Әлем • 04 Қазан, 2019

Үндістанда қазақстандық және үнділік бірлескен оқу-жаттығулар басталды

194 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Питхорагарх қаласына жақын жерде орналасқан әскери полигонда «Қаз-Инд-2019» қазақстандық және үнділік бірлескен оқу-жаттығулар басталды. Шара қарсаңында Үндістанға Қазақстан Құрлық әскерлері «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әскери қызметшілер жасағы келді. Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Үндістанда қазақстандық және үнділік бірлескен оқу-жаттығулар басталды

Екі апта бойы халықаралық жиынтық бөлімше құрамында 60 қазақстандық әскери қызметші үнді әріптестерімен тренингтерге қатысып, тәжірибе алмасып, тау жағдайында шартты заңсыз әскери құрылымдарды оқшаулау және жою бойынша іс-қимылдарды теорияда жүзінде зерттеп, іс-жүзінде пысықтайтын болады.

Қазіргі таңда оқу-жаттығуға қатысушылар, құрамында әр мемлекеттен 60 адам болатын қазақстандық және үнділік әскери қызметшілердің жиынтық бөлімшесін құруға кірісіп кетті.

Қазақстанның Құрлық әскерлері Бас қолбасшысы басқармасының жауынгерлік дайындықты ұйымдастыру басқармасы бастығы полковник Марат Әбдіхалықов үнді елінің қонақ жайлылығына алғыс айтып, сонымен қатар терроризмге қарсы күрестің жаңа тәсілдерін зерттеудегі оқу-жаттығу екі елдің әскери қызметшілеріне өлшеусіз пайда әкелетініне сенімділік білдірді.

Үнді Қарулы Күштерінің 111-ші жеке механикаландырылған бригада командирі генерал Мандэл, оның бөлімшесіндегі жауынгерлер бірлескен оқу-жаттығуларға қатысқанына, жаңа тәжірибе жинап және алмасатынына  қуанышты екенін айтты.

Оқу-жаттығу Қазақстан мен Үндістан Қорғаныс министрліктері арасындағы екі жақты ынтымақтастық жоспарын жүзеге асыру шеңберінде ұйымдастырылып отыр. Үнді еліне оқу-жаттығу барысын бақылауға Қазақстан Құрлық әскерлері Бас қолбасшысының орынбасары генерал-майор Дәулет Оспанов келеді деп жоспарланып отыр.

Бұл қазақстандық және үнді әскери қызметшілерінің бірлескен жұмысындағы бірінші кездесу емес екендігін айта кеткен жөн. «Қаз-Инд» алғашқы оқу-жаттығуы 2018 жылы Қазақстандағы гвардиялық гарнизонында өтті. Ол кездері бірлескен тәжірибелік іс-қимылдар барысында заңсыз әскери құрылымдармен күрес жөніндегі әскери іс-әрекеттердің бірыңғай алгоритмі пысықталды. Бірлескен жұмыста екі елдің әскери қызметшілері жақсы тәжірибе жинады.

Өткен жылғы «Қаз-Инд-2018» оқу-жаттығуына Қазақстанның атынан, қазіргі кезде Үндістандағы бірлескен жұмысқа қатысып жатқан «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әскери бөлімдері тартылды.