04 Қазан, 2019

Ұлттық дәстүр жоқ жерде намыс та болмайды!

476 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ұлттық дәстүр, өткеннің өнегесі ұлық­тал­маған жерде жетістікке де, жеңіске де жету қиын. Әсіресе спорт әлеміндегі ұлттық намыстың жөні бөлек. Ал аты ғана ұлттық болып, ішкі тірлігі бабалардың ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан өмір сүру дағдысын, танымын жоққа шығарар болса, осынау бейбіт заманға, азаттыққа жеткізген бабалардың ерлікке толы күрес жолына жасалған қиянат болып шықпай ма?!

Ұлттық дәстүр жоқ жерде намыс та болмайды!

Кеше Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев жақында күрес, бокс, ауыр атлетика спорт түрлерінен өткен әлем чемпио­наттарында ұлттық құрама командалардың көрсеткен нәтижелері бойынша кеңес өткізді.

«Нәтижелер көңіл көншітерлік емес. Бокс бойынша жалпыкомандалық үшінші орынды алдық, ауыр атлетика бойынша – 12-ші, күрес бойынша – 14-ші орындамыз. Тек бокс­шылардың жалғыз алтын медалі бар. Министр­лік, Ұлттық Олимпиада комитеті, федера­циялар мен демеушілер жеткілікті қолдау көрсетіп отыр. Онда неге нәтиже жоқ? Бейінді министрлік бұл жұмысты дұрыс үйлес­тіре алмай отыр. Спорт – бүтін бір елдің имиджі. Токиода өтетін Олимпия ойындарында жақсы нәтижелер көрсету үшін қателермен жұмыс істеңіздер. Уақыт аз қалды», деді Б.Сапарбаев.

Вице-премьердің айтатынындай-ақ бар, соңғы кезде отандық спорт түрлері бұрынғы жетістіктерді малданып келеді. Елімізде қазір спортқа қатысты барлық жағдай жасалған: мектептердегі алуан түрлі спорт секцияларын айтпаған күннің өзінде, бұрын-соңды болмаған спорт сарайлары, базалары, стадиондар, велотректер, алуан түрлі манеждер, теннис корттары бар. Тіпті халықаралық стандарттарға сай отандық боксшылардың дайындалатын іргелі орталығы да бар Алматыда. Құдайға шүкір, жаттығуға, халықаралық жарыстарға қатысуға қаржы да жеткілікті бөлінеді. Оның сыртында әлемдік додалардан жүлдемен оралғандарға мем­лекеттен берілетін сыйақыдан бөлек, об­лыс­тық әкімдіктер де өздерінің сый-сия­па­тын көр­се­теді. Бірақ спортшылардың жағдайына назар аударған сайын жетістіктері кері кетіп барады.

Кеңес Одағының дүрілдеп тұрған кезінде бойында ұлттық намысы тулаған Жақсылық Үшкемпіров КСРО түгілі төрткүл дүниені мойындатты. Олимпиада чемпионы болды, әлем чемпионы атанды. Ол кезде әлем чем­пионы атану түгілі КСРО чемпионы болу үлкен жетістік еді. Сондай-ақ қазақ халқы­ның басқа жұрттар арасында еңсесі биік, рухы асқақ болуына Әмин Тұяқов, Ғұс­ман Қосанов, Әбдісалан Нұрмаханов, Сейіл­да Байшақов, Тимур Сегізбаев, Құралбек Орда­баев, Серік Қонақбаев, Серік Нұрқазов, Дәулет Тұрлыханов және тағы басқа саңлақтар ерекше үлес қосты. Қазақстандағы ғана емес, қиырдағы қазақтардың рухын аспандатып, ұлттық мақтаныштың шоғын маздатты.

Астанада күрес түрлерінен өткен әлем чемпионатынан кейін Жақсылық көкем ренжіп сөйледі бір сұхбатында. Балуандарымыздың бір алтын ала алмағанына. Басқа елде болса бір сәрі, қазақтың бас қаласында өткен әлем чемпионатында бас жүлдеден құр қалғанымыз атақты балуанның намысына тиген еді.

Құдай-ау, күні кеше 2000 жылы Сидней Олимпиадасында «Ар-уа-аа-қ» деп аттандаған Ермахан Ибрайымовтың дауысы жаңғырып тұр әлі жадымызда. Сол жолы Ермахан мен Бекзат Саттарханов елдің әнұранын шырқатса, Болат Жұмаділов пен Мұхтархан Ділдабеков көк туды көкке желбіретті. Қазақ боксы ондай биікке қайта көтеріле алмай келеді. Айтпақшы, осы Олимпиаданың алдында Қазақстан бокс федерациясының президенті Нұрлан Балғымбаев қазақ жерінде өткен алқалы жиында әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған бокстың майын ішкен марғасқаларына қарата бүй деген-ді: «біздің жігіттердің соққысын асыра бағалаңыздар демеймін, ең бастысы өздеріне тиесілі, лайықты ғана бағасын берсеңіздер жетеді!» Осы сөзімен-ақ Өтептің ұлы төрткүл дүниеден жиналған төрешілерге ұлтының кесек мінезділігін көрсеткен-ді. Ал Сиднейде әділетті бағасын алған қазақ боксшылары биік белестен көрінді. Ұлттық дәстүрден қуат алған оғыландардың атой салған Олимпиадасы еді ол!

Қазір спорт саласы ұлттың рухын асқақта­та­тын, намысты ту қып көтеретін ордаға емес, керісінше ұлттық дәстүрге қырын қарай­тын­дардың ортасына айналып бара жатқандай. Өз ұстанымындағыларды спортқа баулу арқылы болашақ ұрпақ үлгі ететін тұлғалар шоғырын қалыптастыруды мұрат тұтқан идеология бар мұнда. Спорт идеология дегенге сенбейсіз бе? Идеология болғанда қандай! Халықты өзіне баурап алатын идеология. Сол идеологияның тізгіні діни бағыттағы тұлғалардың шылауында кеткен тәрізді бүгінде.

Бабаларының дәстүрлі жолынан алыстаған сайын ұлттық намыс та, ұлттық рух та әлсірей беретіні анық. Ұлттық намыс пен ұлттық рух әлсіресе жеңіс пен жетістіктің ауылы да алыс­тай түседі...