Әдебиет • 30 Қыркүйек, 2019

Оттай лаулап өтті ақын...

953 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Маған жана беруге болмайды, менің де өмір сүргім келеді,

әйтпесе ақындық мені жеп қоятын түрі бар

Фариза

Оттай лаулап өтті ақын...

«Дұрыс сұрақ қоя білу – ғалымдық­тың жартысы» делінген екен бір хадисте. Дұрыс сұрақ па, бұрыс сұрақ па, білмедім, әйтеуір Фариза ақынның өлеңдерін оқып отырғанда «осы кісі­нің өлеңдегі де, өмірдегі де мінезі Аты­раудың табиғатына ұқсай ма, қалай?» деген бір сұрақ шыға келеді ылғи.

Жаратқан Иеміз жұмыр жердің белдеуі мен босағасына адам атты пен­дені орналастырғанда, оларды жай ғана шашып тастамаған сияқты. Ол пенделерінің әрқайсысын өзі дүниеге келген жердің топырағына байлап, ауасы мен суын алпыс екі тамырының бойына жүгіртіп, осы жерден айырылмастай сана-сезім берген сияқты.

XVIII ғасырда өмір сүрген орыс ақыны Гаврил Державиннің «Ақындар өзінің туған жеріне ұқсап тұрады» деген тұжырымы бар екен. Дәл осы ойды XX ғасырдың орта тұсында аустриялық Стефан Цвейг «Табиғат қай жерде адамдарға жайлы болса, сол жерде иди­ллиялық поэзия өмірге келеді» деп нақтылай түсіпті. Ал ақын табиғаты қатал, өткен тарихы одан да қатал өңірде өмірге келсе ше?

Осы ғұламалар сызған формулаға салсақ, Фариза поэзиясының сипаты, шынында да, туған жерінің табиғаты мен өткен тарихының сипаттамасынан аумай қалған екен. Атқа мініп, құмды даласында өздерін тақта отырғандай сезінген бабалар ұрпағының кабинеттік қоғамға, ортан қол ортаға сыя алмай, шарқ ұруы жатыр оның жырларында.

Ежелден елдің қорғансыз шетін­де туған бұрынғыларымыздың жап-жарық күнде де, жұлдызды-жұлдызсыз, айлы-айсыз түнінде де найзасы қайраулы, тұлпары ереулі, етігі киюлі болуына тура келді. Өйт­кені жау алдымен елдің іргесін тілу­ден бастайды ғой. Қазақ жерінің ір­гесіндегі кімдер еді сонда? Қазақтың басқа шекаралары өз алдына, дәл осы Атырау өңірі де көрді кө­решекті. Бірақ адам көрешегін көріп отыра бермей, қарсы тұрып, рухты қайрайды және мұндай жағдай бір күн, бір жыл, бір ғасыр емес, ғасырдан ғасыр асып жалғасқаннан кейін, бұл сол жердің тұрғындарының бойына әдет пен мінез болып орнығып, келер ұрпақтың манағы тоқсан тарау тамырына көшері тағы белгілі. Біз фаризатану ғылымына да осы қиырдан келгенде ғана оның кім екендігіне сәл де болса жақындай аламыз деп ойлаймын. Фариза ақын поэзиясы да өзінің туған жерінің табиғатымен мінездес, тектес, өрістес! «О, туған жер», дейді Фариза:

...маған – сенің сезімің қуат, серік.

Саған – менің сезімім шуақ беріп –

демімізден мөп-мөлдір нұрды жұтып,

тірліктегі азап пен мұңды ұмытып

қос махаббат алауы жер үстінде

бұрқасынды өмірді тұр жылытып!»

«Құстың ұясына үңілме!» дейді білетіндер. Өйткені, ол – құстың отбасы, үй-іші. Сол сияқты ақынның қай өлеңінің қалай жазылғанын, ақынды отты сезімге бөлеген кім, неге дәл сол адамға арналғанын сұрау да – оның поэзиялық ұясына үңілумен бірдей, этикаға келмейді. Білуге тиісті де емес­піз! Білетініміз – ақынның махаббатты жырлауда, шынында да, революция жасағандығы. 

Ал махабатта революция деген болушы ма еді? Поэзия теоретиктерінің зерттеуінде Фариза жырлары туралы осындай тұжырым қалыптасты. Шы­нында да, оның махаббатты мұ­ңайған,  түртіп қалсаң, еңіреп қоя берейін деп тұрған жылауық ұғым шекарасынан асқақ сезім деңгейіне алып шыққаны – кере­мет өзгеріс еді. Шынында да революция еді. Ал қандай революция болса да, қарсылыққа тап болатындығын тағы білеміз.

Жаным-ай, өзің бе бұл? Бармын ба мен?

Қанша күн бұл сәт жайлы өртеді үміт.

Кеудемді жанағанда балғын денең,

дүние кетті-ау деймін төңкеріліп, –

деген өлеңді газет бетінен оқыған кезде, 70-жылдардың сыншылары шошып кетті. Тек мұның ғажап поэзия екендігін алғаш мойындаған бір адам болды. Ол қазақ поэзиясының классигі Әбділда Тәжібаев еді. «Адам­ның шартты түрдегі ережелерге, канон­дарға, ескірген әдет, дәстүрлерге тұт­қын болып қалмай боса­нуын, өз сезімін бүкпей сөйлеуін қазақ поэзиясында батыл жырлаған осы Фариза» деді ол. Әрі қарай: «...Біз болсақ, кілең ұс­тамдымыз. Сезімдеріміз де тежеулі. ...Бұрқырап, быт-шыт жарыла, шашылып-төгіліп жатпайтынымыз да сол үшін. Ал жастық шақта ше?» деп Әбділда ақын Фари­заның жастық алауына тамсанды. Тамсанып қана қоймады, кейбір сыншылардың «Жапанда жортқан жігітке қыздың өзі неге соғады? Таты­май­тын, бір жылаған соң ұмыт болып кететін нәрседен қандай трагедия шықпақ?! Мұндай қыздың әдет пен дағдыдан ұшқары әңгімесін тыңдаудың, әйтпесе оқудың өзі ұят» деген сыншыларға, Әбділда ақын «Тоғышарлар философиясын осылай тыңдай берсек, біз махаббат, гуманизм дегендерге қайта соқпастай алыстаймыз. Поэзия оятатын сезімдерден жұрдай боламыз» деп қолындағы таяғымен сес көрсете ақыра түрегеліп, әлгі сыншыларды қайтарып тастағаны да әдебиет тарихында жазылып қалды. Фариза ақын жырлары өзінің ғана емес, басқалардың да жан дүние құпиясын ашып жіберген еді. Бұл сыншыларға тым ашық кеткендік болып көрінді. Айтуға болмайтынды айтып қалғаны – басты мәселе болды.

Бірақ ақын ондай сезімді айтуға бол­май­тын­­­дығын қайдан білсін. Өйткені поэзия – ақынның құзыретінен тыс дүние. Өлең ешқашан ақынға бағынышты болған емес, бағынышты болса, ол құдіретті жыр болудан қалады. Абай ғұлама жұмбақтай айтқан «көзбен көр де, іш­пен біл» тұжырымындағы «ішпен білу» кате­гориясының қай траек­ториялардан өте­тіндігі Фариза өлеңдерінде «менмұндалап» тұрды.  

Керек емес мекерлік, айла маған:

сүйем сені сескенбей айналадан.

...Біреулер бар сескеніп аяқ басса,

біреу көріп тұр ма деп тайғанаған.

Жалтақтамай солардың барлығына,

Тірлігіңді бір өзім жайлап алам.

Ақ сезімді алдыңа селдетемін,

Тек сен шыдар ма екенсің... қайдам, оған...

Махаббат Оңғарсынова поэзиясы­ның көзімен қарағанда, батылдық, патриоттық, адалдық және ішкі әлемдегі шексіздік географиясындай. 

Жер үстінде көп әлі

адалдыққа оқ атқан жалашылдар,

Жұмақ емес бұл өмір. Адамзатты

күтеді әлі көрмеген жаңа сындар» –

деп ендігі жерде сылбыр мінез, былбыр өлең-сөлеңнің жаңа дәуірдің адамына қажеті болмай қалатынына сілтеме жасады. Фариза ежелгі батырлар жы­ры­­­­­ның, лиро-эпостық жыр­лардың, Абай мен Махамбеттің, Мағ­жан мен Сәкеннің, Ілияс пен Қасымның жырларынан  қуат, солардан нәр алған ақын. Бұл туралы өзі де:

Дауыл екпіні тасыған бойда Махам­беттердің ерлігі

революциямен жалғасып. 

Басымды иемін ұлы ғасырға

өзімді маған, өзгелерге де танытқан,

күш-қуатыма арна ашып, – дейді.

Түпкі қуаттың қалғығанды теуіп оятар қасиеті дарыған ақын тігісі әлсіз Кеңестік өлең ережесінің шарбағына қайдан сыйсын.

Еш күнәңді бетіңе баспас едім,

мылжыңдарға құлақ та аспас едім.

Су сепсе де лапылдап өршеленген –

бұл не қылған мендегі қасқа сезім?!

деп алады да:

Әкел сен құздың сирек гүлін мейлің,

мен саған табынған болып жүгінбеймін.

...Телефон шырылдаса, сен екен деп

жеткенше жаным шығып жүгір­меймін, –

дейді. «Шын мәнісінде ол жүгірді. Жүгірмеуі мүмкін емес» деп пайымдаймыз біз оқырман шай ішіп отырып. «Бірақ Фариза жүгірмедім деп оны керісінше жазды», деп қоямыз тағы да іштей. Телефон шыр еткенде өзі сол орнында тұрып қалған шығар, бірақ оның ішкі әлемі түгел солай қарай жүгіріп кетті. Біз, оқырман, тіпті осылай деп те дауласамыз, дауласқанбыз да. Қалай даулассақ, олай дауласайық, бірақ түптеп келгенде, бұл жолдар тіпті де телефон туралы емес, телефон шырылына жүгіргендігі туралы да емес. Бұл – адамның сезім құшағындағы психологиясы туралы жолдар. Адамның осындай сәттерде өзін өзі қалай ұстауы керектігі туралы шағын Ереже. Немесе, бергі беті оқиғамен бүркемеленген адамтану психологиясының маңызды бір теориясы! Фариза – психолог ақын және оның жырлары шым-шытырық шиеленіске құрылған драма.

...Жүгіреді. Қайтадан басылады –

естілмейді ешкімге жасы, зары.

Тағдырымның дауылы азынап тұр –

бұл әлде басы ма әлі?..

Ақын сезімінің ішкі драмасы осындай алай-дүлей! Бұл драманың кейіпкерлері қоңырау, есік, ақын және оның «су сепсе де лапылдап өршеленген қасқа сезімі». «Бұл әлде басы ма әлі?» деп ақын өзінің сезіміне өзі шошына қараған сәтін көреміз дәл осы жолдардан. Оның дауылды дарыны өзінен де мықты еді. Бұл қайта оның кеңестік ереженің шарбағын сындырып кетпеу үшін өзін тежеп ұстап жазғандағысы.

Туғызуға ойымның жалқыларын

ұятсындым, қорықтым, қалтырадым.

Сәбилерін жерлеген ана сынды

Жер бетінен жай таппай шарқ ұрамын, – деп келтіреді ақын өз басының жағдайын. Дәл солай екендігі оның құрыш мінез өлеңдерінің қабырғасынан уілдеп тұратыны анық. Небір дарынды ақындарымызды сол шарбақтың тежеп ұстағаны да анық.

Ал бұл сезімдер Фариза ақынның көптеген поэма-толғауының кейіп­кер­лерінен де көрінеді. Оның кейіп­­керлері де анау-мынау осал өлеңге тұл­ғасы сыя қоймайтындай, асау ағысқа ұқсаған тұлғалар: Әлия, Мәншүк, ақын Сара, тракторшы Кәмшат және тағы да басқа мына өмірдің ауыр сына­ғында ерлік көрсеткендер.  Өйткені олар Фаризаның өзімен рухтас еді. «Тыңдаңдар, тірі адамдар!» атты жырда Әлия мен Мәншүк:

Осылай біткен демім,

өмірден түк көрмедім,

еркелету, мейірім нұры бізге

ақ құшағын ашпады тірімізде,

Еске алғанмен өлімді өңінде әркім, 

тірілерге қадірсіз өмір бәлкім.

Азап, мұңың түк емес – мұны біл сен –

туған жерде нық басып тірі жүрсең! – деп сөйлейді шығыстың қос жұлдызы Фаризаның тілінде. Ақынның тағы бір кейіпкері – Кәмшат Дөненбаева. Еңбек Ері атанып, «Алтын жұлдыз» тағып, даңқы асқандар көп емес әйел затының ішінде. Әдетте Фариза ақын осындай «көп еместерді» кейіпкер етіп алады. Алайын демейді, оның сол «көп еместермен» рухы бір еді. Ақынның өзі де сол «көп еместің» бірі еді ғой.

Адамзат тарихында тұңғыш рет өлеңдеріне өз авторлығын жазып қалдырған ең тұңғыш қаламгер ол – ақын қыз екен. Яғни, адамзат тарихында тұңғыш тіркелген автор. Оған дейінгі авторларды тарих білмейді. Бұл – Шумер дәуірінде қазіргі Ирак жерінде өмір сүрген Саргон патшаның ақын қызы, «Шумер дәуірі әдебиетінің Шекспирі» атанған Эн-Хеду-Анна. Бұл б.д.д. XXIII-XXIV ғасырлар шамасы. Осы Эн-Хеду-Анна ақынның қарадан шыққан емес, патшаның қызы екендігі назар аудартады. Адамзаттың бұрын-соңды ойына келмеген, яғни шығармаға автордың есімін жазу дәстүрін бастау көне дәуірдегі патшаның осы қызының ойына қайдан келді? Мұны ойына келтірген оның өмірдегі де, рухындағы да патшалық сезім болса керек. Эн-Хеду-Анна сезімінің фонында тұрып қарасақ, Фариза ақынның жан дүниесінде де патшаның қызы  отырғандай әсер береді. Әлде, ханның қызы деу керек пе? Әйтеуір, жай адам емес. Оның жырларындағы басын ала қашып тұрған асқақтық ақынның тек қана пенде ретіндегі бойы­­на сыюы мүмкін емес. Жалпы, ақындықтың түп атасында патшалық рух, патшалық сезім және көрегендік бар екені анық. Патшалық болғанда билік ету емес, жол көрсету рухы. Бәрінде бірдей емес шығар, бірақ ұлыларда бұл бар. «Ақынның құлағы өзінен бұрын туады» дегенді кім айтып еді? Бұл – соның көрінісі.

Жаратқан Иеміз поэзияны тек сахнада оқылу үшін жаратпаған шығар, поэзия – өмір сүруге көмектесу қызметін атқаруы керек және сол қызметін атқаруына мүмкіндік жасауы­мыз керек. Сондықтан, студенттерге, мейлі құры­лысшы, мейлі егінші, малшы мамандығы болсын, осындай отты жырларды жастарға жігер беру үшін жаттату керек. «Халқымның көңілі – қал­қаным, қалқаныма үміт артамын» деп Фариза ақын да қиналған кезде поэзияны сүйер халқына, оқырманына арқа сүйеген. Сөйтіп, адасып кетпей, сынға ұшыраған кезде морт сынбай, өзін де, өзгені де асқақ ұстауға үйреткен Фариза қалыптасты.

2000-шы жаңа жыл келіп, Фариза апайды құттықтауға бардық. Сонда ол «2000-шы жылға сендердің келгендерің дұрыс қой, бірақ оған менің де жеткенім керемет болды ғой» деді. Сосын «ал енді жаңаша өлең жазайық» деді, деді де «маған үміт артпаңдар, мен өлең-отымды XX ғасырға қалдырып кеттім. Маған жана беруге болмайды, менің де өмір сүргім келеді, әйтпесе ақындық мені жеп қоятын түрі бар» деген мағынадағы сөз айтты. Шынында да, Фариза ақын ақындыққа оттай лаулап келді. Сол лаулаған қалпында Фариза ақын – сұрапыл ақын да өмірден өте шықты. Венесуэланың 47-ші президенті Уго Чавес қайтыс болғанда оны жоқтаған қарақұрым халықты көрген бір журналист «Уго Чавес өлген жоқ, керісінше, ол өлгеннен кейін тіпті көбейіп кетті» деп жазды (Чавес не умер, он умножился)». Сол айтқандай, Фариза өмірден өткеннен кейін, оның өлеңдері әлеуметтік желіде тіпті жиі жарияланатын болды. Фариза ақын да өлмеген сияқты, керісінше, тіпті көбейіп кеткен сияқты деген мағынаның ішіне сыйғыза алар едік. Оның өлеңдерін жиі жариялайтындар негізінен – жырдан қуат іздеген жеке адамдар. Өз парақшаларында оның фотосын қойып, жырларын әлі де оқу үстінде, басқаларға да оқыту үстінде. Өйткені оның өлеңдері жаңа ғана жазылғандай, өткір әрі жап-жаңа леппен соғып тұр. Ол Фариза ақынның әлі де сол қуатты қалпындағы жүрек соғысы екені даусыз.

 Оңайгүл ТҰРЖАН