Қоғам • 02 Қазан, 2019

Елордада тарихи нысандарға тегін экскурсия жүргізіледі

348 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қала тұрғындары мен қонақтарына  тарихи нысандарға тегін экскурсиялар ұйымдастырылды. Экскурсияны әр сәрсенбі сайын кәсіби гидтер жүргізеді.  Бұл туралы елорда әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Елордада тарихи нысандарға тегін экскурсия жүргізіледі

Нұр-Сұлтан қаласының «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі қала тұрғындары мен қонақтарына арнап елорданың көне тарихи-мәдени жерлеріне арнайы экскурсия ұйымдастырады.

Жобаның мақсаты елорда аумағындағы тарихи жерлерді халыққа кеңінен насихаттап, танымал ету. Астаналықтар экскурсия кезінде «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасына енген 7  және басқа да тарихи нысандарды тамашалап, олардың тарихымен кеңірек таныса алады.

Атап айтқанда  «АЛЖИР» саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарын еске алу  мемориалды мұражай кешені, Көпес Василий Кубриннің үйі,  «Кубрин және ұлдары» көпестер серіктестігінің сауда үйі, Көпес П.С. Силиннің тұрғын үйі,  «Жасыл» мешіттің қоршауы, Бұрынғы мұсылман мектебі, Қалалық басқарма ғимараты, Гимназия (ХІХ ғ. аяғы) және т.б. тарихи ғимараттар бар.

Экскурсияға бару үшін ұйымдастырушыларға алдын ала хабарласып, тіркелу керек. Толық ақпаратты хабарламада көрсетілген нөмірлер арқылы білуге болады.

Экскурсия әр сәрсенбі сайын сағат 10.00-де басталады. Жиналу орны Отырар көшесі, 1/2 мекен-жайы бойынша орналасқан Бұрынғы мұсылман мектебінің жанында.