Аймақтар • 03 Қазан, 2019

Өңірде қылмыс саны біршама азайған

336 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облыстық Полиция департаментінің бастығы Махсудхан Әбләзімов Ақсай қаласында халық алдында есеп берді.

Өңірде қылмыс саны біршама азайған

Батыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Махсудхан Әбіләзімов қызметтік іссапармен Бөрлі ауданының орталығы Ақсай қаласында болып, аудандық полиция бөлімінің жай-күйімен танысты. Генералдың мәлімдеуінше, жақында аудандық полиция бөлімінде қала көшелеріндегі бейнебақылау камераларын қадағалауға арналған жедел-басқару орталығы ашылмақ. Бөлімде түрлі сауалдарымен келген азаматтарды қабылдаған генерал Қарашығанақ кен орнындағы қауіпсіздік мәселесін де тексерді.

Ақсай қалалық Мәдениет үйінде өткен есептік кездесуде генерал-майор облыстағы ішкі істер органдарының биылғы 8 айда атқарған жұмысы туралы баяндады.

Департамент бастығының айтуын­ша, өңірде 8 ай ішінде жалпы тіркелген қылмыс саны 11,2%-ға, ал қылмыстың деңгейі 10 мың тұрғынға шаққанда 146-ға дейін немесе 20 позицияға азайған. Сонымен қатар орташа ауырлықтағы қылмыс саны да 20,9% -ға кеміген екен.

– Біздің департамент республика көлемінде ауыр және аса ауыр қылмыстарды ашу көрсеткіші бойынша 2-орында, ал ауырлығы онша емес қылмыс түрінің ашылу көрсеткіші бойынша 1-орында тұр. Бұл жетістікке облыс әкімдігінің және депутаттар корпусының белсенді әрі жан-жақты қолдау көрсетуі арқасында қол жеткіздік. Ішкі істер органдарының материалдық-техникалық базасы жақсартылып, заманауи байланыс құралдары, бірқатар инновациялық бағдарламалар сатып алынды, қол­данысқа енгізілді. Облыстағы кри­ми­ногендік ахуалды сауықтыру бойынша полиция бар күшін салып, өз міндетін одан әрі жалғастыратын болады, – деді полиция генерал-майоры.

Есеп беру барысында департамент басшысы облыстағы түрлі қылмыстар, ұрлық, қарақшылық шабуыл, адам зорлау фактісі, кісі өлтіру, жол-көлік оқиғалары, алаяқтық, есірт­кі­ге тәуелділік фактілері бойынша жеке-жеке тоқталып өтті.

Жиын соңында қала тұрғындары және бірқатар пәтер иелері ко­опе­ра­тивінің басшылары қаладағы бұза­қылық қылмыстар, жолдағы қауіп­сіз­дік мәселелері бойынша сұрақтар қойды.

Департамент басшысы қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету, Қазақстан Республикасы азамат­та­рының өмірі мен денсаулығын қор­ғау ісінде ішкі істер органдарына қол­дау көрсеткені үшін Бөрлі ауданына қарасты бірқатар ауыл әкімдеріне, «Қарашығанақ Петролеум оперейтинг Б.В.», «Азия Групп Секьюрити» компанияларының қызметкерлеріне алғыс хат табыс етті.

 Батыс Қазақстан облысы