Руханият • 30 Қыркүйек, 2019

Ұлы дала рухын тірілткен туындының премьерасы неге қазақ тілінде өтпеді?

950 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Қазақтың жанын ұлт­тық рухпен суарған та­ғы бір тамаша туын­ды көпшілікке жол тартты. Көрерменін екі жарым жылдан бері та­ғат­­­­сыздандыра тос­тыр­­ған «Томиристің» үл­кен экран­­­дағы тұсауы кесілді. Ел­о­р­даның «Қа­зақ­стан» ор­та­лық кон­­церт залында өткен фильм премьерасына төл та­рихын тануға ұмтылған халық ине шаншар орын қалдырмай, лық толды.

Ұлы дала рухын тірілткен туындының премьерасы неге қазақ тілінде өтпеді?

Мәдениет және спорт минис­трлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақ­фильм» киностудиясы мен «Sataifilm» компаниясы бірлесе түсір­­ген тарихи картинаның идея ав­торы және бас продюсері Әлия Назарбаева, қоюшы режиссері – Ақан Сатаев. Кинотуынды біздің заманымызға дейінгі VI ғасырда болған оқиғаны суреттейді. Фильм­де балдырған қыздан айбынды жауынгерге айналған, жақындарынан айырылып, сат­қындардан өшін алған және сақ тайпаларын өз билігі астында біріктірген ұлы даланың аты аңызға айналған теңдессіз патшайымы – Томиристің тағдыры баяндалады. 

Фильм режиссері атап өткен­дей, «Томиристің» сценарийін жазуда ежелгі грек тарихшысы Геродоттың еңбектері басты на­зар­ға алыныпты. Туындыны түсірмес бұрын шығармашылық топ көптеген тарихи материалдармен танысып, жобаға ғалым-кеңесшілер арнайы тартылған. Картинаның түсіріліміне елі­міз­дің алдыңғы қатардағы кино­герлерінен бөлек, шетелдік мамандар, оның ішінде скрипт-доктор және компьютерлік графика шеберлері жұмылдырылды. Сөйтіп 2017 жылдың желтоқ­санында басталған түсірілім жұ­мы­сы араға екі жарым жыл уақыт салып өз жемісін берді.

–  Осыдан 3 жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың батасын алып, «Томирис» фильміне кіріскен болатынбыз. Ауқымды жоба. Шығармашылық тобымыз үшін айтулы тәжірибе болғаны сөзсіз. Фильмдегі әрбір детальға, оқиғаға барынша ыждағатпен, жауапкершілікпен, дәлдікпен келуге тырыстық. Туынды сцена­рийін Тимур Жақысылықов пен Әлия Назарбаева тарихшы маман­­дармен кеңесе отырып, бір­­лесе жазып шықты, – дейді фильм режиссері Ақан Сатаев.

Режиссер Ақан Сатаев пен продюсер Әлия Назарбаева арас­ын­дағы шығармашылық тандем 2016 жылы жарыққа шыққан «Анаға апарар жол» картинасынан басталған болатын. Көпшілік ықыласына бөленген туынды былтыр Мемлекеттік сыйлыққа ие болды. Енді міне «Анаға апарар жолдан» «Томириске» жалғасқан одақ тағы бір ауқымды жұмысын киносүйер қауым назарына ұсынды. Тарихи туын­дының жалпы бюджет қоры 10 миллион долларды, яғни ұлт­тық валютаға  шаққанда 2 миллиард 259 миллион теңгені құрайды. Бұл туралы фильм премьерасына орай өткізілген брифингте Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ президенті Арман Әсенов мәлім етті.

– «Томиристі» түсіруге 3 мил­­лиард теңгеге жуық қаржы жұм­салды. Сапалы фильм жасап шығару үшін бұл көп емес. Өрелі өнер қашанда қомақты қаржыға тәуелді. Әсіресе кино өнері. Сондықтан «Томиристі» түсіруге жұмсалған ақша өзін ақтайды деп сенеміз. Жал­пы, кино өнері тез пайда әкелетін кәсіп түрінен емес, өнер­дің қайтарымы баяу, бірақ идео­логиялық тұрғыдан келешек ұрпаққа берері ұшан-теңіз. Осы себепті де киноны, жалпы ұлттық құндылықтарымызды қандай да бір ақшамен өлшеудің қажеті жоқ. Өнердің қайтарымы шексіз. «Томирис» фильмінің де өскелең ұрпақ үшін тағылымы мол, көркемдік сапасы жоғары, нағыз өнер деңгейіндегі туынды болатындығына сенеміз. Алда фильмнің прокатын тек Қазақ­станмен шектемей, таралым географиясын кеңейтіп, әлемдік аренаға шығару ойда бар. Оған «Томиристің» тақырып ауқымы да, тарихи тағылымы да, көр­кемдік сапасы да толықтай жауап береді, – деді Арман Әсенов.

Киностудия президентінің пікірі негізсіз емес. Ақан Сатаев бастаған шығармашылық түсірі­лім тобы ауқымды жұмыс атқа­рыпты. Әсіресе, әйгілі Сақ пат­ша­йымы Томирис тағдыры айна­ласынан өрбитін тартыс­ты оқи­ғалар фильмнің өн бойына динамика үстейді. Жалпы, көр­кем картина тұрмақ, Томи­рис туралы кітапты оқудың өзі қызық. Патшайым маңдайына бұйырған тартыс пен ерлікке толы ерекше тағдыр оқырманын бір сәт те бей-жай қалдырмаса керек-ті. Әсіресе, сақтар өмірін шынайы суреттеп бүгінге жет­кізген тарихтың атасы атан­ған ертедегі Геродот жазбасы­нан бастап, ұлттық ұғым тұр­ғы­сын­да сәтті жүйеленген бер­тін­гі Болат Жандарбековтің «Сақ­тар» дилогиясының өзі То­ми­риске қатысты талай дерекке қа­нықтырады. Егер соның бә­рін сәтті сөйлетер болса, Сақ пат­шайымы туралы фильм бір бө­ліммен шектелмей, көп сериялы ауқымды жобалардың жүгін көтеруге де жарап тұр. Қай дерекке жан бітірем десең де, әрқай­сысы жеке-жеке серияға сұранып-ақ тұр. Демек, тарихи мәлі­меттердің осыншалықты ауқымдылығын ескерсек, онда То­миристің тұтас тағдырын бір фильмге сығымдап сыйдыру тү­сірілім тобынан үлкен ыж­дағат пен төзімді талап етке­ні анық. Томириске қатысты бар­лық деректі барынша қам­туға ұмтылған сценарийст жұ­мысының шашыраңқылыққа ұрынуының да бір себебі бәлкім осында жат­са керек. Осы орайда екі жа­рым сағатқа сыймай қалған оқиғалар, уақыт шектеулілігіне бай­ланысты кеткен кейбір асы­ғыс шешімдер белгілі бір дең­гейде сценарий жүйелілігіне нұқсан келтіргенін атап өтуге тиіспіз. Ол әсіресе Сақ патшайы­мы Томирис пен өз дәуірінде патшалардың патшасы атанған парсының әйгілі қолбасшысы, қаһарлы Кирдің арасындағы қанды шайқас көрінісінде анық сезілді. Көрермен еркше күтіп барған осы бір тартысты сәттің бір қайнауы ішінде кеткендей, фильм финалына қанағаттанбай қалдық. Яғни басынан жүйелі құрылып, сәтті сөйлеп келген картина соңына қарай асығыстыққа бой алдырған. Томиристің өмірге келгенінен бастап жаужүрек ерлік иесі деңгейіне жеткенге дейінгі өмірі жан-жақты тәптіш­теле суреттелгенімен, пат­­шайым өмірінің екінші кезе­ңі сүйген жары мен бауыр еті баласынан айырылып, атақты Кирден кек алатын ше­­шуші сахна әлсіз өріледі. Соның салдарынан фильм финалы солғындыққа ұрынған. Жо­ғарыда атап өткендей, мұның себе­бін әлбетте деректің көптігі мен уақыттың аздығынан деп түйдік.

Әйтсе де, көрермен ретіндегі біздің көңілімізде кеткен осындай азды-көпті ойлар жалпы фильмнің көркемдік сапасын көмескілендірді деп кесіп ай­туға негіз болмаса керек-ті. Туын­дының өн бойында шығар­машылық сәтті шешімдер көп. Түсірілім сапасы да өте жоғары деңгейде жүзеге асқан. Оны кино басталған сәттен бастап-ақ көрермен анық сезеді. Әсіресе, фильмде пайдаланылған техни­каның соңғы мүмкіндіктері, шебер жасалған графикалық жеткізу тәсілдері кино тілін тіпті байыта түскен. «Nomad» жат­тықтыру лагерінде жүр­гізілген атқа жай­дақ міну, қару-жарақты асынып, садақ тарту, соғыс өнерінен сауаттарын ашу және тағы да басқа әс­кери машықтарды үйре­нуге бағытталған актерлер талпынысы мен ізденісі де экранда әсерлі көрсетілген.

Тарихи туындыда басты рөл­ді кино әлеміндегі жаңа есім Әлмира Тұрсын ойнады. Актриса ретіндегі алғашқы жұмысын көрер­мен назарына ұсынған Әл­мира ізденісі көрермен көңілінен шықты. Сондай-ақ экраннан 15 жастағы Томиристің рөлінде Салтанат Серкебаева көрінсе, ал патшайымның 10 жасар балдырған шағын Лия Фомина кейіптеді. Одан бөлек, еліміздің бірқатар танымал актерлері де айтулы жобада сапалы ізденіс нәтижесін көрсетті. Атап айтсақ, фильмдегі Димаш Ахимов, Ерік Жолжақсынов, Байкенже Бел­баев,  Берік Айтжанов, Еркебұлан Дайыров, Мұрат Бисенбин, Аза­мат Сатыбалды,  Әділ Ах­метов, Айжан Лайджи, Аян Өтеп­берген, Асылхан Төлепов, Асхат Үрпеков және тағы да басқа талантты актерлер  жұмысы көңілге құрмет орнықтырды. Ал Кир патшаның рөліне Ридли Скоттың  «Аспан патшалығы» фильмінде Саладин патшаның рөлі  арқылы танылған голливуд актері Гасан Масуд шақырылған.

Картинаның түсіру жұмыс­тары 2017 жылы желтоқсан айында Алматы облысы Заречный ауылының маңында басталып, «Казақфильм» киностудиясында, сонымен қатар еліміздің өзге де табиғаты әсем  Жаркент, Шонжы, Бурабай, Баянауыл елді мекендерінде жүргізілді. Фильм­нің соңғы сахнасы «Қазақфильм» киностудиясының территориясында соғылған «Вавилон» декорациясында түсірілді.

Режиссердің айтуынша, сол дәуірдің бітім-болмысын дәлме-дәл көрсету үшін тыңғылықты зерттеу жұмыстары жүргізіліпті. Фильм­дегі декорацияларды, костюмдерді, қару-жарақтарды,  күйме арбаларды, ат әбзелдерін, тұрмыс заттары мен әшекей бұйымдарын «Томирис» картинасы үшін фильмнің қоюшы суретшісі Қуат Тілеубаев бас­таған суретшілер тобы арнайы жасаса, костюмдер Əсел Ша­лабаева жетекшілік еткен талантты кәсіби суретшілердің қолынан шықты. Тарихты жіті зерттеп, сол дәуірдің стилін барынша ұстануға тырыса отырып тігілген киімдердің барлығы таза табиғи өнімнен дайындалған. Тіпті, фильмнің көне түрік пен көне парсы тілдерінде түсірілуінің өзі туындыға ерек­ше атмосфера сыйлайды. Алай­да осы тұстағы жалғыз-ақ әттеген-ай 100 пайыз қазақ тілді көрермен жиналған премь­ера күнгі көрсетілімнің ана тілі емес, орыс тілінде өтуі болды. Шығармашылық топтың тосын шешімін түсінбей тосырқай тарқаған тек біз емес, төл тарихын тануға асыға жеткен лық толы залдың көкейінде де осы сауалдың тұрғанына бәс тіге аламыз. Бірақ оны ескерген де, ескерткен де ешкім жоқ. Ұлттық кинематография қоржынына қосылған қазақ киносының жаңа белесін айқындайтын  қо­мақты жұмысқа толыққанды қуанып, шаттана шапалақ соға алмауымыздың себебі де бәлкім осында жатса керек. Өткенінен өнеге алып, тарихына тағзым етуге келген көрермен тілегімен санасар нағыз ұлтжанды ұйым­дастыру тобы бар болса, қанеки?!