тонна көмір қажет екен. Қазір 88 вагон немесе 6 160 тонна көмір жеткізілген. Сонымен қатар апта сайын 500-700 тонна көлемінде қатты отын үздіксіз тасылып, сатылып жатыр. Облыс тұрғындары үшін кө­мір отыны Шұбаркөл, Майкөбен, Екібастұз, Қаражыра көмір алаптарынан жеткізілетінін айта кетейік. Халық сапалы көмірдің тоннасын 15 200-16 500 теңге аралығындағы баға бойынша алуда. Күнделікті сату көлемі 40-50 тонна болып отыр.

Облыс әкімі жылу маусымына әзірлік барысын тікелей бақылап отыр.

– 15 қазанға дейін жылыту маусымына дайындықты толық аяқтау қажет. Аудан әкімдері жергілікті көмір тасушы компа­ниялармен жұмыс істеуі тиіс. Қажетті отынды уақтылы тасымалдауды бастап, тұр­ғындарға қауіпсіздіктің алдын алу бо­йынша түсіндіру жұмыстары тиісті деңгейде жүргізілуі керек, – деді облыс әкімі.

Сондай-ақ жиында қосымша өрт сөн­діру бекеттерін салу, өнеркәсіп ны­сан­­дарының технологиялық жабдық­та­рының жағдайы, ескірген жабдықтарды алмас­тыру және жаңарту туралы мәселелер қаралды. Оңдасын Оразалин жылыту маусымына қатысты орынбасары Рахат Сыдықовқа аудан әкімдерімен біріге көтерілген мәселелерді жүйелі түрде шешуді тапсырды.