Аймақтар • 30 Қыркүйек, 2019

Павлодарда жылу беру басталды

167 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кереку өңірі еліміздегі жылыту мерзімі алты айдан астам уақытқа созылатын, ақырған аязы мен бораны көп өңірлердің бірі. Басқа аймақтарға қарағанда қара суық ерте түсетіндіктен, биыл облыс орталығындағы әлеуметтік нысандар қыркүйектің 16-нан бастап жылу жүйесіне қосылды.

Павлодарда жылу беру басталды

Облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шы­лық басқар­ма­сының хабарлауынша, биылғы жылыту маусымында жергілікті халыққа қажетті көмірдің мөлшері шамамен 428 мың тоннаны құрайды.

– Көмір өнімдерін сату орындарында дүрлігуді болдырмау үшін облыс тұрғын­да­рына жылыту маусымына көмірді алдын ала сатып алу қажеттігін ескертіп, түсіндіру жұмыстарын жүргіздік.  2019-2020 жылдар­дың жылу беру маусымына тұр­ғындар үшін шамамен 428 мың тонна қатты отын керек. Қазір 19,9 мың тонна көмір қоры бар. Бір тонна көмірдің бағасы жеткізумен қоса есептегенде
6 800-16 500 теңге аралығында. Халық негізінен «Майкөбе» ЖШС, «Богатырь көмір» ЖШС, «Қаражыра ЛТД» ЖШС көмірлерін сатып алады.  Бөлшек сауда нарығында халыққа көмір жеткізуді 300-ден астам жеке кәсіпкер жүзеге асырады. Қазір облыста көмір тапшылығы байқалмайды, – деп хабарлады басқарма.

Жоғарыда айтып кет­ке­ні­міздей, облыс орталы­ғын­дағы әлеуметтік нысандар күзгі қара суықта қалтыраудан аман. Мектеп, балабақша, аурухана сынды нысандар ішкі температуралық режімді өздері реттеп отырады.

Дайындық жұмыстары қан­ша­­лықты тыңғылықты жүр­гі­зілді дегеннің өзінде облыс орталығында 100 шақты үй жылу маусымына дайын емес. Бұл ешбір құрылымдармен басқарылмайтын үйлер. Сон­дықтан қыс мезгіліне әзірлік те тиісті дәрежеде жүргізілмеген.

Соңғы гидравликалық сы­нақ­тар кезінде де облыс орта­лы­ғындағы жылу желі­ле­рінде ақаулар бар екені  анықтады.  Қазір коммуналдық сала мамандары оны қалпына келтірумен айналысып жатыр. Былтыр жылу деңгейі жеткіліксіз болған бес магистральда күрделі жөн­деу басталған.

Қалалық энергетика және тұр­ғын үй-коммуналдық шаруа­шылық бөлімінің өкілі: «Бұл жылдан-жылға жалғасып келе жатқан мәселе. Жылу магис­траль­дарының әбден тозығы жеткен. Ағымдағы жылы Нұр-Сұлтан, Лермонтов және Набережная көшелерінде, сонымен қатар Толстой көшесі 82 мекенжайы бойынша жұмыс жүріп жатыр. Былтыр бұл аумақтарда жылумен қамту деңгейі төмен болды. Сондықтан ұзындығы 250 метрлік желіні ауыстыруға тура келді», дейді.

Бүгінгі таңда облыс орталы­ғын­да­ғы 1276 тұрғын үйдің жүз­ден астамы маусымға дайын емес. Бұл пәтер ие­ле­ну­ші кооперативтері, өзге де басқару құры­лым­дары жоқ үйлер. Тұрғындар оны өз күштерімен дайындауға қауқарсыз. Сол сияқты ішкі жылумен қамту жүйесіне жөндеу жүргізу үшін қаржы жинауға мүмкіндіктері жоқ.

 Павлодар облысы