Аймақтар • 01 Қазан, 2019

Аз астықтың азабы

229 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қостанай егін шаруашылығы үшін тәуекелі көп өңірге жатады. Диқан қанша жер шұқығанмен, несібесін көктен күтеді, тамыр алған дәннің өнімі ылғалдың түсуіне байланысты. Шөлейт аймаққа жатқандықтан, мұнда бір жыл ылғал мол түссе, төрт жыл құрғақшылық болуы мүмкін. Ал биыл жердің аңқасын кептірген, танабын қуырған қуаңшылық болды.

Аз астықтың азабы

Бұрнағы жылдары жауған жаң­бырдың орташа көрсеткіші 107 мм болса, биыл бар-жоғы 67 мм ғана ылғал түскен. Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов ди­қандармен күзгі жиын-терін нау­қаны басталарда өткізген кез­десуінде астықты өңір үшін мұны табиғи апатқа теңеген еді. Диқанның көктемде маңдайын күн қақтап жүріп еккен егінге күзде кеусені толмай қалды. Тіпті облыстың оңтүстік аудан­дарында көктен бір тамшы там­бағандықтан, бидайдың саба­ғы­ның басындағы дәні пүш болып, желге ұшып кетті. Қысқасы, биыл облыста 76 мың гектар жер­дің егіні күйіп кетіп, алқап шаң­даққа айналды.

Оруға келген алқаптардың өзінен түсім 2-3 центнерден ғана ай­налды. Ерте көктемнен бастап ала жаздай алқаптың күтіміне жіберген, яғни зиянкестерді улау, арамшөптен тазарту сияқ­­ты жұмыстарға жұмсаған қар­жысы да желге ұшты. Ал мемлекет та­рапынан төленетін субсидия уақтылы қолға тимейтіні де бүйірден тиген соққыдай бо­лып тұр. Науырзым ауданы облыстың оңтүстігіне қа­рай ор­наласқан. Осындағы «Шолақ­сай» шаруа­шылығының алқа­бындағы астық түсімі гектарына 2-4 центнер болды.

– Биыл біз ораққа ілінгенін орудамыз. Бірақ сапасы төмен. Бидайдың қамырлылығы бұ­­рын­­нан да көтеріңкі болатын, биыл тіпті жоғары, бірақ табиғи сапа болымы төмен, – дейді серік­тестік директоры Мәди Их­тиляпов. Жаз бойы тамбаған жаңбыр енді күнара жауып, орақ салдырмай жатыр. Мәди барлық алқабының әлі 35 пайызын жинай алмай отыр. Масақтың қауызы ашылып, дән төгіліп қа­лады деген диқанның уайымы да күн өткен сайын күшейіп бара­ды. Оның үстіне мизам шуақ келе жатыр, күннің шуағы түссе арам­шөп те қаулайын деп тұр.

– Диірменшілерді де түсі­немін. Бидайдың сапасы болма­ған соң, олар да алғысы келмейді немесе бағасын түсіреді. Оған не істей аламыз? Мені бәрінен бұ­рын бүгінгі емес, ертеңім алаң­датады, келесі жылдың тұ­қы­­мын түгендеп алсам, сол ұтқаным болар еді, – дейді Мә­ди. Гербицид үшін берілетін мем­лекеттік субсидия әлі түс­кен жоқ. Ал биыл диқанның қам­ба­сында сататын бидайы тағы жоқ, сондықтан нарық бағасына алаңдамапты да.

Топырақты химиялық өңдеу­ден өткізу үшін биыл облысқа 4 млрд 900 млн теңге бөлінген. Ол бәріне бірдей жетпеген.

– Мысалы, былтыр сатып ал­ған гербицидтің 35 пайызы ди­қан­дарға қайтарылған болатын. Биыл бұл көрсеткіш 50 пайызға көтерілді, яғни 15 пайызға өс­ті. Бірақ қосымша қаражат бө­лін­ген жоқ. Оның сыртында гербицид­тің баға­­­сы қымбаттады, – дейді облыс­тық ауылшаруашылық бас­қармасының бас маманы Нұр­сұл­тан Қабделов. Жалпы, ауыл­­­шаруашылық басқармасы маман­дарының айтуынша, биыл егін күтіміне жұмсалған шы­ғын­ның орнын толтыратын қо­сым­ша қаржы бөлінбейді. Демек, Үкімет диқандар алдын­да­ғы қа­рызын келер жылы ғана өтеуі мүмкін. Субсидияның ке­шігуі бұ­рыннан қоры бар шаруа­шы­лықтарға ауыр соқпайтыны анық.

Субсидия ала алмаған шағын ша­руашылық иесінің бірі Ерлан Айтбаевтың алқабы Арқалық қаласына қарасты Мирный деген ауылдың маңында. Биыл 400 гектарға егін еккен екен, соның жартысынан көбін жинап алды. Бірақ диірмендерге бидайды уақ­­тылы өткізе алмаса, ол да шығын.

– Мысалы, бір элеватор ме­­­нің бидайымды төртінші клас­­қа жатқызды. Бірақ 5-ші класс ретінде қабылдамақшы. Себе­бі жеке сақтайтын орын жоқ, сондықтан ортақ қоймаға құй­ғанда басқа өніммен араласып сапасын жоғалтатынын ай­та­ды. Сондықтан «тек сенің би­дайыңды төртінші класпен қа­был­дау тиімсіз, өзіміз шығынға ба­тамыз» деп отыр, – дейді ди­қан Ерлан Айтбаев.

Төртінші клас­ты бидайдың тоннасы сапасына қарай 60, 70 мың теңге аралығында. Ал бесінші класты бидайдың ба­ғасы 50 мың теңгеге бір-ақ құл­дырайды. Диқандардың айтуын­ша, бұл баға алдағы жылға тұқым са­тып алмақ түгіл, биыл­ғы шы­ғын­ды өтемейді. Астық қабыл­даушылар да біреуді алдап, пайда табайық деген ойдан аулақ. Оның үстіне, соңғы күн­дері толассыз жауған жауын­нан бидайдың сапасы күрт тө­мендеген. Элеваторларға ди­қан­­дар шағымы бойынша тек­серу де жүргізіліпті. Бірақ еш­қан­дай заң­ бұзушылық фактілері та­был­маған.

Негізі диқандар мен ас­тық қабылдаушылардың ара­сындағы дау-дамайға астық қабыл­дайтын орындардың аз­ды­ғы себеп бол­ған сыңайлы. Ке­реғарлықты қа­ра­ңыз, астық шығымы төмен жыл­дың өзінде Арқалық қаласы маңындағы екі шағын элеваторға бар-жоғы 57 мың тонна астық сия­ды. Осы өңірде бүгінгі жиналған ас­тықтың өзі 140 мың тоннаға же­тіп қалған, ал сыйымдылығы үл­кен екі ірі элеваторлардың есігі жабық. Оның себебін об­лыстық ауылшаруашылық бас­қармасының бас маманы Нұр­сұлтан Қабделов айтты. Бұл екі элеватор да астық жетімсіздігі анық­талып, тергеу жұмыстары жү­ріп жатқан көрінеді.

Астық шаруашылығында биыл­­ғы проблема тек табиғат құ­­бы­лысынан ғана емес, осы сала­да бұрыннан жиналып қал­ған өзекті мәселелердің де салдары­нан болып отыр. Мы­салы, сақтауға ал­ған бидайды ғана емес, банктен ал­ған несие­сін де қайтара алмай  берешекке батқан элеваторларға қазір жаңа инвесторлар іздес­тіріліп жа­тыр. Бірақ жаңа инвес­тор ор­нығып, кәсіпорынды іске қос­­қанша қар түсетіні анық. Ди­қан маңдай термен өсірген астығын лайықты бағаға өткізе алмай әуре, ал диір­мендерге бидай жетпей жатыр. Мысалы, облыстағы барлық диірмендер жылына 2 миллион тонна бидай өңдейді. Биылғы жиналған астық 3 миллион тонна бола ма, болмай ма, оны да уақыт көр­сетеді. Қостанайдағы ұн тар­татын ірі кәсіпорынның ком­­­­­­мерциялық директоры Олег Курватов бидайдың жет­пе­уі­­нен көптеген шағын диір­мен жұмысын тоқтатуы әб­ден мүм­кін екенін айтып отыр. Оған басты себеп – банктерден ал­ған қарызын өтей алмайтыны. Қа­­зір өңірде жетпістен астам кә­сіп­­орын бар. Былтыр олар экс­­портқа 938 мың тонна ұн жіберсе, биыл бұл көрсеткіш 243 мың тоннаға кеміген. Жетпейтін бидайды диір­мендер сырттан тасымай қай­теді?  Әрине, ол ұн мен нан бағасын қымбаттатады.

Осы көріністердің барлығы да ауыл шаруашылығы тауарларын өндірудегі үйлесімсіздіктің салдары екені анық. Тек таби­ғатты, қуаңшылықты кінәлай беруге болмайтынын диқан біледі. Өкі­нішке қарай, диқанның айтқан сөзі егіс алқабынан әрі аспай тұр.

 

ҚОСТАНАЙ