05 Қазан, 2019

Маңғыстаулық дәрігерлер емізік жұтқан 2 жасар балаға ота жасады

165 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Маңғыстау облыстық Денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, Жаңаөзен қаласының 2 жасар тұрғыны Абылайхан Сатыбалды ойнап отырып аузындағы емізікті (соска) жұтып қойған. Қақалған баланы ата-анасы шұғыл Маңғыстау облыстық балалар ауруханасына жеткізген. Ал бүлдіршін болса тоқтаусыз құсып, әлсіреп, денесі құрғай бастаған.  

Маңғыстаулық дәрігерлер емізік жұтқан 2 жасар балаға ота жасады

- Баланың бізге алғаш түскен кезде жағдайы ауыр болды. Себебі ішкен астың барлығын кері қайтарған. Бозарып, ас-су іше алмағасын, шөлдегені соншалық, баланың денесі құрғай бастаған. Ата-анасының рұқсатын алып, ота жасалды. Ота сәтті аяқталды, баланың қазіргі жағдайы жақсы, тамақ пен сусын ішіп жатыр. Менің 21 жылдық тәжірибемде осыған ұқсас жағдайлар болып тұратын. Көбіне тиын, пластикалық ойыншық, жұлдызшаны жұтып қойған баланың өңешінен алып жүрміз, - дейді Травмотология-ортопедия бөлімінің меңгерушісі, жоғары санатты балалар хирургы Құрман Қайранов.

Осындай жағдайды болдырмас үшін дәрігерлер ата-ана мұқият болса дегенді айтады, әсіресе, кішкентай баланың әрбір қимылын қадағалаған дұрыс.

Қазір кішкентай науқастың жағдайы жақсы, оның денсаулығына төніп тұрған қауіп жоқ. Жақын күндері 2 жасар Абылайхан Сатыбалды үйіне жіберіледі.

 

Маңғыстау облысы