Руханият • 02 Қазан, 2019

Қазыналы қайраткер

765 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Тоқсанның төріне шыққан абыз ағамыз Серғазы Қалиұлы бүгінге дейін ғылыми ең­бек­тен қол үзген емес, білген-түй­генін қағаз бетіне өрнектей түюде. Өмірі үлгі ағаның әлі де бол­са айтары мол...

Қазыналы қайраткер

Профессор С.Қалиевтің өмі­рін үш кезеңге бөліп қарауға бо­лады, бірінші – өсіп, білім алып, еңбекке араласу, екінші – ұс­­таздық-қайраткерлік, үшінші – үлкен ғылыммен шұғылдану ке­зеңдері.              

1929 жылы бұрынғы Семей облысы Абай ауданы Қарауыл ауы­лында дүниеге келген Сер­ғазы Қалиұлы Абай орта мек­тебінде, 1945-1949 жылдары Семей педа­гогикалық инс­ти­тутының тіл жә­не әдебиет фа­куль­тетінде оқып, еңбек жолын бұрынғы Ая­­гөз ауданы, Сер­гиополь орта мек­­тебінде мұғалім болып бас­тады. 1950-1951 жылдары Аягөз аудан­дық оқу бөлімінде мектеп инспекторы, 1952-1954 жылдары Аягөз аудандық комсомол комитетінің I хатшысы, 1954-1957 жылдары Аягөз аудандық атқару ко­ми­теті төрағасының оқу-ағар­ту, мә­дениет, сауда және ден­сау­лық сақтау саласы бойын­ша орын­­басары қызметтерін ат­қа­ра­ды.

1958 жылы Аягөз станса­сын­­дағы 1900 оқушысы, 200 ба­ла­лық қоғамдық интернаты, 90 мұ­­ғалімі бар Түрксіб темір жолы бойын­дағы ірі мектептердің бірі № 8 (кейін № 244) орта мек­тебіне ди­рек­торлық қызметке таға­йын­дал­ды.

Айналасы 3-4 жыл ішінде мектеп Қазақ темір жолы бо­йын­­дағы алдыңғы қатарлы мек­тептердің қатарына қосылды. Мек­тепте ағаш, слесарь, токарь, тігін шебер­ханалары, 150 шаршы метрлік жылыжай, спорт залдары салынды, интернат балалары жыл бойы көкөніспен қам­тамасыз етіліп отырды.

Мектеп ұжымы Бүкілодақтық социалистік жарыс нәтижесі бойынша 3-орын алып, КСРО Қатынас жолдар министр­лігі мен КСРО Кәсіподақ комитеті­нің дипломдарымен, қомақты қар­жымен марапатталды. Осы еңбектері үшін С.Қалиев «Еңбек­тегі ерлігі үшін» медалімен, «КСРО Оқу ісінің озаты» бел­гісі­мен марапатталды.

1968-1971 жылдары Қазақ темір жол оқу бөлімінде мектеп инс­пек­торы, 1972-1981 жылдары мектептің бастығы қызметтерін атқарады. Бұл бө­лімге 450 мектеп, 200 ба­­ла­бақ­ша, 4 техникум, 5 тех­школа, 3 мектептен тыс ме­­­кемелер (жас натуралистер мек­тебі, жас техниктер мектебі, спорт мек­тептері) қарайтын еді. Осы мекемелер еліміздің 19 облысы мен Қырғызстан Рес­пуб­ликасы тер­риториясында, сон­дай-ақ Ре­­сейдің Орынбор облысында, жалпы 14 000 шақырым қа­шық­­тықта орналасқан быты­раң­қы мекемелер болатын. Оқу бөлімінде небәрі 36 адам қыз­мет атқарғанымен, олар қа­ра­мағындағы 800 мекеме­нің жұ­­­­мысына күнделікті опера­тив­­­тік басқару жасап, кездескен қиын­­­шылықтарды өздері шешіп отыр­ды. Аз уақыт ішінде 800 оқу кабинетін жабдықтап іске қосты.

Теміржол мектептерін жүзде­ген оқушылар алтын, күміс медальдармен бітіріп, Мәскеу, Ле­­нин­град, Киев, Харьков, Ал­ма­ты және басқа да қалалардағы жо­ғары оқу орындарына түсіп, жақ­сы білім алды.

С.Қалиев ғылыми еңбекке ерте ден қойған жан. Ол 1970 жылы «Ғ.Мүсірепов творчествосын орта мектептерде оқытудың жол­дары» деген тақырыпта Фрун­зе қаласындағы Қырғыз мем­­­лекеттік университетінде дис­­сертация қорғап, педагогика ғылымдарының кандидаты ғылыми атағын алған бола­тын. 1981 жылы Қазақ КСР Оқу министрлігі жанындағы Ы.Алтынсарин атындағы ғы­лы­ми-зерттеу институтына ауысып, аға ғылыми қыз­меткер, педагогика тарихы бөлімінің меңгерушісі, Инс­титут директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары қызметтерін абыроймен атқарды. Бұл кезең Серғазы Қалиұлының ғалым ретінде кемелденген шағы болды.

Ол 1996 жылы ұзақ жыл­дық пе­дагогикалық бай тәжі­ри­бе­сі негізінде «Қазақ этнопе­да­го­гикасының ғылыми-әдісте­ме­лік негіздері» деген тақырыпта док­торлық диссертация қорғап, 1997 жылы профессор атағын алды. 2003 жылы Педагогика ғылым­дары академиясының Құр­­метті академигі болып сайланды.

Серғазы Қалиев еліміз еге­мендік алған кезде отан­дық білім беру жүйесін қалып­тастыруға, жаңа білім беру маз­мұнын жа­сауға көп үлес қосты. Оның ті­ке­лей араласуымен мектептерде оқытылатын пәндердің жаңа бағ­дарламалары, 6 жастағы балаларды мектепке даярлау үшін қа­жетті оқу құралдар кешені жа­сал­ды.

Мен Ы.Алтынсарин атын­дағы Қазақ ұлттық білім акаде­мия­сының президенті болып жүрген кезімде профессор С.Қа­лиев келіп, «қазақ халқы ер­те ғасырлардан бері бала тәр­бие­­сіне ерекше мән берген ха­лық, осы мәселені тереңірек ғы­лыми негізде зерттеген дұрыс болар еді» деді. Мен Секеңе ойын ма­құлдайтынымды, бірақ бұл өте күрделі әрі жауапты жұмыс екенін ескертіп, асықпай ойлану керектігін айттым. Ақылдаса жүріп 30 ғасыр шамасындағы уа­­қыт­ты қамтитын еңбек да­йындаған дұрыс болар деген ше­шімге келдік. Мен Секеңе алдымен осы еңбектің сөзтізбесін жазу жөнінде ұсыныс білдірдім. Бұл идеяны Академияның президиум мүшелері де мақұлдады. Бірнеше рет жолығып сөзтізбені талқыладық, оның соңғы нұс­қасын жасауға еліміздің танымал ғалымдарын тарттық.

Біраз жұмыс жасалғаннан кейін мен сол кездегі Білім және ғылым министрі Ш.Беркім­бае­ва­ға осы жұмыс туралы жан-жақ­ты мағлұмат беріп қолдауын өтіндім. Шәмшә Көпбайқызы бұл идеяны қолдайтынын айтып, қаражат мәселесін өзім­нің қарастыруымды өтінді. Со­­­дан Академияның бюджеттен тыс қаражаты есебінен Қа­­­зақ тәлімінің 30 ғасырлық ан­­то­ло­гиясын дайындаумен шұ­ғыл­данатын зертхана аш­тық. Про­фессор С.Қалиев осы жұ­мыспен толық шұғылдануға мүм­кіндік алды.

Профессор С.Қалиевтің үлкен еңбегінің арқасында 2000-2013 жылдары 30 ғасырлық «Қазақ тәлімінің тарихы» атты 12 том­дық антология дайындалып, жа­рық көрді.

Ол академияның көптеген ір­ге­лі жұмыстарына атса­лыс­ты. Оның 60 жылдық мерейтойына арнап кітап шыға­руға, Ы.Алтынсариннің туғанына 150 жыл, 160 жыл, академик, профессорлар Т.Тәжібаев, Қ.Жұ­ба­нов, Ә.Сембаев, Ә.Марғұлан, М.Әуезов, Ә.Сыдықовтардың 80, 90, 100 жылдық мерейтойларына арнап конференциялар өткізу және конференция материалдары бойынша ғылыми жинақтар шығару жұмыстарына араласып, қыруар істер тындырды.

Этнопедагогиканың өзекті мәсе­ле­лері бойынша 1991-2011 жылдары Шымкент, Қызыл­орда, Жетісай, Торғай, Атырау, Ақтөбе, Семей, Жезқазған, Жам­­­был қала­ларында аймақ­тық, облыстық конференциялар өт­кізіп, баяндамалар жасады. Осы проблемаға қатысты Мәс­кеу, Баку, Ташкент, Бішкек, Улан-Батор қалаларында өткен ғы­лыми-практикалық конферен­ция­ларға қатысты.

Профессор С.Қалиев 2005 жылы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетіне қызметке орналасып, бүгінге дейін үлкен ғалым ретінде бола­шақ ұстаздарға өзінің бай тәлімін бе­ріп келеді.

Серғазы Қалиұлының ғылыми жетек­шілігімен 2 докторлық, 24 кандидаттық диссертациялар қорғалды. Олардың ішінде Қ.Қаб­дыразақұлы, Ә.Ашайұлы, Б.Әбдиев сынды Моңғолия, Қыр­ғызстан мемлекеттерінің азаматтары да бар.

Профессор С.Қалиев соңғы 30 жылда үлкенді-кішілі 82 іргелі еңбек жазды. Соның ішінде про­фессор Қ.Жарықбаевпен бір­­ге жазған «Қазақ тәлім-тәр­бие­сі» могнографиясын, 1 Рос­тов университетінің профессоры Кукушкинмен бірге жазған «Этно­педагогика» оқулығын ерек­­ше айтуға болады.

Профессор С.Қалиев 2015-2019 жылдары республикалық БАҚ-да XIX-XX ғасырларда өмір сүрген Ақан сері, Сара, Сұлтанмахмұт, Абай, Шәкәрім, Әріп, Көкбай, Т.Жүргенов, Қ.Жұбанов, М.Жұма­баев, Ж.Аймауытов, Н.Құл­жанова, Б.Адамбаев, М.Әлімбаев және т.б. ақын-жазу­шылардың твор­чество­­­­­­лық ерек­шеліктерін зерт­теу­ге арнал­ған мақал­алар жазды.

Ғылы­ми еңбегі жоғары баға­­ланып, медальдармен, Жоғары Кеңес Құр­мет грамоталарымен ма­рапатталды.

Туған еліміздің мәдениеті мен әде­биетін зерттеуде абзал ағаның әлі де берері мол таусылмас қазы­на екенін айтқымыз келеді.

 

Аскарбек ҚҰСАЙЫНОВ,

 Педагогикалық ғылымдар
академиясы­ның президенті, академик