Қоғам • 01 Қазан, 2019

Инфекция шырмауы: Оны бұзу мүмкін бе?

851 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша жыл сайын шамамен 16 миллион адам инфекциялық және паразитарлық аурулардан көз жұмады. Яғни, әлемдегі барлық өлім-жітімнің 25%-ы инфекцияның шырмауынан шыға алмаудың кесірінен болады.

Инфекция шырмауы: Оны бұзу мүмкін бе?

Былтыр Дүниежүзілік денсаулық сақ­тау ұйымы адам баласының өміріне қауіп төндіретін 10 аурудың тізбесін анық­тағанда, оның алтауының табиғаты инфек­ция­лық ауру екенін белгіледі. Бүгінде инфекциялық аурудың қатарына жатпайды дейтін қант диабетінің 1-типті түрі, біршама онкологиялық аурулар, жүрек-қан тамырлары мен атеросклероз және түрлі аутоиммунды дерттердің тууы ин­фек­­циялардың әсерінен болатынын ға­лымдар дәлелдеп берді. Сондықтан да инфекциялық аурулармен күресте таптау­рын жолмен жүрмей, оның таралмауы мен алдын алудың маңыздылығы күшейе түсуде.

Жуырда Нұр-Сұлтан қаласында «Жа­һан­­дану жағдайындағы инфекциялық ауру­лар: мәселелер мен шешімдер» атты қа­зақстандық алғашқы конгресс өтті. Әлем­нің жетекші ғылыми орталық­та­ры­ның өкілдері бас қосқан осынау жиын­да Орталық Азия елдеріндегі ви­рус­­тық және паразитарлық аурулар бойынша эпидемиологиялық жағдай мәсе­ле­лері, сондай-ақ денсаулық сақтау са­ла­­­сын­да­ғы мемлекеттік саясаттың ажы­ра­мас бөлігі ретінде вакцинациялау мен им­мун­дық профилактиканың өзек­тілігі талқыланды. Бір қарағанда инфек­ция­лық аурулармен күресте медицина алған биіктер баршылық. Бұрынғы заман­да елді қынадай қырған көптеген дерттердің беті әрі қарады. Алайда жыл сайын жаңа инфекциялардың пайда бол­уы, микроорганизмдердің айналымдағы штам­дарының генетикалық өзгеріске ұшырауы, олардың көптеген препараттарға төзім­ділігінің пайда болуы халықтың эпиде­миологиялық саламаттылығын қам­тамасыз ету саласында қарқынды жұ­мыс­ты қажет ететінін көрсетуде. Осыған орай, биыл көктемде Денсаулық сақтау министрлігінің Ұлттық денсаулық сақтау орталығында Халықаралық денсаулық сақтау ереже­лері мен жаһандық денсаулық сақтау бағдарламасының аясында Қоғам­дық денсаулық сақтау саласындағы төтен­ше жағдайлар жөніндегі жедел орта­лық ашылды. Жедел орталықтың негізгі міндеті – биологиялық, химиялық және радиациялық қауіптерге жауап кезіндегі әрекетті бақылау және үйлес­ті­ру. Қазіргі уақытта еліміз бойынша 90-нан аса инфекциялық ауруларға эпи­де­ми­о­логиялық қадағалау жасаудың жоға­ры сезгіштік жүйесі енгізіліп, еліміздің зертханаларында диагностикалық құрал-жабдықтар паркі үнемі жаңартылып тұрады. 2007 жылдан бастап халықаралық медициналық-санитарлық қағидалар енгізілді. Бұл бойынша Ұлттық орталық белгіленіп, сол арқылы әлемде туындайтын денсаулық сақтау жүйесіндегі жаңа биологиялық қауіптер мен олардың алдын алу туралы ДДҰ-дан ақпарат ұсынылып келеді.

Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы директорының орынбасары Руслан Сатывалдеевтің айтуынша, инфекциялық аурулармен тиімді кү­ре­су үшін бір ғана медицинаның күші жеткіліксіз. Білім, ғылым және практи­ка­ның, медициналық, ветеринарлық ғылымның, сондай-ақ әлеуметтік қорғау қызметінің, психология мен отбасының, жалпы бүкіл қоғамның бірлесуі керек. Саламатты өмір салтына пейілділікті қалыптастыру, инфекциялық аурулардың алдын алу туралы ақпараттылықты арттыру маңызды рөл атқарады.

Ресейдің бас эпидемиологы Николай Брико өз сөзінде денсаулық сақтау са­ла­сындағы мемлекеттік саясаттың құ­ра­лы ретінде өмірлік вакцинопрофи­лак­тиканы қолдану тәжірибесіне тоқ­та­ла келе: «Вакцинопрофилактика мін­дет­тері айтарлықтай кеңейтілді. Бұл дегеніміз – тек аурулардың алдын алу, сырқат­та­нушылықты және мүгедектік пен өлім-жітімді төмендету ғана емес, сонымен қатар халықтың өмір сүру сапасын жақсарту және белсенді ұзақ өмірді қамтамасыз ету. Адамзатты иммундау жүйесі өмір бойы емдеуді қажет ететін сырқаттар санын төмендетумен қатар, еңбек өнімділігін жоғарылату есебінен денсаулық сақтауға кететін шығыстарды азайтуға ықпалын тигізеді. Сондықтан да вакцинацияның қажеттілігін жеке адамдар ғана емес, тұтастай қоғамның түсінуі өте маңызды», дейді.

 Еліміздегі мықты иммунолог Борис Каральникті сөзге тартқанда «Инфекция – жер бетіндегі тіршілік эволюциясының негізгі, тіпті басты факторларының бірі болуы мүмкін. Инфекция атаулыны тү­бе­­гейлі жоямыз деу ең күлкілі міндет. Кеңес Одағы 1950 жылдары медициналық мекемелердің қабырғасына «Инфекциясыз коммунизм» деген ұран сөздер ілген. Бұл насихаттаушылардың қаншалықты сауатсыз болғандығын көрсетеді. Инфекцияның болуы – табиғи жағдай, ал оның қиындығы – инфекцияның адам денсаулығына қауіп төндіретіндігінде. Ғылымның дамуы арқылы вакцинамен инфекцияларды қадағалауды үйрендік. Бұл – адамзаттың жеңісі. Алайда осы қадағалаудан «Адам құқығы» деген сөзді малданып, вакцинациядан қашу – қоғамға зияныңды тигізу деген сөз. Құқықтық заңнамада «жеке бастың құқығы» қоғамға қауіп тудырған, өзгелердің құқығы бұзылған кезде шекте­ле­ді, тіпті тоқтайды, вакцинациядан бас тарту да соған пара-пар. Еуропаның бір­қатар елдері осыған тосқауыл қойып, вак­ци­­нациядан бас тартқандардың көп­ші­­лік қоғамдық ортаға баруына шектеу қою, тіпті азаматтықтан айыру мәселесін көтеріп жатыр. Вакцинацияның түбінде мем­лекеттік қауіпсіздік мәселесі тұр. Мұ­ның саяси мәнін мемлекеттік тұрғыда ұғыну ұлт ертеңі үшін аса маңызды», деген тұжырымын жеткізді. Шынында Борис Воль­фовичтің ойларымен келіспеске болмайды. Вакцинация жүргізу арқылы инфекциялық аурулардың алдын алып сақтанып қана қоймай, өмір сапасы мен ұзақтығына қол жетеді, бұл мемлекеттің басты байлығы адам капиталын қорғау деген сөз.

 Еліміздің бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин вакцинацияға қатысты жаңа ережелердің биылғы желтоқсан айына дейін енгізілетінін мәлім етті. Оның айтуынша, заң жобасында екпе салынбаған балалардың мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына, мектепке баруына тыйым салу, балаларының вакцинацияға деген құқығын бұзған ата-аналарға айыппұл төлету мен әкімшілік жауаптылық туралы баптар қарастырылып отырған көрінеді. «Егер бала балабақшаға, мектепке барып жүрсе, жасына қарамастан, екпе алуы тиіс. Ол басқа оқушылардың ауырмау құқығын сақтауы керек. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынымдары бойынша балаларды вакцинациялау 95%-ға, ал ересектерді вакцинациялау 80-85%-ға жетуі керек. Осындай деңгейге жетсек – ешқандай жұқпалы аурулардың таралуы болмайды. Біз Қазақстанда бұл көрсеткішті 97%-ға жеткіздік. Бізді ең алдымен алаңдатып отырғаны – қызылша ауруы. Бұл ауру қазір пандемия ретінде әлем бойынша таралу үстінде. Конгреске келген қонақтар Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сүйене отырып, қазіргі уақытта әлемде қызылшамен аурудың 375 мың жағдайының тіркел­геніне, Мадагаскар және басқа да бірқатар мемлекеттерде бұл дерттен адам өлімі болып жатқанына алаңдаушылық білдірді. «Ауру АҚШ-та да таралуда, сондықтан бұл жаһандық мәселе болып саналады. Біз алдын алу шараларын жасап жатырмыз», дейді Ж.Бекшин.

 Қазақ «сақтансаң – сақтайды» деп бекер айтпаған. Мысалы, еліміздегі балаларды екпемен қамту күнтізбесінде қызылшаға қарсы 1 жастан асқанда егілетін еді. Алайда бүгінде 10-12 айға жет­пеген сәбилер де ауы­­рып жатыр. Осы қауіпті ескергендіктен егуді 9 айдан басталатындай етіп төмендету қолға алынған. Бас санитарлық дәрігердің сөзінен мәлім болғандай, аурудың ішкі таралуы жүрмес үшін еліміздегі меди­циналық қызметкерлердің 99,7%-ы егі­лу­­­ден өтіп, балабақша мен мектептерге вак­цинацияланған балаларды ғана жіберу туралы ұсыныс айтылған екен. Ал жаңа заңнамада балаларының құқықтарын бұзып, вакцинация жасатпаған ата-ана­лар­ға әкімшілік айыппұлдың көлемі әзірге белгіленген жоқ. Жоба денсаулық сақтау ұйымдарында талқыланғаннан кейін Парламентке жіберіледі.

Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы мәлім еткендей, конгреске Орталық Азиядағы ауруларды бақылау және алдын алу орталығының (СDC) ғылыми қызметкерлері, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілдері, Ресей, Молдова, Қырғызстан, Франция, Италия, Израильдің жетекші ғалымдары қатысып, өзекті тақырыптағы ойларын ортаға салды.