Руханият • 02 Қазан, 2019

Халықаралық экспедиция мүшелері Құрманғазы кесенесіне зиярат етті

839 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жошы Ұлысы – Алтын Орда астаналары «Сарайшық – Сарай-Бату – Сарай Берке қалалары ізімен» атты халықаралық ғылыми-зерттеу, туристік экспедициясы Ресейдің Астрахань облысы, Володар ауданы, Алтынжар ауылындағы «Құрманғазы» өңірлік мәдени орталығында болды.

Халықаралық экспедиция мүшелері Құрманғазы кесенесіне зиярат етті

Ұлы күйші Құрманғазы Сағырбайұлының кесенесіне зиярат етіп, құран бағыштады.Сонымен қатар мәдени орталық қызметімен танысып, өзара ынтымақтастық жөнінде пікір алмасты.

Айта кетейік, ұлы күйшінің басына 1996 жылы тұрғызылған кесене де, 2005 жылы Алтынжар ауылында ашылған мәдени орталық та Қазақстанның күшімен салынған. Киіз үй формасындағы үш ғимараттан тұратын орталық кешенін Атырау, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстары тұрғызған. Мұнда қазір музей, саз мектебі және қонақ үй кешені жұмыс істейді.

- Атамыздың басына кесене көтерілген соң алыс-жақыннан арнайы келушілер көбейді. Меймандарды қабылдап алатын қонақүй қажеттігі білінді. Қазір Құрманғазы атындағы өңірлік мәдени орталық Астрахань облысында ғана емес, алыс-жақын шетелдерге де танымал нысанға айналды. Қазақстан, соның ішінде Атырау облысы былтыр орталық ғимараттарына күрделі жөндеу жүргізіп берді, - дейді мәдени орталық директоры Амангелді Әбілғазиев.

Бүгін экспедиция мүшелері Астрахань облыстық тарихи-өлкетану музейінде болып, Сарайшық тарихынан сыр шертетін шағын көрме ұйымдастырмақ. Сосын Алтын Орда хандары жерленген делінетін Лапас көне қорымын және Сарай Бату шаһарының орнын аралайды.

Осыған дейін Жошы Ұлысы астаналары «Сарайшық – Сарай-Бату – Сарай Берке қалалары ізімен» атты халықаралық ғылыми-зерттеу экспедициясы жолға шыққанын хабарлаған едік.

1

1