Экономика • 02 Қазан, 2019

Келесі жылы қандай тауарлар қымбаттайды?

272 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Ұлттық банк жыл соңына дейін қалай болса да инфляцияны 4-6 пайыздық дәлізден асырмай ұстайтыны анық. Ал келер жылы қымбатшылық қай деңгейде болуы мүмкін? Қандай тауар мен қызмет қымбаттамақ? Құзырлы органдардың алдын ала болжамдарына сүйене отырып, 2020 жылғы инфляцияға болжам жасап көрейік.

Келесі жылы қандай тауарлар қымбаттайды?

Биыл Ұлттық банк инфляция дәлізін 4-6 пайыз аралығында бекіткен. Дегенмен халықтың ақшалай табысының көбеюі кейбір тауар мен қызмет құнының қымбаттауына түрткі болды. Әсіресе азық-түлік бағасы айтарлықтай өсіп, соңғы 12 айда 10 пайыздан артық қымбаттаған еді. Азық-түліктің қымбатшылығы жалпы инфляцияның негізгі драйверіне айналып, қазірдің өзінде инфляция көрсеткіші 6 пайызға жақындап қалды.

2019 жылдың соңына дейін азық-түлік жоғарыда айтылған себепке байланысты қымбаттай береді. 2020 жылдың басынан оның әсері біртіндеп азаяды. Бұл азық-түлікке жатпайтын тауарлар мен ақылы қызметтер бағасының көтерілу үрдісін үдетеді. Ұлттық банктің тоқсандық есебінде осындай болжам бар.

Үкімет азық-түліктің бағасын шектей ала ма?

Бас банктің мәліметінше, келер жылы азық-түліктің қым­баттау қарқыны қазіргі 10 па­йыз­дан 8 пайызға төмендейді. Бұл процесс бәсеңдегенімен, азық-түлік ең қар­қынды қымбат­тай­тын тауар ретінде қала бермек. Дегенмен 8 пайыздық көр­сет­­кіш жоспардағы 5,5 пайыздан бәрібір айтар­лықтай көп.

Жаңадан құрылған Сауда және интеграция министрлігі азық-түлік тапшылығы мен қымбатшылығына қарсы қызу күресіп жатқаны байқалады. Үкі­мет отырысында ведомство басшысы Бақыт Сұлтанов Премьер-Министрге бірқатар ұсы­ныс айтып, бағаны түсірудің амал­дарын ұсынды. Ол елорда ма­ңында көтерме орталықтар, сақ­тау және тарату орындарын салу керектігін, отандық өнім­ді ілгерілетудің жолдарын айт­қан болатын. Министрдің ұсыны­сы­на орай, Үкімет әлеуметтік ма­ңыз­ды 10 түрлі тағам баға­сы­на бақылауды күшейтіп, сауда­гер­лердің 15 пайыздан артық үстеме қосуына тыйым салуға және дүкендердегі тауарлардың кемінде 30 пайызының отандық өнім болуын қадағалауға келісті. Әрине мұның бәрі нарықтық экономиканың заңдылықтарына томпақ келетін «мемлекеттік менеджмент» екені түсінікті. Дегенмен халықты қым­бат­шы­лық қысқанда Үкімет нарықтың заң­ды­лықтарына бас қатырып жат­пайтыны анық. Алайда, со­ның өзі аса тиімді болмауы мүм­­кін. Әйтеуір Үкіметтің бұл жұ­мы­сынан Ұлт­тық банк көп үміт күтпейді, жоғарыда ай­тыл­ған болжамдары осыны көрсетеді.

Ас атасы қымбаттауы мүмкін

Үкімет мүшелері мен сарап­шылар ескермей жүрген тағы бір мәселе – биылғы егін шығымы. Жаз­дағы аптап ыстық пен өрт, күзгі толассыз жауын-шашын ди­қан­­дарға қиындық тудырып отыр. Бұл туралы Ауыл шаруа­шы­лығы министрлігі ресми түр­де мәлімдеді. Жалпы, биыл би­дай гектарына 11,5 центнерден ғана айналды. 17 млн тонна шамасында ғана астық жинала­ды деп күтілуде. Былтыр көрсеткіш 20 млн тоннадан асқан еді. Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаровтың айтуынша, биыл нан мен ұн өнімдері қымбаттауы ықтимал. Әлеуметтік нан бағасын Үкімет ұстап тұрары анық, ал макарон өнімдері секілді басқа тауарлардың бағасын шектей алмауы әбден мүмкін.

Ал азық-түліктік емес тауарлар бағасы 6-7 пайыз көтерілмек. Бұл да жалпы инфляциядан жоғары. Азық-түліктік емес тауарлар бағасы соңғы 12 айда 6 пайызға өскені белгілі. Демек келер жылы жағдай анау айт­қандай оңала қоймайтын секілді.

Ақылы қызметтер айтарлықтай өспек

Инфляцияға келер жы­лы ақылы қызмет­тердің қымбаттауы да айтарлықтай әсер етпек. Биыл тамыздағы жағ­дай бойынша ақылы қызметтер­дің қымбаттауы бар болға­ны 1,4 пайызды құрады. Оның бірнеше себебі бар. Былтыр Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев коммуналдық шаруашылық саласындағы монополистердің басын қосып, тарифтерді төмендетуді тапсырған болатын. Соның алдында ғана сол монополистер биліктен бағаны қымбаттатуға рұқсат алған еді. Ондағы аргументтері – тарифті көтермейінше, коммуналдық шаруашылық саласына инвестор келмейді. Алайда тариф қымбаттағанымен, келген инвестор болмады. Осыдан кейін билік тарифті жаппай қайта түсіруді тапсырды. Нәти­жесінде республика бойынша облыс әкімдіктері моно­полистерді бағаны төмен­детуге мәжбүрледі. Бұл коммуналдық қызмет құнының дефляциясына жол ашып, ақылы қызмет­тер бағасындағы инфляцияны айтар­лықтай төмендетті.

Екіншіден, отандық Fly Arystan лоукос­терінің ашылуы да ұшақ билеттерінің арзандауына түрткі болды. Қағаз жүзінде ғана арзан билеттердің өзі осы салада қызмет құнын арзан деп көрсетіп, ақылы қызметтер­дің инфляциясын тағы ұстап қалды.  

Дегенмен келер жылдан бастап ақылы қызметтер жаппай қайта өсетінге ұқсайды. Коммуналдық қызмет тариф­тері қазірдің өзінде көтеріле бастады. Екіншіден, темір жол тасымалдаушылары жол жүру билеттерін қыркүйек айының ортасынан бас­тап ресми түрде негізгі бағыттар бойынша 10 пайызға көтеріп қойды.

Сыртқы факторлар көңілге медеу

Ұлттық банк сарапшы­­лары­ның мәлі­метін­ше, орта мер­зім­ді болашақта инфляция бір­тін­деп төмендейді. Өзара сау­да жасайтын әріптес елдердегі инфляцияның бекітілген дәліз­де сақталуы теңге үшін де оң әсер етеді.

«Болжамдық шекте сыртқы инфляциялық ахуал жақсарады деп күтілуде. Негізгі сауда әріп­тестерімізде инфляцияның көр­сет­­кіштері өздерінің нысаналы бағдарына жақын болады. Еуропалық одақта инфляция болжамдық кезеңнің соңына де­йін қазіргі деңгейден көп ал­шақ­тамайды. Эконо­мика­ның қа­лыпты өсу қарқыны, ұлт­тық валютаның біршама берік баға­мы, сондай-ақ энергия тасы­малдаушылар бағасы оны төмен­детуге ықпал етеді деп кү­ті­леді», деп жазды Ұлттық банк.

Ал Қытайдағы инфляция юанның АҚШ долларына қатысты бағамының әлсіреуі аясында 2020 жылдың ортасына дейін бұрынғы болжамнан жоғары болып, 2,2%-ға дейін жетпек. Есесіне Ресейдегі инфляция Орталық банкінің мәліметі бойынша, 2019 жылдың соңында 4-4,25 пайыз шама­сында сақталмақ. Солтүстіктегі баға­ның баяу өсуі ішкі және сырт­қы сұраныстың әлсіздігіне бай­ланысты қалыптасуда.

Ұлттық банктің мәліметін­ше, ірі орта­лық банктер ритори­касының жұмсаруы нәтижесін­де сыртқы монетарлық талаптар айтарлықтай жұмсармақ. 2019 жылғы 31 шілдеде АҚШ ФРЖ бірінші рет 2008 жыл­дың соңында негізгі мөлшерлемені 2-2,25%-ға дейін төмендетті. Ал Еуропа орталық банкі эко­номикалық өсуді қолдау және инфляцияны таргеттелетін дең­гейге жақындату үшін 2020 жыл­ғы бірінші жарты­жылдыққа дейін мөлшерлемені өзгеріссіз сақтамақ.

Қорыта айтар болсақ, 2020 жылы Қазақ­станда азық-түлік бағасы биылғыдай шарық­тап қымбаттамағанымен, бір­шама өспек. Оның үстіне жол жүру билеттері мен ком­мунал­дық қызмет тарифтері де қым­баттайды. Дегенмен сыртқы эко­номикалардың оң ықпалымен инфляция шамамен 5,5 пайыз деңгейінде сақталуы мүмкін. Мұның бәрі мұнай нарығындағы жағдайдың қазіргідей салыстырмалы түрде «тұрақты» болса ғана. Ал АҚШ пен Қытайдың ере­гісі күшейіп, «қара алтын» құны күрт төмендесе, тең­ге деваль­­вацияға ұшырап, бұл өз кезегінде инфляцияны ушық­тыруы ықтимал.