Қарағанды облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың басшысы Нұржан Жетпісбаев биылғы байқаудың «Жастар жылына» арналғанын айтты.
– Дәстүрлі «Күй-MIX» республикалық байқауын Қарағанды облысының жастар ресурстық орталығымен бірлесіп ұйымдастырдық. Байқау халық музыкасын танымал етуге, өскелең ұрпақты салт-дәстүрге, мәдениетке және халық шығармашылығына баулуға бағытталған, – деп атап өтті өңір жастарының көшбасшысы.
Қазылар алқасының шешімі бойынша, байқаудың бас жүлдесіне қарағандылық «Тарлан» тобы лайықты деп танылды. Бірінші жүлде елордалық дуэт Темірлан Олжабай мен Ернат Наурызға бұйырса, Бақытжан Желдербаев пен Мақсат Хасанов екінші жүлдені иеленді. Ал жүлделі үшінші орын Жаңаарқа ауданынан келген күйші Уәлихан Шекимовтің қанжығасында кетті.
«Күй-MIX» республикалық байқауының домбыраның құлағында ойнайтын жеңімпаздары мен қатысушыларына арнайы дипломдар, ақшалай сертификаттар және естелік сыйлықтар табыс етілді.
ҚАРАҒАНДЫ