Аймақтар • 02 Қазан, 2019

Алтын Орда хандары жерленген оба-мавзолей табылды

514 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Солтүстік Қазақстан облысы Уәлиханов ауданындағы Сілеті өзенінің төменгі ағысындағы «Қызыл оба» деген жерді қазған М.Қозыбаев атындағы облыстық университет пен Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің «Margulan centre» орталығының бірлескен археологиялық экспедициясы сенсациялық жаңалық ашты.

Алтын Орда хандары жерленген оба-мавзолей табылды

Олар жуырда ХIV ғасырда Алтын Орда билеушілерінің жерленген мавзолей-қорымын тапты. Археологтардың пікіріне қарағанда ол Жошы хан кезіндегі және одан кейінгі хандар мен төрелер ұрпақтарының жерленген орыны екен. Оның аумағы 1200 шаршы метр. Қорымның жай қазақтыкі емес нақ билеушілерге тән екендігі көптеген айғақтармен дәлелденіп отыр. Соның ішінде сол заманға тән шеберлікпен қаланған кірпіш, оның қалыңдығы, табылған асыл заттар және т.б. археологиялық ескерткіштер тек билеушілерге тән екендігі сөзсіз.

Он шаршы шақырымды алып жатқан осынау жерден кірпіш күйдіретін пештің, су жеткізетін шығырдың сілемдері табылған. Осы жазыққа археологиялық барлау жасағандағы спутниктік түсірілімдерді және пилотсыз ұшатын аппараттың көмегімен түсірілген аэрофотоларды сарымен салыстырып, саралай келе ғалымдар мұнда ежелгі өркениеттің іздері, қолдан суаратын ирригациялық құрылымдар, тоғандар мен арықтар болғандығы болжанып отыр. Экспедиция басшысы Тимур Смағұловтың айтуына қарағанда осы аймақта барлығы 7 мавзолей бар екен. Осының бәрі Орда хандарының бір ставкасы осы жерде болғаны және бұл аймақ мемлекеттің бір мәдени-саяси орталығы болғандығын көрсетеді. Мұның өзі, сайып келгенде, Солтүстік Қазақстан даласын мекендеген көшпелі тұрмыстағы халықтың белгілі бір орталығы, сол заманға тән қаласы да болғандығын айғақтап тұр. Кірпіштің жоғары сапасы да инженерлік ақыл-ойдың жетік болғандығына мысал бола алады. Табылған жаңалықтар академик Әлкей Марғұланның бір кезде айтқан қазақ даласында ауыз су жеткізілген ғана емес, сумен жылытылатын қалалар болды, оларда шаһар мәдениеті де қалыптасқан еді деген болжамдарына бір дәлел ретінде қарастырылып отыр.

Осы жаңалыққа байланысты бүгін Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов журналистер алдында мәлімдеме жасап, табылған қазба жаңалықтары Рухани жаңғыру бағдарламасына қосылған сүбелі үлес екенін және тарихи маңызы зор оқиға екенін атап өтті. Сонымен бірге ол қазба жұмыстарын жүргізу жалғастырылатынын,  басшылық тарапынан оған жан-жақты қолдау көрсетілетінін жеткізді.  «Биылғы қазба жұмыстары аяқталды, ал алдағы жазда археологтарға қанша қаражат керек екендігі есептеліп, оларға тиісті қаражат мөлшері, құрал-жабдықтар бөлінетін болады», деді ол.