Қазір дүкенге барсаң нан көп. Түрі-түрі толып тұр. Көп көрмейік. Молшылық деген осы. Өз таңдауыңа сай қалағанды ал да жей бер. Ал енді атауларына қараңызшы, міне, былай дейді: Бородинский черный хлеб, руский хлеб, семиречинский, пахомовский, грузинский, ярославская, новоукраинская, багета, фигурная, саячный, железнодорожный, южный, на сыво-ротке, столичный, президентский, батон, хала, лепешка, азербайжандық лаваш, ромашка, рулетка, домашний, белый хлеб, тройка, пекарский, сайка, мраморный деп тағыөсын тағылар тізіліп кете барады. Дәл бір Ресей жағында жүргендейсің.
Бүгін дүкенге барсам, сөреде тағы бір нан атауы пайда болыпты, ол татарский нан деп аталады екен. – Бұл нанның,– дейді сатушы күліп,– екінші аты-казанский, татарлардың рецептімен жасалған бұл нан өте дәмді алыңыз, ал казахский названиемен әзірге ондай нандар жоқ, — дейді күліп. Әрі қарап, бері қарап атауы қазақтың сөзімен аталатын бір бөлке де нан түрін таба алмадым. Сары бидайға толы астықты алқапты қазақтың кең даласы болмаса, бұлар қап-қап қып Бородино, Грузия жақтардан ұн тасып әкелген жоқ. Қасиетті дәм атаулыға, ас атасы нанға бәлен-түген деп соңғы уақытта астық көп, Қазақстанда нан жетеді деп мән-мағынасыз аттауларын қоя беретін болыпты. Сонда басқалар өз аттарын айғайлатып атап қойып, нандарын пісіріп жатқанда, қазақ нан пісіріп, нан жауып көрмеген бе?.. Пештен жаңа шыққан ыстық тоқаш жейміз деп талай аузымызды күйдіргенбіз бала кезімізде. Сол тоқаш деген атау қайда жоғалып кетті?.. Аппақ нанның қадір-қасиетін аялаған ауылдағы үлкендеріміз, шешелеріміз нанды пышақ тигізуге қимай, қолмен үзіп жейді. Ал, біз келіп сол қасиетті нанды мраморға теңеп, орыс тілінде сан түрлі атау береміз. Бұдан өсіп келе жатқан ұрпақ қазақ тілінде кейін нан деген сөз бар екенін ұмытып қала ма деп қарадай қорқасың кеп. Қайран қалып, ойланып қаласың. Наубайханалардан шығатын нанның аты-жөндерін қазақтың ел мен жерінің, даласының атына сәйкес атағандарын жергілікті әкімдіктер, тіл басқармалары назарға алса, бір реттеліп жөнделер еді. Мысалы, осы нан аттарын береке, дарқан, дастарқан, рақат, асыл, алтын, тамаша, ақ бидай, үлпілдек, шапағат, нұр деп тағы басқа да толып жатқан қазақтың сөздерімен атауға әбден болады. Береке, сары бидай көп, аста-төк деп молшылыққа белшесінен батқан кәсіпкерлер өздеріне пайда, табыс көзін тауып беріп отырған қазақтың жерінің қадіріне бас иіп, нан атауларын қазақ тілінде атағандары қажет.
Фарида БЫҚАЙ, Павлодар.