Экономика • 07 Қазан, 2019

89 млн тонна мұнай өндіріледі

422 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Үкіметтің баспасөз орталығында өткен брифингте Энергетика бірінші вице-министрі Махамбет Досмұхамбетов мұнай-газ саласын дамытудың негізгі көрсеткіштері туралы айтып берді.

89 млн тонна мұнай өндіріледі

М.Досмұхамбетов атап өт­кен­дей, мұнай-газ саласын дамыту оң серпін көрсетіп отыр. Биыл мұнай өндіру жоспары 89 млн тонна болып белгіленді.

9 айда 66,8 млн тонна мұнай өндірілді. Соның ішінде үш ірі жобада 40,6 млн тонна, айталық, Қашағанда – 10,1 млн тонна, Теңізде – 22 млн тонна, Қара­шығанақта 8,5 млн тонна мұнай өндірілді.

Қашаған мен Теңіз кен орын­дарында жоспарланған күр­делі жөндеу жұмыстары сәтті аяқ­талды. Биыл 15 қыркүйектен бас­тап Қарашығанақтың негізгі өнді­рістік объектілерінде күр­делі жөндеу жұмыстары бас­талды. Өндіріс толығымен тоқ­та­тылды, жөндеу жұмыстары 13 қазанға дейін жалғасады. Өңдеу кешені, газды кері айдау компрессорлары, газды дайындау қондырғылары жөнделуде.

«Мұнай өндірудің осы қар­қыны биыл 89 млн тоннадан аса қара алтын өндіруге болаты­нын көрсетіп отыр», деді М.Дос­мұ­хам­бетов.

Мұнай өнімдерін өндіру са­ла­­сында 2018 жылы мұнай өң­­деу зауыттарында жаңғырту жұмысы аяқталған соң, өңдеу қуа­ты мен тереңдігі артты.

Үш зауытта мұнай өңдеу кө­лемі 12,7 млн тоннаны құрады, бұл өткен жылдың ұқсас кезеңіне қарағанда 5%-ға артық. Өткен жылмен салыстырғанда мұнай өнімдерін өндіру біршама өсті. Атап айтсақ, бензин бойынша 14%-ға, дизель отыны бойынша 11%-ға, әуе отыны бойынша 2 еседен астам.

Газ өндіру көлемі 41,9 млрд текше метрді құрады. Тауар­лық газ өндірісі 24,7 млрд текше метрге жетті. Энергетика минис­трлігінің ақпаратына сәйкес көтерме нарықта бағаның не­гіз­сіз өсуіне жол берілмеді, бұл халық үшін газ бағасының тұрақ­тылығын сақтауға мүмкіндік береді.

Мұнай-химия секторында битум өндіру 702 мың тоннаны құрады. Өндіру көлемі еліміздің жол саласының қажеттілігін толығымен қанағаттандырады. 2019 жылға арналған жоспар – 767 мың тонна. Атырау мұнай өңдеу зауытында осы жылдың 9 айы ішінде 107 мың тонна хош иісті көмірсутек (бензол, параксилол) өндірілді. Аталған өнім экспортқа бағдарланған. 2019 жылға арналған жоспар – 180 мың тонна. Ағымдағы жылдың тамыз айында Алматы облысында жағармай өндіретін зауыт пайдалануға берілді. Оның қуаты жылына – 100 мың тонна. Осы өндіріс ішкі нарықтың жағармайға деген қажеттілігін қамтамасыз етуге және жақын шетелге экспортты жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Брифингте бірінші вице-ми­нистр журналистер қойған бір­қатар сұраққа жауап берді. Оның айтуынша, қазір жөн­деу жұмыстары жүргізіліп жат­қан Қарашығанақ жобасына 25 млрд доллар инвестиция салынса, мұның 7 млрд доллары жер­гі­лікті сатып алуларға бағыт­тал­ған.

Сондай-ақ Сарыарқа газ құ­бырын тарту жұмыстары жүр­гізілуде. Жоба бойынша құбыр тартудан бөлек бес жерден 5 станса салынуы тиіс. Оның құрал-жабдықтары мен қондырғылары толық сатып алынған. Міне, осы жұмыстардың барлығы биыл желтоқсан айында аяқталуы тиіс. Мұнан әрі жеткізілген газ­ды тұтынушыларға дейін тара­ту үшін ішкі желілер іске қосы­луы керек. Бұл – жергілікті әкім­дік­тер міндетіндегі жұмыс.

Қашаған жобасын жүргізу үшін жол картасы әзірленуде. Жоба бойынша газ өңдейтін зауыт салынбақ. Қашаған жобасы алдағы уақытта кеңейтіледі. Жобаның қуаты, алдын ала есептеулер бойынша, бірте-бір­те күніне 500 мың баррель мұ­най өндіруге дейін жеткізілуі тиіс. Ал газ өңдейтін зауыт жы­лына 1 млрд текше метр тазар­тылған газ шығаратын бола­ды. Бұл ішкі нарыққа газ беру көлемін едәуір арттыра түс­пек. Инвесторлар қазір осы ба­ғыт­тағы жұмыстарды ақылдасуда.

Махамбет Досмұхамбетов қойылған сұраққа орай еліміз­дегі ең ірі үш жоба (Теңіз, Қа­ша­ған, Қарашығанақ) бойын­ша жұмыс істейтіндердің 90 пайызын қазақстандықтар құрай­тындығын айтып өтті. Соның ішінде Қашаған жобасы бойынша 3200 штаттық қызметкер бар. Мұның сыртында осы жобаға қызмет көрсететін мердігерлік ұйымдарда 7 мыңға тарта адам еңбек етеді. Олардың 90 пайызы қазақстандықтар.