Бірінші кезең – Электросирендерді қосу арқылы халық «Барлығыңыздың назарларыңызға!» бірыңғай дабыл бойынша хабардар етіледі және телеарналар мен радиохабарлар автоматты түрде өшіріледі. «Дармен» мобильді қосымшасын жүктеген смартфон қолданушыларға сөздік хабарлама жіберіледі. Айта кетерлігі, Алматыға жақын орналасқан сейсмодатчиктер арқылы бірегей функционал автоматты режимде жердің сілкінуі туралы push-ескерту жібереді.
Екінші кезең - практикалық оқу Алатау ауданындағы № 180 орта мектептің аумағында өтеді. Мұнда құтқарушылардың іс-қимылы көрсетіледі, үйрету тренингтері өтеді, «Жер сілкінісі кезіндегі іс-әрекет» видеоойыны ұсынылады.
Сонымен қатар оқу-жаттығуға қатысушыларға буклеттер, плакаттар және қала әкімдігі мен ТЖ Департаменті бірігіп жасаған «Жер сілкінісі кезіндегі 10 қарапайым қадам» тақырыбындағы көрнекі құралдар таратылады. Сауда орындарында «Қазақстанның Қызыл Жарты айы» қоғамдық бірлестігі мен Еріктілер лигасы «Жер сілікінісі кезіндегі халықтың іс-қимылы» тақырыбында флешмобтар өткізеді.
Мектептерде, ауруханалар мен емханаларда шартты түрде зардап шеккендерді қабылдайтын пункттер ашылады. Жалпықалалық сейсможаттығу жыл сайын халықты жер сілкінген кезде жасайтын іс-қимылдарға дайындау мақсатында өтеді. БҒМ-нің сейсмология Институтының ұзақ мерзімді болжауы бойынша қала аумағында 7 және одан жоғары баллдағы интенсивті жер сілкінісі болмайды.
Осыған орай, қаланың ТЖД Алматы тұрғындары мен қонақтарынан шараға түсіністікпен қарауды, сабырлық сақтауды сұрайды және сейсможаттығу өткізуге белсенді түде қатысуға шақырады.