Аймақтар • 04 Қазан, 2019

Қала іргесі азық-түлік белдеуіне айналады

154 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Шымкентте жеміс пен көкөністі қайта өңдеу және консервілеу зауыты ашылды. «Дары Сайрама» ЖШС-нің жобалық құны – 350 млн теңге, сондай-ақ мемлекет бюджетінен 70 млн теңге субсидия берілген. Мұнда тұрақты 120 адам жұмыспен қамтылса, маусым кезінде 400-ге жуық жұмыс орны ашылады. Сонымен қатар серіктестік жанында 5 гектар қарқынды жүзім плантациясы мен 1 гектар жылыжай кешені бар. Зауытта шырын құю желісі, тосап өндіру, лечо, томат пастасы, консервіленген қияр, қызанақ, түрлі салаттар сынды басқа да өнімдер шығарылады.

Қала іргесі азық-түлік белдеуіне айналады

Жылына 10 миллион қалбыр консервіленген өнім шығаратын зауыттың жұмысымен қала әкімі Ерлан Айтаханов арнайы танысты. Отандық өнiмдерге сұранысты арттыру үшiн тауар сапасына көңiл бөлу керектiгiн айтқан шаһар басшысы қазіргі экономикалық жағдайда нарықта бәсекеге қабілеттілік өте маңызды екеніне тоқталды.

«Қала тұрғындары мен қонақ­тарын жергілікті азық-түлік тауарларымен қамтамасыз ету мақ­сатында азық-түлік белдеуі аймағында қажетті өндірісті құру, еліміздің өзге өңірлеріне өнім­дері­мізді тұрақты түрде жеткізуге жағдай жасау, азық-түлік бағасын бір жүйеге келтіру, жылыжай мәсе­лелері мен Шымкенттің сау­да инфрақұрылымын дамыту біздің негізгі міндеттеріміздің бірі»,  деді Ерлан Қуанышұлы. Сон­дай-ақ қала әкімі күніне
3 тон­на сүт өндіретін «Зертас» ша­руа қожалығын аралап көрді. Мұн­да 128 бас асыл тұқымды сүт­ті-етті бағыттағы ірі қарадан құралған мал шаруашылығы құ­рыл­ған. Тауарлы сүт фермасында 15 адам тұрақты жұмыспен қам­тылған.

Сүт өндіруді арттыру бағыты бойынша атқарылып жатқан жұ­мыстардың барысымен таныс­тырған салалық басқарма басшысы А.Қаныбеков қалада «Бәй­терек» шаруа қожалығы тауарлы сүт фермасының қуаты 100 бастан 400 басқа ұлғайтылғанын және осы сынды бірқатар жобалардың жүзеге асып жатқанын атап өтті. Бұдан бөлек, шаһарда 15 ша­ғын отбасылық сүт фермасы құрылған.

Ауылшаруашылық бағы­тын­дағы нысандарды аралау барысында қала басшысы «Ильяев» серіктестігінің жылыжай кеше­німен танысты. 2018 жылы жұ­мысын бастаған кешеннің көлемі – 2,2 гектар. Жылыжай заманауи құрылғылармен қамтылған. Ал серіктестік қожайындары елі­мізде бұл саламен айналысқан алғашқы кәсіпкерлердің бірі саналады.

Шаруа қожалықтың иелерімен сөйлесу барысында Ерлан Ай­та­ханов ауылшаруашылық саласын дамыту бойынша мемлекет тарапынан тиісті көмек көрсетілетінін айтып, шаруалардың ұсыныс­тарын тыңдады. Айта кетерлігі, биыл Шымкент қаласы өнер­кәсіптік жылыжай жобаларын іске асыруда республикада көш бастап келеді.

 

ШЫМКЕНТ