Экономика • 02 Қазан, 2019

Жылдық бюджет нақтыланды

1104 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында 2019 жылға арналған республикалық бюджет нақтыланды. Бұл жөнінде Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов пен Қаржы министрінің бірінші орынбасары Берік Шолпанқұлов баяндады.

Жылдық бюджет нақтыланды

Өлшемдер сақталып, бюджет өседі

Руслан Дәленовтың айтуынша, 2019 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылағанда еліміздің әлеуметтік-эконо­ми­­калық дамуының негізгі көр­сет­кіштері сақ­талады. Бұл – 3,8% деңгейіндегі ІЖӨ өсі­мі, 89 млн тонна көлеміндегі мұнай өндіру.

«Әлемдік мұнайдың бағасы жоғары құбылмалылығын көрсетеді. Осыны еске­ре отырып мұнайдың болжамды бағасы барреліне 55 доллар деңгейінде, ал жыл­дық инфляцияның нысаналы дәлізі 4-6% ше­гінде болады деп белгіленді», деді Ұлт­тық экономика министрі.

Әлеуметтік-экономикалық дамудың болжамды параметрлерінің сақталуына сыртқы нарықтар бойынша болжамның сақталуы, ағымдағы жылдың 9 айдағы көр­сеткіштер динамикасы, сондай-ақ биыл наурыз айында енгізілген түзетулер себеп болды. Міне, осының есебінен респуб­ликалық бюджет кірістерін 12 млрд теңге салықтық түсімдердің және 83 млрд теңге салықтық емес түсімдердің есебінен 95 млрд теңгеге арттыру ұсынылды.

«Жалпы, республикалық бюджеттің кі­­ріс­тері (трансферттерді есептемегенде) 2019 жылы 7 трлн 81 млрд теңгені құрай­тын болады», деді ол.

Түсімдер түрлері бойынша кірістердің құрылымы өзгермейді. Ең үлкен үлесті қосылған құн салығы (2,8 трлн теңге), корпоративтік табыс салығы (2 трлн теңге), халықаралық саудаға салынатын салықтар (1,5 трлн теңге) құрайды.

Республикалық бюджеттің тапшылығы бұрын бекітілген 1 трлн 365 млрд теңге деңгейінде сақталмақ. Бұл – ішкі жалпы өнімнің 2,1%-ын құрайды.

Мұнай емес тапшылық, яғни мұнай кірістерін қоспағанда, ішкі жалпы өнімге қатысты 8,5% немесе 5,5 трлн теңгені құрайды. Мұнай емес тапшылықтың параметрлері бекітілген фискалдық ережелерге сәйкес келеді.

Р. Дәленов нақтылағандай, түсімдердің жалпы көлемі 95 млрд теңгеге өсіп, 10,7 трлн теңгені құрайды. Трансферттердің түсімдері, оның ішінде Ұлттық қордан трансферттер өспейді.

«Шығыстар 95 млрд теңгеге артады, бұл кірістердің өсуімен сәйкес келеді. Рес­пуб­ликалық бюджеттің шығыстар кө­лемі 12 трлн теңгеден асады. Осылайша түсім­дер 10,7 трлн теңгені, шығыстар 12 трлн тең­гені, тапшылық 1,4 трлн теңгені құрай­ды», деп қосты Ұлттық экономика министрі.

Өз кезегінде, бірінші қаржы вице-ми­нистрі Б.Шолпанқұлов бюджетті нақ­тылауды ағымдағы жылдың сәуірінде түзетулер енгізілген елдің 2019 жылға арналған Әлеуметтік-экономикалық даму болжамының көрсеткіштерін сақтай отырып жүргізу ұсынылатынын айтты.

Нақтылау жобасында ағымдағы жыл­дың бюджетін атқару шеңберінде Үкімет алдына қойылған бірқатар міндеттерді шешу көзделген.

Бірінші, әлеуметтік салада шұғыл қаржы­ландыру мәселелерін шешу. Б.Шол­па­нқұ­ловтың айтқанындай, бұл мақсат­тарға 84,8 млрд теңге көзделген, оның ішінде: 36,9 млрд теңге алушылар контин­гентінің ұлғаюына байланысты атаулы әлеуметтік көмек төлемдеріне, 23,3 млрд теңге медициналық көмек көрсетуге және денсаулық сақтау объектілерінің құрылысын жалғастыруға, 2,7 млрд теңге мәдениет пен спортты дамытуға бөлінді.

Екінші, кейінгі жылдарғы эконо­ми­каның өсу қарқынын арттыру үшін қосымша көздердің негізін қалау. Бірінші қаржы вице-министрінің айтуынша, осы міндет шеңберінде нақтыланған бюджет жобасында 136,8 млрд теңге көзделген, оның 36,7 млрд теңгесі жолаушылар вагондары паркін, санитарлық техниканы және машина жасау саласының жобаларын жаңартуды қаржыландыру үшін өңдеу өнеркәсібін қолдауға, 21,1 млрд теңгесі әуе паркін дамытуға және мамандандырылған әуе кемелерімен толықтыруға, 17,1 млрд теңгесі салымшыларға тұрғын үй қа­рыз­дарын беру және салымдар бойынша сыйақылар төлеу үшін, 8 млрд тең­гесі Павлодар және Ақтөбе облыстары­ның сұранысқа ие суармалы жерлерінің гид­ро­мелиоративтік жүйелерін реконструк­циялауға, 7,2 млрд теңгесі Жамбыл облысы халқының табысын арттыру жөніндегі қанатқақты жобаны іске асыруға бөлінді.

Үшінші, 4-тоқсандағы шұғыл міндет­терге арналған Үкімет резервінің қолай­лы деңгейін қамтамасыз ету. Бұл шығыс­тар­ды қайта бөлу және 94,9 млрд теңге мөл­шерінде ағымдағы жылдың 9 айының қоры­тындылары бойынша бюджет түсім­дерін түзету жолымен жүзеге асырылады.

«Осы өзгерістерді ескере отырып, 2019 жылға арналған республикалық бюд­жет­тің негізгі параметрлері былайша қалып­тасты: түсімдер – 10 663,5 млрд теңге; шығыстар – 12 028,1 млрд теңге; бюджет тапшылығы – 1 364,6 млрд теңге немесе ішкі жалпы өнімге 2,1%», деп түйіндеді Б.Шолпанқұлов.

Мәселені Премьер-Министр А.Мамин қорытындылап, осыған сәйкес тиісті тапсырмалар берді.

«Түзетілген бюджет кірістері мен шы­ғыс­тары әлеуметтік міндеттерді шешу үшін қо­сымша қаржыландыру қажеттілігін жабу­ға, экономикалық өсудің қосымша кө­здерін құруға мүмкіндік береді», деді А. Мамин.

Экономикалық өсудің қосымша көз­дерін өңдеу өнеркәсібін қолдауға арналған қаражатты қайта бөлу, салымшыларға тұрғын үй қарыздарын беру үшін «Тұр­ғын­үйқұрылысжинақбанкі» АҚ-ын несиелендіру, Павлодар және Ақтөбе об­лыстарының сұранысқа ие суармалы жерлерінің гидромелиоративті жүйе­лерін реконструкциялау, сондай-ақ Жам­был облысында ауылда кооперацияны дамытудың қанатқақты жобасын жүзеге асыру арқылы құру жоспарланған.

Осы міндеттерді 199,1 млрд теңге сомасында шығыстарды қайта бөлу және осы жылдың 9 айының қорытындысы бо­йынша бюджет кірістерін 94,9 млрд теңге мөлшерінде түзету жолымен қаржылық қолдау ұсынылады.

Премьер-Министр мәселені қоры­тын­дылай келе тиісті мемлекеттік органдарға белгіленген тәртіпте «2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер енгізу туралы» заң жобасын Парламент қарауына енгізуді тапсырды.

 

Ауылдар кең жолақты интернетпен қамтылады

Сонымен қатар Үкімет отырысында ауылда интернетке кең жолақты қолжетім­ділікті қамтамасыз ету және 5G-ді дамыту мәселелері қаралды. Бұл мәселе бойынша Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев пен «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеев баяндама жасады.

А.Жұмағалиев «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында Қазақстанның елді мекендерін интернет қызметтерімен қамту бойынша жоспарлы жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты.

«Қазіргі таңда елімізде 117 қала мен
3 324 ауылды елді мекенде кең жолақты интернет қолжетімді. Олар түрлі технология­лармен қамтамасыз етілген, оның ішінде талшықты-оптикалық желілер, 3G және 4G желілері бар», деді министр.

2018 жылы Қазақстан әлемдік рейтингте ұялы байланыс абоненттері бойынша 21-орынға ие болды.

Қазақстанда интернет пайдаланушы­лар саны 2018 жылы 81,3%-ды құрады және әлемдік рейтингте Қазақстан 45-орын­ға ие болды. Ауыл­дық жерлерді кең жолақты интернет­пен әрі қарай қамту үшін 2018-2021 жылдарда талшықты-оптикалық және LTE (4G) желілерін салу жоспарлануда.

Бірінші кезең – талшықты-оптикалық желілерді салу. Жобаны іске асыру 1 250 ауылды елді мекенде жоғары жылдам­дықты интернет қызметтерін ұсынуға мүмкіндік береді. 2019 жылғы 1-жарты­жылдық қорытындысы бойынша тал­шықты-оптикалық желілер 83 ауылдық елді мекенде (оның ішінде 85 денсаулық сақтау нысаны мен 76 білім беру нысанында) іске қосылды. 2019 жылдың аяғына дейін 685 ауыл интернет желісіне қосылады, ал 2020 жылы тағы 509 ауылды қосу жоспарлануда.

Екінші кезең – LTE (4G) мобильді байланыс желісін дамыту арқылы 3143 ауылды: 2019 жылы – 574, 2020 жылы – 1 046 және 2021 жылы 1 523 ауылды интернетпен қамту жоспарлануда.

Осы аталған жобаларды іске асыру аясында 2020 жылдың аяғына дейін тұрғындардың саны 250-ден асатын 880 ауылды елді мекен кең жолақты интернет желісімен қамтылатын болады.

Сонымен қатар әрі қарай тұрғын­дардың саны 50-ден жоғары 885 ауылды интернет желісіне қосу жос­парлануда. Атқарылған жұмыстардың қорытындысы бойынша 2022 жылдың соңына дейін 5089 ауыл интернет желісіне қосылады.

Ал қалған ауылдарға жерсеріктік байланыс технологиясын қолдану арқылы интернет желісін ұйымдастырудың техни­калық мүмкіндігі қамтамасыз етіледі.

Бұл орайда елді мекендерді интернет желісіне қосу Ұлттық экономика министрлігі жасаған перспективалы ауылдар тізіміне сәйкес орындалатын болады.

Сондай-ақ байланыс қызметін көрсету сапасын жақсарту мақсатында, министрлік байланыс желісінің сапасы төмен жерлерді анықтау жұмыстарын жүргізеді. Байланыс сапасын жақсарту үшін әкімдіктермен және байланыс операторларымен бірге осы учаскелерде қосымша базалық стансаларды орнату мәселелері пысықталды. Мысалы, Щучье – Бурабай курортты аймағы және Нұр-Сұлтан қаласы аумағында әкімдіктермен бірге арнайы мачталар салу мәселесі оң шешімін тапты. Бұл мачталарды жеке кәсіпкерлер салады, ал байланыс операторлары сол жерлерде базалық стансаларын орнатады. Осындай жұ­мыстар Алматы қаласының және Павло­дар облысының әкімдіктерімен де жүргізіле бастады.

А.Жұмағалиев сонымен қатар Қазақ­стан­да жаңа технологияларды енгізу бо­йын­ша жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты.

«Президенттің тапсырмасына сәйкес министрлік Қазақстанда 5G технологиясы бойынша желіні енгізу жұмыстарын атқаруда. Осы орайда Жол картасы бе­кітілді. 5G мобильді байланысының тестік сынағы Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында өткізілді. Сонымен қатар сынақ жұмыстарын биыл қазан айында Шымкент қаласында өткізу жоспарланып отыр», деді министр.

Сынақ қорытындысы бойынша техно­логияның заттар интернетін, телемедицинаны, өнеркәсіпті цифрландыру және «ақылды» қалаларды дамыту үшін пайдаланылу мүмкіндіктері сарапталады.

5G технологиясын енгізу үшін қа­жет­ті инвестициялар көлемі үлкен болған­дықтан, бірінші кезеңде бұл технологияны енгізуді республикалық маңызы бар қалаларда (Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент) ұйымдастыру жоспарлануда.

2021 жылдың соңына дейін Нұр-Сұлтан қаласында Назарбаев Университет пен ЭКСПО-да енгізу жоспарлануда. Ал 2022 жылы әуежай мен вокзалда, ірі сауда орындары мен алаңдарда 5G технологиясы пайда болады. Одан әрі 2023 жылдан бастап еліміздің барлық облыс орталықтарында 5G енгізу жұмыстары жүргізіледі.

Осылайша атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 2022 жылдың соңына дейін Қазақстан Республикасы тұрғындарының 97%-ы кең жолақты интернет желісімен қамтылады. Тұрғындардың қалған 3%-ы үшін жер серігі технологиясын қолдану мүмкіндігі қамтамасыз етіледі.

«Интернет желісіне қолжетімділікті
ауылды елді мекендерде арттыру», «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдар­ламасы бойынша электронды денсаулық сақтау, электронды қызмет көрсету және басқа жобаларды іске асырудың негізгі элементі болып саналады. Бұл қала мен ауыл арасындағы цифрлы алшақтықты қыс­қартуға ықпал етеді. Ал тұрғындарға цифр­лы технологияларды толық қолдануға мүм­кіндік беріп, Қазақстан экономи­касы­ның дамуына өз ықпалын тигізеді», деп түйіндеді А.Жұмағалиев.

«Қазақтелеком» АҚ «Транстелеком» АҚ-мен бірлесіп МЖӘ шарты аясында «Талшықты-оптикалық байланыс желілері технологиясы бойынша ауылды елді мекендерді кең жолақты интернетпен қамтамасыз ету» жобасын іске асырып жатыр. Аталған жоба туралы толығырақ «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Қ.Есекеев айтып берді.

Мәселені қорытындылаған Премьер-Министр Елбасының Nur Otan пар­тиясының XVIII съезінде және Мемлекет басшысының биылғы 2 қыркүйекте Қа­зақстан халқына арнаған Жолдауында берген тапсырмаларына сәйкес, «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында ауылдық аумақтардың әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтып өтті.

2022 жылдың соңына дейін ауылды елді мекендердің 97%-ын құрайтын 5 мыңнан астам ауылда интернет қолжетімді болуы тиіс. Бұл ауыл тұрғындарына элек­тронды мемлекеттік қызметтер мен сер­вистерді, медициналық қызметтер мен білім алудың, электронды сауданың артықшылықтарын пайдалануға, сонымен қатар жаңа өмір стандарттарына жаппай көшуге жол ашады.

Үкімет басшысы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне байланыс операторларымен бірлесе отырып, өңірлерде талшықты-оптикалық байланыс желілерін салу жұмыстарын жеделдетуді және ауылды елді мекендерді жоғары жылдамдықты интернетке қосуды жеделдетуді тапсырды.