Ел Президенті Жолдаудың басқы бөлігінде Назарбаев моделін тегіннен-тегін атап отырған жоқ. Жолдауда Президент Елбасы ұсынған Бес бастама мен Ұлт жоспары басты әлеуметтік бағыт болып қала беретінін атап өтті. Сонымен бірге заман талабына сай тиімді мемлекет қандай бағытта дамитынын, бұл жолда не істеу керектігін, қазақтың жалпақ тілімен жеткізгенде, жіліктеп көрсетіп берді. Әсіресе, халық үніне құлақ түретін билік, кері байланыс, тұрғындардың өтініш-тілектеріне жылдам жауап қатып, тиімді шешім ұсыну туралы бастамалар дер кезінде көтерілген, ең маңызды мәселелердің бірі дер едім.
Осы орайда Мемлекет басшысы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы туралы жаңа міндет қойды. Бұл іс – тек атқарушы органдарға ғана емес, барша қазақстандықтарға ортақ. Өйткені бейбітшілікті басты ұстанымы еткен Қазақстан бәріміздің ортақ қара шаңырағымыз. Ал ондағы әрбір реформа ел мүддесіне, жарқын болашаққа арналған. Өкінішке қарай, мемлекет ұстанған көпвекторлы саясатты сынайтындар, негізсіз сөйлеп, халықты арандатуға дейін апаратын, тыныштығымыз бен тұтастығымызға сызат түсіргісі келетін жандар жоқ емес. Сондықтан елдегі тұрақтылықты сақтап, ең басты құндылығымыз – тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай қорғаймыз десек, өзара диалог пен келісімнің маңызы зор.
«Кеңесті ел – кемімес» дейді халық даналығы. Мемлекет басшысы азаматтық қоғам жұмысын жандандырып, халық пен билік арасында тығыз байланыс орнату үшін Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құрды. Мұндағы мақсат – маңызды мемлекеттік мәселелерді талқылауға азаматтық қоғам өкілдерін тартып, ортақ шешім шығару. Нәтижесінде, мемлекетке деген сенім нығаяды, халық арандатушы түрлі топтардың ізіне ермей, тұрақтылық пен тыныштықта өмір сүреді. Біз Жолдаудың әр сөйлемінде айтылған негізгі ойды халыққа түсіндіріп, ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы пікір білдіріп, үн қосуымыз қажет. Жолдау аясында берілген тапсырманың әрқайсысы маңызды және өз шеңберінде шешімін таппаған түйткілдері де бар. Мұндайда тиімді ұсыныс пен ұтқыр идея, әралуан пікір мен ашық талқылау, мәміле мен ортақ келісім басты орынға шығады. Президентіміз сенім кеңесімен бірге кері байланыс жұмысын күшейтуді тапсырды.
Байланыс құралдары қарыштап дамыған ХХІ ғасырда жергілікті атқарушы билік те ұтқыр жұмыс істеуі керек. Технология ғасырында тұрғындардың талап-тілегіне, арыз-шағымына үн қатпау, өтініштеріне жауап бермей, әрі-бері сабылтып қою дегеніміз – нағыз кертартпалықтың көрінісі. Бұл бүкіл мемлекеттік қызметке нұқсан келтіретін, еліміздің стратегиялық даму жоспарын тежейтін жауапсыздық деп есептеймін. Президент осындай түйткілдерді назарға ала отырып, тұрғындардың мұқтаждығына көңіл бөлетін арнайы бөлім құрылғанын айтты. Бұл болашақта кері байланыстың сапалы көрсеткіші болады деген ойдамын. Бөлімнің басты ескеретін дүниесі – жеделдік. Қысқасы, бөлімде азаматтардың өтініштері қаншалықты тез қаралатыны қадағаланады.
Президент қоғамдық диалогты, ашықтықты, адамдардың мұқтаждығына жедел назар аударуды негізгі басымдық ретінде көрсетті. Қазіргі таңда кері байланыстың тағы бір үлкен және ауқымды құралы ретінде ғаламтор мүмкіндігін айтар едім. Халық бұрынғыдай емес, бүгінде байланысы сын көтермейді дейтін ауылдық аймақтардың өзінде әлеуметтік желіде өте белсенді. Бейнеүзіктерге, пост жазбаларына шалғай жерлерден пікір жазып, қызу талқылап отырады. Сондықтан Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асқан әлеуметтік желілерге тіркелу жұмысы бірден-бір құптарлық іс. Сондай-ақ бұл аз уақытта өз нәтижесін беріп үлгерді де. Әлеуметтік желіде парақша ашқан облыс, қала, аудан және ауылдық округ әкімдері, түрлі мекеме басшылары тұрғындармен үнемі байланыста болып, жұмыла жұмыс жүргізуге бейімделді. Бүгінде әр әкімнің күнделікті жұмысымен кез келген тұрғын танысып, біліп отырады. Ол аз десеңіз, пікір жазып, әкімге ұсыныс-кеңес айта алады, өзінің өңірі жайлы бастамалар көтеруге мүмкіндігі бар. Меніңше, Жолдауда көтерілген кері байланыстың жарқын мысалы әлеуметтік желідегі белсенділік деп айтуға болады.
Мемлекет басшысы Жолдауда азаматтық қоғамның белсенділігін арттыру туралы айтты. Бұл ретте үкіметтік емес ұйымдардың беделін күшейту қажет. Үкіметтік емес ұйымдар дамыған демократиялы елдерде маңызды рөлге ие. Тіпті ауқымды мәселелердің тез шешімін табуына осындай ұйымдар түрткі болады. Ел Президенті Жолдауда Азаматтық қоғамды дамытудың 2025 жылға дейінгі Тұжырымдамасын әзірлеуді тапсырды. Тұжырымдама әрбір Қазақстан азаматының қоғамдық өмірдегі белсенділігін арттырып, жас ұрпақтың өзіндік ой-пікірін қалыптастыруына, заманауи мемлекетті мақтаныш ететін отаншылдық рухта тәрбиеленуіне үлкен септігін тигізері сөзсіз.
Нұрлан ҚЫЛЫШБАЕВ,
Сенат депутаты