Руханият • 30 Қыркүйек, 2019

Биігі аласармас Би-аға

852 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Туған жерден ұшып, қазақ аспанында сөнбейтін бір жұлдызға айналған перзенттің туғанына 125 жыл толды. Ғасырдан ширек ғасыр тағы асса да, қазақ жерінің құйқалы топырағы өзгерген жоқ, бала Бейімбет суына шомылған сол Әйет баяғыша тоқтамай ағып жатыр. Өзгерісі – Бейімбеттің бабалары аңсап өткен, өзін сол жолда құрбан еткен ел тәуелсіздігі қыратты, қырмызы туған жерде еркін адымдайды. Би-аға 1957 жылы ақталғаннан кейін, ел есін жиған соң, осы Әйетте оның 70 жылдығын жерлестері жүздегі қуаныш пен жүректегі мұңнан көз жасын сүрте жүріп, ерекше көңіл күймен атап өткен екен.

Биігі аласармас Би-аға

Қостанайда Бейімбет Майлиннің  125 жылдығы аталып өтті

Бейімбетінің арқасында биікті де көрген, бейнет пен қорлықтан да аман өткен, «Алжир»-да отыруға тиісті 8 жылын 5-6 жыл қой бағып өтеп, бала-шағасын әр балалар үйінен теріп алған Күнжамал шешеміз де төрде отырыпты. Содан кейін Би-ағаның 80, 90, 100, 120 жылдығы туған жерде, осы Әйетте аталып өтті. Бірақ ол кезде Би-аға туған аудан аты да, аудан орталығының аты да Таран болатын. Туған жерде Бейімбет Майлиннің аты болсын дегенді айтып, Олжас Сүлейменовтен бастап, зиялы қауым талай жазды, мәселе көтерді. Бірақ қызыл империя кезінде қызыл комиссардың биігі байқалмаса да бәсі басым болды. Бірақ Таран жерде, Би-аға биікте, аспанда тұрғандай болушы еді. Жұрттың іші соны сезетін. Алайда Би-ағаға жасалған әділетсіздік өзіміздің салғырттығымыздан тәуелсіздіктің 28-ші жылы ғана қалпына келді. «Ештен кеш жақсы» деген. Туған жерде Таран аттан түсіп, Би-ағаға орын берді – аудан­ның аты Бейімбет Майлин, аудан орталығының аты Әйет деп аталды. Қазақ жазба әдебиетінің қалыптасуына орасан үлес қосып, тотыдай түрлендірген жазушының тойы бірінші рет өз атымен аталатын ауданда бастау алды. Қос қуаныш рухты көтерді.

Осы жолы Би-ағаның тойы қызылды-жасылды, желеулеген даңғаза емес, жаңаша өріс алды. Той «Бейімбет Май­линнің мұрасы – ұлттың асыл қазынасы» атты ғылыми-практикалық конференциядан басталды. Оған облыс, аудан жұрт­шылығымен қатар, Республика Жазушылар одағының төрағасы, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ұлықбек Есдәулетов, Мемлекет тарихы институты Деректану, тарихнама және Отан тарихы бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Құндызай Ерімбетова, Алматы қаласындағы Сәбит Мұқанов және Ғабит Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық кешенінің директоры, ақын, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Әділғазы Қайырбеков және Бейімбет Майлиннің ұрпақтары қатысты.

Бейімбеттің ұрпақтары

Бұл тойдың тағы бір ерекшелігі, оған еліміздің биыл 100 жасқа толып отырған бас басылымы «Egemen Qazaqstan» газетінің басшылығы арнайы шақырылды. Оның себебі бар. Бейімбеттің қызметі мен шығармашылығы еліміздің бас басылымы, бүгінгі «Egemen Qazaqstan» газетімен тікелей байланыста болды. Ол өткен ғасырдың 20-30-шы жылдары газет «Еңбекшіл қазақ», «Еңбекші қазақ», «Социалды Қазақстан» деп атал­ғанда қызмет істеді, жауапты редактор қызметін атқарды, мақалаларын, әңгімелерін жариялап отырды. «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ төрағасының орынбасары-бас редакторы Айбын Шағалақ той қонағы болып, ғылыми-практикалық конференцияда Бейімбет Майлин мен газет жылнамасы туралы мазмұнды әңгіме айтты. Тойда облыс әкімінің орынбасары Марат Жүндібаев облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтің атынан той қонақтарын құттықтады.

Б.Майлин

Қазақ «тақыр жерге шөп шықпайды» дейді. Бейімбет туған, өскен орта туыр­лығы тесік қараша үйден тұрмайтын еді. Би-ағаңа біткен дарын, аса биік адамгершілік пен тектілік туған жер то­пырағының құнары мен ата-бабаның рухани қуатынан дарыған еді. Оны кон­ференцияның модераторы, белгілі ақын, әдебиетші Ақылбек Шаяхмет былай кестеледі.

– Сіздер Бейімбет Майлиннің туып-өскен жеріне, ақындар мен батырлардың, билердің атамекеніне келіп отырсыздар. Ел аузында жүрген шежіре дерегіне сүйенсек, Қарабалық Қыпшақтан Шома­нақ, Қарсақ, Танабұға, Жолыншы және Жолжақсы тарайды. Жолыншыдан Сопы, Сопыдан Қарта туады. Қартадан Қошқар, Жауар, Мамажар, Мәмеке, Әлеке, Әлекеш туады. Жабағы батырдың ата-тегін таратар болсақ, Қошқардан Тәуке, Тәукеден Сыма, Сымадан – Тоқ­мамбет, Ақжігіт, Ақмәмбет кетеді. Абы­лай ханнан бата алған Түгел батыр осы Ақжігіттің баласы. Ал Түгелден Ипан, Ипаннан Жабағы батыр туады. Батырдың немересі де атасына тартып батыр болған. Ал Ақжігіт – Би-ағаның түп атасы. Таратып айтсақ, Ақжігіттен Өтеген, Қожық, Түгел, Атан, Жобал туған. Атаннан Тәукебай, Тәукебайдан Май­лы, Майлыдан  Жармағамбет, Жарма­ғамбеттен Бейімбет туған, деді Ақылбек Қожаұлы.

ХХ ғасырдың қазаққа көрсетпеген құқайы жоқ. Бірақ бергеніне де шү­кіршілік еткендейміз. Қазақ елінің бо­лашағы үшін күрескен Алаш азаматтарын былай қойғанда, халқымызға әде­биет пен өнердегі алыптар тобын берді. Сол ірілердің әу басында тұрған­ның бірі Бейімбет еді.

– Бейімбет қазақ прозасының негізін салушы екеу болса біреуі, біреу болса өзі. Оның әңгімелері өмір шындығын дөп басып, реалистік тегеурінімен, көркемдік биік өресімен және тақырыбының әралуандығымен дараланады. Ұлылық қарапайымдылықтан туады десек, бұл Майлин шығармаларына дәл келеді. Оның туындыларында өз дәуіріндегі большевик, совет жазушыларына тән патетика, жалған пафос, әсірелеу, ұран­дату, жалаулату жоқ. Кедейінің болсын, байы мен орташасының болсын дәл шынайы типтік бейнелерін жасады және соның бәрін тарихи өзгеру тұрғысынан суреттеді, деді Ұлықбек Есдәулет. Ол ауданның Би-аға атын алғанына құт­ты болсын айтып, қазақ әдебиетінде Бейімбет қалыптастырған мектептің жасай береріне сенім білдірді.

Бейімбет Майлин тек қазақ әдебиетін жанр жағынан түрлендіріп қана қойған жоқ, оның қазақ журналистикасының сүрлеуін салуда да еткен еңбегі ұшан-теңіз. Оған «Егемен Қазақстан» рес­публикалық газеті» АҚ төрағасының орынбасары-бас редакторы Айбын Ша­ғалақ тоқталды.

– Бірден айту керек, Бейімбет Майлин де Алаш қайраткерлері қата­рында қаламгерлік қуатын баспасөз ар­қылы танытты. Ол мақала жазып ғана қойған жоқ, газет-журнал ұйымдастыру ісіне, баспасөздің күнделікті қара жұ­мысына да бел шеше, білек сыбана атсалысты. Сол жылдардағы газет ті­гін­­­­ділерін қарасаңыз, Бейімбет Май­лин­­­нің қарапайым хабардан бастап, проб­лемалық мақала, очерк, әңгімелері тұрақты жарияланып тұрғанын көруге болады, деді Айбын Бақытұлы. Бейім­бет Майлин мақалаларына көбіне бүр­кеншік атпен қол қойған. Бейімбетті зерт­теушілер арасында бұл әлі күнге дейін нүктесі қойылмаған тақырып. Оны Айбын Шағалақ та атап өтті.

– Майлинді зерттеген Тоқтар Бейіс­құлов бір сұхбатында оның бүркеншік атының 74 екенін айтады. Ал «Егемен Қазақстан» кітапханасы» сериясымен шығарған газеттің 1919 жылдан 1970 жылдарға дейінгі кезеңді қамтитын ал­­­­ғашқы бес томдығын шығару барысын­да Би-ағаның бүркеншік есімдері мұ­нан да көп деп пайымдадық. Себебі Би-аға қолданған «Бір көрген», «Қараша бала», «Тай» сияқты бүркеншік аттарына ұқсас, «Көрген», «Тайбағар», «Қара бала» деп қол қойылған жазу мақамы, берілу тұрпаты жағынан Бейімбеттің қолтаңбасына ұқсас материалдар газет бетінде жиі кездеседі. Әрине бұл тақырып зерттеуді, талдауды қажет етеді, деген ол «Egemen Qazaqstan» газеті өзінің «Ұшқыннан» бастап, бү­гінге дейін жалғасатын жылнамасын, яғни архивін цифрлы форматқа көшір­ге­ніне де жұртшылықтың назарын ауда­ра кетті.

Тарих ғылымдарының кандидаты Құндызай Ерімбетова Бейімбет Майлин құрбан болған содыр саясат үстемдік құрған уақыт сипатына тоқталды. Сонымен қатар Бейімбет Майлиннің өмірі мен шығармашылығын кезеңдерге бөліп, мұрасын бүгінгі уақыт тұрғысынан қайта зерттеуді ұсынды. Екі алыптың – Бейімбет Майлин мен Ғабит Мүсіреповтің шығармашылық байланысы туралы сөз алған Сәбит Мұқанов және Ғабит Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық кешенінің директоры Әділғазы Қайырбеков Би-ағаның кіршіксіз таза, адамгершілік, бейнетқор болмысы туралы әңгімеледі. Би-ағаның шығармашылығы ғана емес, адами болмысы да үлгі-өнеге, ұрпаққа мұра.

Ескерткіш

Конференцияға Би-ағаның ұрпақтары да қатысқанын айттық. Қарағанды об­лысының Жаңаарқа ауданында тұ­ратын Зәуреш Сейітжанова Би-ағаның не­мересі, Рәзияның тұңғыш қызы. Атасы ақталғанда Зәуреш апай 10 жаста екен.

– Бейімбет атам ақталғанда Сәкеннің, Ілияс­тың әйелі және Күнжамал мамамды Алматыға ерлерінің ақталған қағазын алуға шақырады. Сәкен мен Ілиястың қағазын бірден берген, ал Бейімбеттің ақталғаны туралы қағазы жоқ болып шыққан. Соны Күн­­жамал мамам күтіп, Алматыда екі көзі төрт болып, екі ай жатты. Ақыры табыл­маған соң, еңсесі түсіп үйге келді. Сөйт­­се, оны Жаңаарқаға жіберген екен. Өйткені менің анам Рәзия әкесін із­деп, хаттың барлығын Жаңаарқадан жаз­ған ғой. Ақталу қағазын алғаннан кейін Күнжамал мамам балаларын құ­шақтап жылай берді, барлығы бірін-бірі құшақтап, жұдырықтай жұмылып, айырылмай біраз жылап тұрады. Біз баламыз ғой, селтиіп қарап тұрамыз, деп еске алады Зәуреш апай. Конференция соңында Бейімбеттің жиеншары, атасы атындағы қордың директоры Салтанат Мұстафина Би-ағаның еске алу шараларына атсалысып жүрген азаматтарды Бейімбет Майлиннің туғанына 125 жыл толуына арналған мерекелік медальмен марапаттады.

Би-ағаның кіндік қаны тамған Әйет бойынан басталған той Қостанайда жалғасты. «Бейімбеттің биігі» атты республикалық ақындар айтысында Би-аға туралы да, бүгінгі күннің әлеуметтік өткір мәселелерінен де, әзіл-қалжыңнан да айтылмаған ешнәрсе қалмады-ау, сірә. Жүрсін Ермановтың таңдайынан бал тамған топжарғандары екі күн бойы сән-салтанаты келіскен зәулім «Жастар сарайында» Қостанай жұртын жырға бөледі. Қазақстанның халық ақыны Әсия Беркенова бас болған қазылар алқасы жыр бәйгесінде азулығымен алысқан жүйріктердің мәресін анықтады. Омар Шипин және Нұржан Наушабаев атын­дағы қос арнайы сыйлық Айнабек Бей­сенғалиев пен Тоба Өтепбаевқа берілді. Екі үшінші орынды Салтанат Өтелбаева мен Шұғайып Сезімхан алды. Екі екінші орынды Әсем Ережеқызы мен Серік Құсанбаев иеленді. Бір миллион теңге тігілген бірінші орынды Мейірбек Сұл­танхан жеңіп алды. Ал айтыстың бас жүлдесі – темір тұлпар шашасына шаң жұқпаған жыр жүйрігі Айбек Қалиевке бұйырды.

Тойдың тағы бір тағылымды тұсы – Би-ағаға арналған жастар конференциясы болды. Қазіргі қазақ әдебиетінің жас толқыны саналатын жас ақын, әдебиетші, ғалымдардың қатысуымен өткен басқосудың мазмұны да, оған қатысқан қостанайлық жас студент қауымына берер тағылымы да жоғары болды.

– Би-аға тойының аясында өтіп отырған бұл конференцияда Бейімбет Майлин мұрасын зерттеудегі жас тол­қынның көзқарасын білуді, жалпы «Тәуелсіз ел, бүгінгі уақыт тұрғысынан қарағанда Бейімбет Майлин кім?» деген сұраққа жауап табуды мақсат етіп қойдық. Мойындауымыз керек, зерттеу жұмыстарында қалып­тасып қалған пікірден айырылмаймыз, бір айтылған, таптаурын пікірдің шең­берінен шыға алмаймыз. Біз сондай стереотипті бұзу үшін де еліміздегі ал­дыңғы қатарлы әдебиетші жастарды осы пікірталас алаңына шақырдық, деді конференцияны ұйымдастырған облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов. Конференция жас ақын, жақында ғана Республика Жазу­шылар одағының мүшелігіне өткен Абылай Мауданның модераторлығымен өтті. Онда әдебиеттанушы, сыншы, Лев Гумилев атындағы университеттің докторанты Заңғар Кәрімхан, ақын, әдебиеттанушы, гуманитарлық ғылым­дар магистрі Айнұр Төлеу, Семей қа­ла­­сындағы Шәкәрім атындағы уни­вер­ситеттің кафедра меңгерушісі Еркін Рах­метуллин, жазушы-драматург, Абай атындағы педагогика университетінің докторанты Әлібек Байбол, балалар жазушысы, әдебиет сыншысы, «Дарын» мемлекеттік сыйлығының лау­реаты, гу­ма­­­­­нитарлық ғылымдар магис­трі Ел­дос Тоқтарбайұлы Бейімбет мұ­р­а­сын зерттеудің өзекті мәселелері, жа­зу­шының бүркеншік есімдері, Бейім­бет поэзиясы және қазіргі әдебиет мә­се­лелері, Бейімбет прозасындағы ұлт­тық таным және миф­тік тін, жазушы драматургиясының өмір­шеңдігі мен өзектілігі, ХХ ғасырдың 30-жыл­дарындағы саяси қуғын-сүргін және Бейім­бет тұлғасы туралы айта келіп, Би-аға мұраларының бүгінгі ұрпаққа наси­хатталуы жайында жан-жақты әңгіме қозғады.

– Бейімбеттің көбіне тек прозасын ауызға аламыз. Ал оның поэзиясы да мәнін бір мысқалдай жойған жоқ. Оның поэзияға енгізген жаңалықтары да бар­шылық. Ал өлеңдерінде де ауылды, ауыл адамдарын, әлеуметтік мәселелерін көр­сеткен Бейімбеттей ақын жоқ. Оның ерекшелігі де осында. Мағжан – лирик, оның деңгейі махаббат болса, Бейімбет ауылды жырлау арқылы қазақтың тағ­дырын көрсетті және ұлттық бояуды көр­сетуде, сақтауда да Би-аға тағылымы ерекше, деді Елдос Тоқтарбайұлы. Со­ны­мен қатар олар аудиториядағы жас­тар сұрақтарына да толыққанды, тұшымды жауап беріп отырды.

Сонымен бүкіл қазақтың, ұлт­тық әдебиеттің туғанына 125 жыл тол­ған Би-ағасын еске алу аста-төк дара­қы­лықтан, сансыз шапандар жабатын даң­ғазалықтан ада, ойы мен тойы жа­­расқан шара болып өтті. Әйет­те көрермендер театрлан­ды­рыл­ған кон­церт­ті тамашалады. Бұрын қа­зақ­тың тойы десе күн райы қалай бол­са да киіз үй тігіліп, ішіне құрақ көр­­пеше, кілем төсеп, түлкінің терісін іліп қояр еді, күзгі немесе ерте көктемгі ыз­ғар­дан тоңған әжелер бір мезеттік кө­рініс үшін төзімін тауысып отырар еді. Даңғырлаған музыка ойнап, жұрт билеп кетердей жеңіл әндер айтылып, тойдың «көңіл күйін» жасар еді. Бірақ тойдың себебіне айналған тұлғаның кейінгіге өнеге, білім, баршаға рухани азық болардай өмірі мен мұрасы туралы жұртқа жеткізу той дабыры мен дүбірінің тасасында қалып қояр еді. Бұл жолы барлығына да шынайы көзқарас пен мүмкіндікті есептеу басты бағыт бол­ды. Күздің салқынында киіз үй тігіп, кіріптарлық жасалған жоқ. Оның орнын Би-ағаның өмірі туралы көрме толықтырғандай. Би-аға тойында өткен бір емес, екі конференциядан, есті жыр ескен айтыстан жұрт бір байып қалды. Халқымыздың салтымен ас беріліп, Бейімбет Жармағамбет баласының аруағына құран бағышталды. Тойдың салты, сипаты ішіп-жеу, ойын-сауық деп түсінетін әдетті бір сілкіген жаңалық ескендей. Қоңыр бола тұрып батырлығы, қарапайымдылығынан тек­тілігі көрінетін нақ Би-ағаның өзіндей.

Суреттерді түсірген Жанболат КЕНЖЕҒҰЛ,

 ҚОСТАНАЙ