03 Қазан, 2019

Немқұрайлы болмасақ керек-ті

333 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

ХІХ ғасырда Солтүстік Америка құр­лы­ғын ат тұяғының дүбіріне бөлеген малшылар өткен. Бізге вестерн фильмдері арқылы жақсы таныс «ковбойлар». Олар ранчо иелерінің малын бағатын, табын-табын сиырды алыстағы жайылымдар­дан темір жол стансаларына айдап апара­тын. Олардың дәурені кәдімгідей Батыс мәдениетінде ковбой әндері, поэзия­сы, балладалары мен аңыздарын қа­лып­тас­тыр­ғаны бар.

Немқұрайлы болмасақ керек-ті

Ал сол кәсіп иелерінің бәсекеден тыс қалуына не себеп болғанын білесіз бе? Кәдімгі тікенді сым темір. Егіншілікпен айналысатын шаруалар өз жерлерін осы тікенді сымдармен қоршай бастады да, ковбойлардың кәсібі ақыры құрып тынды. Оларды ығыстырған темір жол да, өнеркәсіптің дамуы да, қару-жарақтың жетілгені де емес еді. Кәдімгі тікенді сым тұтас құрлықтың шаруашылық жүйесін өзгертіп, «Жабайы Батыстың» жойылуына себеп болғаны бар.

Бәлкім, ковбой мен тікенді сымның бізге не қатысы бар дейтін шығарсыз? Ондай сауалдың да ақылға қонымды екенін мойындаймыз. Біз тек халықтың тұрмысы мен шаруашылығын, бәлкім болмысын өзгертіп жіберуге кейде көзге ілмейтін ұсақ-түйек әсер етуі мүмкін екенін айтқымыз келген-ді. Өйткені біз өзгеріп бара жатқан тәріздіміз. Тым немқұрайлы болып кетіппіз. Иә, қоғамда ашулы, ішкі бұлқынысы жоғары топтар кездесіп жатады. Бірақ бәрібір немқұрайлымыз. Әсіресе әйел құқы мен балалардың қауіпсіздігіне келгенде қапы кететін тұстарымыз көп.

Қазір қазақстандықтар үшін қылмыспен, әйелдерге зорлық-зомбылық жасаушылармен күресу өзекті. Биыл тым көбейіп кеткен митингтердің басым бөлігінде жиналған топ осы мәселеге назар аудармады. Митингке шығатындардың зорлықшыларды жазалауды талап еткенін көрмедік. Тек феминистер мен құқық қорғаушылардың үні ғана ара-тұра естіліп жатады. Демек, «митинг романтикасымен» жүргендер, тіпті тұтас қоғам үшін әйел мен баланы, жасөспірім қыздарды зорлау қатардағы көп қылмыстың біріндей көрінетін тәрізді. Одан бөлек тұрмыстағы зорлық-зомбылық тағы бар. Ресми деректерге сүйенсек елімізде жылына 400-ден астам әйел еркектердің қолынан ажал құшады екен. Бұл тұрмыстық зорлық-зомбылықтың кесірі. 2010 жылдан бері полиция қызметкерлері отбасында «ойнақ салатындардан» әйелдерді қорғау үшін 800 мыңнан астам ұйғарым жазыпты. 2018 жылы отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық көлемі 103,7 пайызға жетіпті. Көбейіп кеткен. Бірақ биылғы бес айда отбасындағы зорлық-зомбылыққа қатысты тіркелген 8 мыңнан астам істегі «кейіпкерлердің» тек 2800-і ғана әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты. Өзгелері «ерлі-зайыптының арасына есі кеткен түседі» деп заң органдары қызметкерлерін отбасындағы ұрыс-керіске араластырудан бас тартса керек. Сөйтіп отбасындағы зорлық-зомбылыққа тосқауыл жасалмай келеді. Одан бөлек әйел мен жасөспірімдерді зорлау қылмысы да бар. Жуырда Павлодарда 15 жастағы қызын зорлаған адам ұсталды. Ол бұрын да өз қызын зорлап, түрмеге түскен екен. Бас прокуратураның Құқықтық статистика комитетінің деректеріне қарағанда биылғы 8 айда бала зорлаудың 119 дерегі ресми түрде тіркеліпті. Әйел зорлағандар саны тіптен көп. Міне, қоғам болып өре түрегелетін мәселеміз осы. Ал біз үшін мұндай өзекті мәселелер, қоғамдағы келеңсіз құбылыстар қалыпты дүниедей көрінетін болды. Сөйте тұра баланы мектепке апарып, әкелу үшін де жұмыстан рұқсат алып, жүгіріп жүреміз. Олардың қауіпсіз болғанын қалаймыз. «Бөтен адаммен сөйлеспе, жолама» дейміз. Зорлықшылардан ұрпағымызды қорғамақ болған амалымыздың бір түрі. Бірақ тамыр-таныс пен туған-туыстың бірінің баласы «қыз алып қашыпты» десе ондайды іштей ерлік санайтынымыз тағы бар. Уәж ретінде Иманжүсіптің әйгілі әнін немесе Қадыр Мырза Әлінің «...бір жақсысы – сүйгенін алып қашқан» деген өлең жолдарын айтуымыз мүмкін. Бірақ ол заман мен бұл заман бөлек екенін, қазақтың салтына балап жүрген қыз алып қашудың тікелей адам ұрлау қылмысы болып саналатынын ескермейміз. Өз тағдыр-талайымызда мұндай оқиғалар кездескен болса, оны ағаттық деп мойындауымыз да сирек. Әйтеуір, айыптамаймыз. Жыл басында бес бүлдіршін көз жұмғанда өре түрегелген белсенділігіміз байқалмайды. Қысқасы, тұрмыстағы зорлық-зомбылық пен қылмысқа ұсақ-түйек дүниедей қарайтын тәріздіміз. Ковбойларды ығыстырған тікенді сымдай көрінетін осынау «ұсақ-түйек» оқиғалар бізді өркениет көшінен қалып қоюға мәжбүрлеп, тамсана айтатын демократиялық һәм қауіпсіз қоғам құру мүмкіндігінен айыратынын аңғармай жүрміз-ау. Әйел мен баламыз көшеде еркін жүре алмайтын елге айналсақ, сөз бостандығы мен байлықтан, саясат айтқаннан пайда бола қояр ма екен?!..