Қазақстан • 03 Қазан, 2019

Бүгін - Түркі ынтымақтастығы күні

622 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесін құру туралы қол қойылған Нахчыван келісіміне биыл 10 жыл толып отыр.

 

Бүгін - Түркі ынтымақтастығы күні

2009 жылдың 3 қазанында Әзірбайжан Республикасының Нахчыван қаласында өткен Түркітілдес мемлекеттер басшыларының IX саммитінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев түркі дүниесін зерттейтін халықаралық ғылыми орталық құру туралы ұсыныс жасады. Бұл келісімнің қабылдануы түркі халықтарының бірлігін нығайтуды көздеген аймақтық һәм еларалық бірлестікті құруға негіз қалады. 

Түркі тілдес мемлекеттердің Ақсақалдар кеңесі ТМЫК аясында жұмыс істейтін, тұрақты түрде әрекет ететін консультативтік-кеңесші институт ретінде жұмыс атқарып келеді. Бауырлас елдердің ерікті түрде құрған бірегей халықаралық ғылыми ұйымы — «Халықаралық Түркі Академиясы» 2014 жылдың 28 тамызынан бастап халықаралық мәртебеге ие болды. 

Халықаралық Түркі Академиясы Түркі кеңесі, ТүркПА, ТҮРКСОЙ және ЮНЕСКО халықаралық ұйымымен, сондай-ақ Ислам тарихы, өнері мен мәдениетін зерттеу орталығымен (IRCICA) де әріптестік орнатты.

Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі тараптар арасындағы өзара сенім, достық пен тату көршілікті нығайтуды, өңірде және тұтас әлемде бейбітшілікті қолдау және қауіпсіздік пен сенімді арттыруды, сондай-ақ ортақ мүдде тудыратын сыртқы саяси мәселелер бойынша, оның ішінде халықаралық ұйымдар шеңберінде және халықаралық форумдарда ортақ көзқарасты іздестіруді, түркі халықтарының ұлы мәдени-тарихи мұрасын насихаттауды көздейді.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің екінші саммитінде: «Түркі Академиясының, Мәдени мұра қорының құрылуы біздің жастарымызды жақындастыру, ортақ мұраны зерделеу үшін тарих пен тілді бірлесіп үйренуге деген ықыласымызды білдіреді», деген болатын .